"Реал" мен "Ливерпуль" 1/8 финалдағы бірінші ойындарында жеңіске жетті

О Сансызбай Корреспондент
"Реал" мен "Ливерпуль" 1/8 финалдағы бірінші ойындарында жеңіске жетті
Фото ©️ Reuters

Футболдан Чемпиондар лигасының 1/8 финалындағы ойындар жалғасуда. Мадридтің "Реалы" өз алаңында Париждің "ПСЖ" клубын ұтса, ағылшындық "Ливерпуль" сырт алаңда "Портуды" 5:0 есебімен тізе бүктірді.

БӨЛІСУ

Роналду Чемпиондар лигасында бір клуб сапында 100 гол соққан алғашқы ойыншы

"Сантьяго Бернабеу" стадионында өткен ойында корольдік клуб 3:1 есебімен жеңіске жетті. Бірінші болып қонақтар есеп ашқанмен, Зиннедин Зидан шәкірттері жеңіске бастар жолды таба білді. 33 минутта Адриен Рабьо Неймардың қалдырған пасынан кейін париждік команданы алға шығарды. Әйтсе де бірінші тайм аяқталғанша Роналду пенальтиден есеп теңестіре білді.

Ойынның аяқталуына 10 минутта уақыт қалғанда Исконың орнына Марко Асенсио шықты. Зиданның бұл ойыншы алмастыруы сәтті болды. Асенсио "Реалға" жеңіс сыйлаған голдардың соғылуына зор септігін тигізді. 83 минутта Роналду алдына келген допты тізесімен бағыттап, алаң иелерін алға шығарды. Араға 3 минут сала Марсело мадридтіктердің үшінші голын соқты.

Роналду ПСЖ клубына қарсы ойында жеке тағы бір рекорд орнатты. Ол Чемпиондар лигасында бір клуб сапында 100 гол соққан алғашқы ойыншы атанып отыр.

Қос команда арасындағы қарымта кездесу 7 наурыз күні өтеді.

Ағылшындық клубтардың адуыны мықты

Кеше "Манчестер Сити" сырт алаңда "Базельді" 4:0 есебімен ұтқан. "Тоттенхэм" де сырт алаңда туриндік "Ювентуспен" тең түскен. Ал түнде өткен ойында "Ливерпуль" де түзде "Портуды" 5:0 есебімен ойсырата ұтты.

"Драгау" стадионында өткен ойында Садио Маненің жұлдызы жанды. Ол үш гол соғып, хет-трик жасады. Мұхаммед Салах пен Роберто Фирмино бір-бір голдан соқты.

Командалар арасындағы қарымта кездесу 7 наурызда өтеді.

Чемпиондар лигасының 1/8 финалдағы қалған 4 ойыны келер аптаға жоспарланған. "Севилья" – "Манчестер Юнайтед", "Шахтер Донецк" – "Рома", "Челси" – "Барселона" мен "Бавария" – "Бешикташ" кездесулері өтеді.