Майданда болған қазақ қаламгерлері
Қалам мен қаруды қатар ұстаған қазақ ақын-жазушылары аз емес. Сұрапыл соғыстың қақ ортасында жүріп, қан майданда ажалмен бетпе-бет келсе де берілген емес. Қайта қалың жұртты қанаттандырып, жалынды жырларымен, орамды ойларымен жауынгерлердің рухын көтерді.
Жауынгерлік тақырыбы қазақ әдебиетіне бұрыннан да жат емес еді. Қаһармандық эпос пен әрқилы жаулаушылық кезінде туған халықтық лириканың үлгілері де болған. Бірақ мынандай төтен соғысты қазақ халқы басынан кешірмеген-ді. Сондықтан жаңа дүниежүзілік соғыс жағдайында әдебиетті дамыту оған жаңа мазмұн, жаңа сапа беру бағытында жүруі керек болды.

Серік Қирабаев
филология ғылымының докторы, профессор
Екінші дүниежүзілік соғыс қазақ ақын-жазушыларының шығармашылығына едәуір әсер етті. Жауынгерлік тақырыпқа елде болып та, майдан алаңында жүріп те қалам тербеген қазақ қаламгерлері аз болған жоқ. Тіпті көбі бұрыннан жазып жүрген, әбден зерттеп білген тақырыптарын да тоқтата тұрды. Себебі фашизмнің басқыншы саясаты мен жауыздығын әшкерелеу, халықты оған өшпенділікке, кек алуға шақыру қажеттігі туды. Бұл туралы да филология ғылымының докторы, профессор Серік Қирабаев «Кеңес дәуіріндегі қазақ әдебиеті» атты оқу құралында жаза кетеді.
Соғыс кезіндегі қазақ әдебиетін жасауға қаламгерлердің барлық ұрпағы қатысты. Бұл кезде елде С.Мұқанов, М.Әуезов, Ғ.Мүсірепов, Ғ.Мұстафин, Ғ.Орманов, А.Тоқмағанбетов, Ә.Тәжібаев, Ш.Хұсайынов, Ә.Әбішев, М.Хакімжанова еңбек етті.

Т.Жароков, Ж.Саин, Ә.Сәрсенбаев, Д.Әбілев, А.Жұмағалиев, Қ.Аманжолов, Қ.Әбдіқадыров, Қ.Бекхожин, Б.Бұлқышев, Б.Момышұлы, С.Омаров қолына қару алып, майданға аттанды.

Бұларға майдан газеттерінің беттерінде жарияланған жауынгер жырларымен танылған жаңа ұрпақ өкілдері С.Мәуленов, Х.Ерғалиев, Ж.Молдағалиев, С.Сеитов сияқты ақындар келіп қосылды.

Халық поэзиясының өкілдері Жамбыл, Нұрпейіс Байғанин, Кенен Әзірбаев, Шашубай Қошқарбаев, Нұрлыбек Баймұратов, Нартай Бекежанов, Доскей Әлімбаев, тағы басқалары өздерінің отаншылдық рухтағы жыр-толғауларын шығарды. Қазақ әдебиетінің осы секілді әр тобынан құралған қалам иелері бір мақсатқа жұмылып, әдебиеттің алдына соғыс шындығы қойған міндетті атқаруға кірісті.
Қалам мен қаруды қатар ұстағандар
Бауыржан Момышұлы
(1910 – 1982)


Кеңес одағының батыры, жазушы, Екінші дүниежүзілік соғыстың даңқты жауынгері, әскери қолбасшы, стратег және тактик.

Батыс майданындағы 16 армияның 316 (1941 жылдың қарашасынан бастап 8-гвардиялық Қызылту атқыштар дивизиясы 1073 атқыштар полкінің (1941 жылдың қарашасынан 19 Гвардия полкі) және батальон командирі. Ұлы Отан соғысына генерал-майор И.В. Панфилов басқарған әйгілі дивизиясының құрамында 1941 жылдың қыркүйек айынан бастап қатысты. Батальон командирі ретінде аға лейтенант Бауыржан Момышұлы Москва үшін шайқаста 207 рет ұрысқа қатысты. 1941 жылдың 16-18 қараша күндері вермахтың Мәскеу бағытында екінші мәрте жасаған жорығы кезінде аға лейтенант Момышұлы басқарған батальон дивизиядан қашықта, Матронино деревнясының жанында Волоколам тасжолында асқан ерлікпен ұрыс жүргізді. Білікті комбаттың басшылығы арқасында 3 күн бойы фашистер шабуылын тойтарып, батальон үлкен шығынсыз, ұрысқа қабілетті жағдайда қоршаудан шығады.

