Қуыршақ театры: жаңа бағыт, жанды кейіпкер, әмбебап ұжым
Мемлекеттік қуыршақ театры жұмысын 1935 жылы бастады. Театр ордасы таяқ қуыршақтан бастап, бүгінгі заман ағымына сай күрделі марионеткалар, соңғы үлгідегі техникалық-лазерлі көркемдеулермен жабдықталған ауқымды мәдени ортаға айналды.
Қазақтың қуыршақ өнерін дамытуды мұрат тұтқан ұлттық өнер ұжымы – халықаралық және республикалық театр фестивалдерінде жиі топ жарып жүрген ұжым. Ұрпақ тәрбиесін қолға алған театр репертуарында 30-дан астам қойылым бар. Театрдың үлкен және кіші залдарында күніне төрт-бес қойылымға дейін сахналанады.
ҚОС ТІЛДЕ ӨНЕР КӨРСЕТЕДІ
Есеналиев Талғат Қамқабайұлы
Мемлекеттік қуыршақ театры директоры
ҚР мәдениет қайраткері
"Үздік менеджер"
ҚР мәдениет қайраткері
"Үздік менеджер"
Театр репертуарына көз жүгіртсем, көбі орыс тілінен аударылып сахналанатын спектакльдер екенін байқадым. Мұндай қойылымдар қазақ көрермендерін қызықтыра қоймасы анық. Содан көркемдік кеңеспен және жас режиссерлармен бірлесе отырып, қазақша қойылымдар жаза бастадық. Қазіргі таңда Қуыршақтар театры қазақ және орыс тілінде бірдей спектакль қоятын қос тілді театр атанып отыр. Кішкентай көрермендермен қатар ересек көрермендер үшін де қойылым сахналауды жолға қойдық. Өйткені баланың ата-анасымен, апа-әжесімен бірге жүретіні белгілі. Театрға ересектер келсе, баласын да ерте келетіні анық. Мәселен, орыс көрермендері театрға жанұясымен кеп қойылым тамашалайды. Содан қазақ көрермендерін театрға тарту үшін қазақ тілінде балаға да, ересекке де арнап қойылымдар қоя бастадық. Мұндай бастама театр тарихында болмаған.
Қазақ көрермендерінің көбі қаланың шеткі аудандарында тұрады. Оларға театрға келіп-кету ыңғайлы болу үшін қойылым уақыты түскі және кешкі уақыттарға қойылды.
Қазіргі уақытта театр репертуарында ересек көрермендерге арналған 7 қойылым бар. Жақын арада Шәмші Қалдаяқовқа арналған спектакль қоржынға қосылмақ.
Қазіргі уақытта театр репертуарында ересек көрермендерге арналған 7 қойылым бар. Жақын арада Шәмші Қалдаяқовқа арналған спектакль қоржынға қосылмақ.
Қазақ көрермендерін театрға тарту үшін хайуанаттар бағы мен сауда орталықтарында қойылым қоюды әдетке айналдырдық. Бұл жерде бүгін қойылым көрген жандар ертең театрға келіп нағыз сахнаны сезінуі керек
ДЕМАЛЫССЫЗ ТЕАТР
Қуыршақ театры – елімізде жаз кезінде жұмыс жасайтын жалғыз театр. Елдегі өнер ұжымдары шілде мен қыркүйек аралығында демалысқа кетіп, маусымды жапса, Қуыршақ театры маусымды екі-үш күнге ғана жабабалды да, жаз бойына талмай еңбек етеді.
Жазда қалаға келетін қонақ көбейеді. Елдің шет-шетінен, шетелден келетіндер бар. Олар оңтүстік астананың мәдени ошақтарына барғысы келеді. Бірақ көбі жабық. Содан халық мәдени орындарға бара алмай өнерге сусап жүреді. Сондықтан біз жазды толық көрермендерге арнайық деп шештік.
ҚУЫРШАҚ АНАТОМИЯСЫ
Қуыршақ жасайтын цех екі бөліктен тұрады. Бірі – шеберхана болса, екіншісі – тігінхана. Шеберханада қуыршақтың қаңқасы мен тұрпат-пошымы жасалып шықса, тігінханада қуыршақтың киімдері тігіледі.
Цехта қуыршақтар ерітіліп, күйдіріліп, балқытылып, түрлі химиялық әдістер арқылы жасалады.
Қуыршақ эскизі
Ең алдымен, қуыршақтың эскизі дайындалады. Оны суретшілер мен көркемдік кеңес әзірлейді.
