Қазақстандық дзюдошылар Тунистегі Гран-При турнирінің жалпы есебінде бірінші орын алды

О Сансызбай Корреспондент
Қазақстандық дзюдошылар Тунистегі Гран-При турнирінің жалпы есебінде бірінші орын алды
Фото ©️ IJF

Дзюдодан Қазақстан құрамасы Тунистегі Гран-При турнирінде 2 алтын 3 қола медаль еншілеп, жалпыкомандалық есепте бірінші орын алды.

БӨЛІСУ

Жарыстың екінші күні (сенбі) 73 кг-ға дейінгі салмақта Жансай Смағұлов топ жарды. Ол алғашқы белдесуінде ресейлік Георгий Шмаковты, ширек финалда француз Акус Бенджаминді, жартылай финалда ирандық Мұхамед Мұхамедиді жеңіп шықты. Финалда косоволық дзюдошы Акил Кгожаковты иппонмен жеңді.

90 кг-ға дейінгі салмақта татамиге шыққан Ислам Бозбаев та қазақ елінің абыройын асырды. Алғашқы белдесуінде тунистік дзюдошы Жобран Анені, ширек финалда словак Петер Зилкадан айласын асырды. Жартылай финалда чех балуаны Дэвит Кламмерті жеңіп, финалға жолдама алды. Шешуші финалда отандасымыз венгриялық Тоц Кристианды таза жеңіспен ұтып, ел қоржынына екінші алтынды салды. Қазақстандық спортшы Гран-При турнирінде екінші рет жеңімпаз атанып отыр. Ислам 2013 жылы Алматыда өткен жарыста жеңімпаз атанған болатын.

Сондай-ақ Қазақстан құрамасы сапында Ғұсман Қырғызбаев (60 кг), Ерлан Серікжанов (66 кг) пен Виктор Демьяненко (-100 кг) қола жүлдегер атанды.

Жалпыкомандалық есепте Қазақстан құрамасынан кейін екінші орынға Украина құрамасы ие болды. Олар 2 алтын 2 қола медаль еншіледі. Ал жапондар 1 алтын 2 күміс 6 қола медальмен үштікті түйіндеді.