Новак Джокович «Australian Open» турнирінде бесінші рет топ жарды (видео)

О Сансызбай Корреспондент
Новак Джокович «Australian Open» турнирінде бесінші рет топ жарды (видео)

Үлкен теннистен әлем жұртшылығы көз тіккен Австралия ашық чемпионаты да мәресіне жетті. Ерлер арасындағы бәсекенің басты кездесуінде серб Новак Джокович бесінші рет жеңімпаз тұғырынан көрінді.

БӨЛІСУ

Мельбурнда өткен «Australian Open» турнирінің кездесулері биыл тартысты өтті. Ерлер арасында финалға британдық Энди Маррей мен серб Новак Джокович шықты. 3 сағат 44 минутқа созылған корттағы кездесуде әлемнің нөмірі бірінші ракеткасы үздік атанды. Бірінші сеттегі тай-брейкте Новак Джокович басым түссе, екінші сеттегі тай-брейкте Энди Маррей жеңіске жетті. Үшінші сетте серб теннисшісі 6:3 есебімен нәтижені өз пайдасына шешсе, төртінші сетте британдық теннисші бір геймде де басым түсе алмай ұтылды. Нәтижесінде Новак Джокович спорттық мансабында бесінші рет «Australian Open» турнирін жеңіп алды. Ол 2008, 2011, 2012 және 2013 жылдары топ жарған еді. Осыған дейін де Энди Марреймен екі рет финалда кездесіп, екеуінде де жеңген болатын.

Айта кетейік, кеше әйелдер арасындағы финалда Серена Уильямс (АҚШ) ресейлік Мария Шараповадан басым түсіп, жеңімпаз атанған еді. Жалпы 2015 жылғы Австралия ашық біріншілігі жанкүйерлер саны бойынша да рекорд орнатты. Барлық кездесулерді қоса есептегенде, ойындарды 703 899 жанкүйер тамашалаған.

Сурет: ausopen.com

Серена Уильямс «Australian Open» турнирін алтыншы рет жеңіп алды

Австралия – Азия кубогының жеңімпазы!