01
Қуыршақ бейнесі
Кейін қуыршақтың бет-жүзі газетті-картон қоспасы арқылы арнайы бетпошымға құйылып формаға келтіріледі, пішіні ермексаздан жасалады.
02
Бояу
Бастың формасы қатқан соң, сыртын сылайды. Тазалап, кейін майлайды. Бас формасы бояуға дайын болған кезде эскизге сәйкес боялады.
03
Қазіргі қуыршақтардың бет-әлпеті анимациялық фильмдердегі кейіпкерлерге ұқсатылып жасалады. Яғни, көзі дәу, қарашығы қара, қасы қалың етіп боялады. Мұндай кейіпкерлерді жасауға біраз уақыт кетті. Басында қазақтың бет-әлпеті сай келетіндей бейне шығара алмай қиналдық. Біраз тәжірибе жасау арқылы қазаққа ұқсас қуыршақты жасауға әйтеу таптық. Қазір сол трафаретпен қуыршақ жасап жатырмыз.
Бәрі қуыршақтың жасалу механизміне байланысты. Бір қуыршақты бір әртіс қана ұстап жүреді деген сөз жоқ, бірнеше әртіс қатар ұстайтын, ойнататын сәттері болады. Мәселен, Ғарифолла Құрманғалиевті 3 әртіс қатар ұстап "ойнатса", Роза Бағланованы 2 адам "ойнатады". Ал Абайдың қуыршағын 5 адам жүргізеді.
Қуыршақтардың арасында ең күрделісі – марионеткалар, яғни, жіп қуыршақтар. Оның 4-тен бастап 44-ке дейін жібі болуы мүмкін. Қасы-көзінен бастап, башпайына дейін қозғалатын қуыршақтар. Бірақ бір қызығы, мұндай күрделі қуыршақты бір ғана әртіс алып жүреді.
Бір қойылымның өзінде бір әртіс бірнеше қуыршақтың рөлін ойнайтын сәттері болады. Ол жағынан әртістеріміз әмбебап. Төрт-бес рөлге дейін сомдай береді. Мәселен, драма театрдың әртістері қойылымда бір рөлді ойнап шықса, қуыршақ театрының әртістері бірнеше рөлді сомдап шыға алады.
Қуыршақтардың арасында ең күрделісі – марионеткалар, яғни, жіп қуыршақтар. Оның 4-тен бастап 44-ке дейін жібі болуы мүмкін. Қасы-көзінен бастап, башпайына дейін қозғалатын қуыршақтар. Бірақ бір қызығы, мұндай күрделі қуыршақты бір ғана әртіс алып жүреді.
Бір қойылымның өзінде бір әртіс бірнеше қуыршақтың рөлін ойнайтын сәттері болады. Ол жағынан әртістеріміз әмбебап. Төрт-бес рөлге дейін сомдай береді. Мәселен, драма театрдың әртістері қойылымда бір рөлді ойнап шықса, қуыршақ театрының әртістері бірнеше рөлді сомдап шыға алады.
БАЛАЛАР ТЕАТРМЕН КІШКЕНТАЙЫНАН ТАНЫСҚАНЫ ЖӨН
Театрдың басты мақсаты – өскелең ұрпаққа рухани тәрбие беру. Театр репертуарындағы қойылымдар балаларды ізгілік, адамгершілік пен әдеп сынды жақсы қасиеттерге баулиды. Достыққа, ата-ананы сыйлауға үйретеді.
“
Балалардың қуыршаққа деген қызығушылығы зор. Қойылым біткеннен кейін сахнаның сыртына шығып қуыршақпен суретке түсуге қызығып келеді. Әсіресе, ескі қуыршақтарға қатты қызығады. Мультфильм мен анимациялық фильмдердегі жасанды кейіпкерлерден шаршағаны көрініп тұрады.
Қуыршақ театры өнерде орны ерекше, өмірде қызығары мол сахна. Адам жадындағы бейнені жансыз қуыршаққа беріп, жанды кейіпкерге айналдырған өнер ордасы көрерменнің ықыласына бөленуде. Жаңа бағыттың сүрлеуін салып, тың ізденістерге жол салып жүрген ұжымға шығармашылық табыс пен мол жетістік тілейміз!
ӘҢГІМЕЛЕСКЕН
Қымбат Слямбеков
Контент-менеджер
Томирис Есқали
Контент-менеджер