Сочиге баратын спортшылар тізімі шықты

О Сансызбай Корреспондент
Сочиге баратын спортшылар тізімі шықты

Сочиде өтетін ХХІІ қысқы Олимпиада ойындарында ел намысын қорғайтын спортшылардың тізімі белгілі болды. Қазақстан құрамасы 58 спортшымен спорттың 11 түрінен сынға түседі.

БӨЛІСУ

Нақтырақ айтатын болсақ, айтулы додада еліміздің үкілеп қосқан үміттері шаңғы жарысы, конькимен жүгіру, мәнерлеп сырғанау, шорт-трек, фристайл, биатлон, шана спорты, тау шаңғысы, шаңғы қоссайысы, сноуборд және тұғырдан шаңғымен секіру секілді спорт түрлерінде бақ сынайды.

Шаңғы жарысынан 14 спортшы сынға түседі. Ерлерден Ердос Ахмадиев, Алексей Полторанин, Николай Чеботько, Марк Старостин, Евгений Величко, Сергей Черепанов, Александр Малышев және Денис Волотка тізімге іліксе, әйелдерден Марина Матросова, Елена Коломина, Анна Шевченко, Татьяна Осипова, Виктория Ланчакова және Анна Стоян жарыс жолына шығады. Жерлестеріміз осы спорт түрінен бірнеше жүлде күтетіні анық.

Конькимен жүгіруден 6 спортшы ел намысын қорғайды. Денис Кузин, Дмитрий Бабенко, Роман Креч, Александр Жигин, Федор Мезенцев жүлделерге қол созса, әйелдерден Екатерина Айдова сынға түседі.

Мәнерлеп сырғанаудан жанкүйерлер Абзал Рақымғалиев пен Денис Теннің өнеріне үміт артады.

Шорт-тректен ерлер арасында Айдар Бекжанов, Нұрберген Жұмағазиев, Абзал Ажғалиев, Артур Сұлтанғалиев, Денис Никишин бақ сынаса, әйелдерден Инна Симонова жарыс жолына шығады.

Биатлон бәсекесіне 10 спортшымыз қатысады. Ерлер арасында Диас Кенешев, Ян Савицкий, Сергей Наумик, Антон Пантов, Александр Трифоновқа үміт артсақ,  әйелдер арасындағы сында  Елена Хрусталева, Марина Лебедева, Дарья Усанова, Алина Райкова және Галина Вишневскаядан жүлде күтетін боламыз.

Фристайл бойынша 6 спортшыға сенім артамыз. Ерлерден могул бойынша Дмитрий Рейхерд, акробатика сынында Сергей Берестовский қатысады. Ал әйелдер арасынан могул бойынша Юлия Галышева мен Дарья Рыбалова, акробатика бойынша Жібек Арапбаева мен Жанбота Алдабергенова жүлдеге таласып көрмек.

Тау шаңғысы спортынан Игорь Закурдаев, Дмитрий Кошкин және Мартин Хубер және Екатерина Черепанова бақ сынайды. Шаңғы қоссайысынан Сергей Шарабаев, сноубордтан Валерия Цой қатысады.

Шана спортынан жерлестеріміз 6 спортшымызға жанкүйерлік танытады. Ерлер тартысында Артур Байбачинов, Сергей Коржнев, Юрий Веселов, Иван Макивчук өнер көрсетсе, ал әйелдер арасынан Елизавета Аксенова, Татьяна Невзорова қатысады.

Тұғырдан шаңғымен секіруден Марат Жапаров пен Алексей Пчелинцев намысты қолдан бермейді деген үміттеміз.

Естеріңізге сала кетсек, осыған дейін хабарлағанымыздай қысқы Олимпиадада еліміздің Туын шаңғышы Ердос Ахмадиев көтеріп шығады. Сочи аламаны 7 ақпан күні салтанатты түрде ашылып, 23 ақпан күні мәресіне жетеді. Барлығы 98 медальдар жиынтығы сарапқа салынатын болады.

Бір айта кететіні, бұл берілген тізім "Қазақстан" телеарнасының түзген мәліметі бойынша жинақталған. Vesti.kz сайты ақпараты бойынша, Қазақстан Республикасы дене шынықтыру және спорт министрлігі ресми тізімді 27 қаңтар күні жариялайтыны белгілі болды.

Дайындаған: Өмірбек Сансызбай

Сурет: olympic.ru