Соғыстан кейін Бауыржан Момышұлы Совет Армиясы Бас штабының Жоғары әскери академиясын бітіреді. Әскери-педагогикалық жұмыспен айналасып, Совет Армиясы әскери академиясында сабақ береді. 1956 жылы полковник атағымен отставкаға шыққан Бауыржан біржола шығармашылық жұмыспен айналысады. Ол қазақ және орыс тілдерінде бірдей жазып, өз өмірінде көрген-білгендерін арқау етеді. Оның қаламынан туған, өмір шындығын арқау еткен тамаша романы мен әңгіме, повестері қалың оқушының іздеп оқитын шығармаларына айналады. Олар бірнеше қайтара басылып шығады.
Қасым Аманжолов (1911 – 1955)

1911 жылы 10 қазанда қазіргі Қарағанды облысының Қарқаралы ауданындағы Қызыларай қыстауында дүниеге келген.

Ақын 1941 жылы армия қатарына шақырылады. Сол қарсаңда "Мазасыз музыка", "Қоштасу", "Бейсекештің бес ұлы" секілді әсерлі, сыршыл сезімге толы, лепті өлеңдерін жазады. 1941-1943 жылдары Қиыр Шығыста болған Қасым 1943 жылы батыстағы майданға ауыстырылады, содан соғыс аяқталғанға дейін "қанды қырғын, қып-қызыл өрттің ішінде" болады. Намыскер, өр, қайсар Қасым жауынгерлік міндетін жан аямай атқарады, абыройлы болады. Қиыр Шығыс пен батыстағы майдан аралығындағы ұзақ сапар, атамекен – Қазақстанын қақ жарып өтетін жол әсершіл, ұшқыр қиялды ақын жанын қатты тебірентеді. Соның нәтижесінде "Орал", "Сарыарқа", "Байкал", "Өтіп бара жатырмын" тәрізді тек Қасымның ғана емес, сол кездегі бүкіл қазақ поэзиясынық жетістігі болып саналатын өлеңдері дүниеге келеді.

Соғыс майданында жүріп Қасым көптеген лирикалы өлең жазған. "Үстімде сұр шинелім", "Мартбек", "Жеңіс дауысы", "Орал", "Ертіс", "Сибирь", "Сарыарқа" сияқты өлеңдері туған жердің сыр-сипатын, сұлулық бейнесін, соғыс өмірін суреттейді. Ал "Елге хат", "Достар қайда жүрсіңдер?", "Ағайға" деген өлеңдері туған елді, дос жорандарын, ағайын-туыстарын сағынған солдаттың сезім дүниесін жырлайды.

1943 жылғы сұрапыл кезеңде дүниеге келген Қасымның бір ерекше, өлмес туындысы – "Ақын өлімі туралы аңыз" атты поэма. Бұл поэма Қасымның атын аспандатып, ақындық даңқын шырқау шыңға шығарған тұлғалы туынды. Бұл поэма Ұлы Отан соғысының майданында жаудың қоршауында қалып қойып, ерлікпен қаза тапқан Қасымның жақын досы, жас ақын А.Жұмағалиев туралы.

Көкшетау облысы, Арықбалық ауданы, «Баян» көлінің жағасында туған. Жастайынан жетім қалып, балалар үйінде тәрбиеленген.

1941–1944 жж. арасында Ұлы Отан соғысы майданында болып, Украинада партизандар отрядын басқарған. Отан қорғау жолында көрсеткен жауынгерлік ерліктері үшін медальдармен марапатталған.

Ақынның соғыс кезінде жазылған өлең-толғаулары 1944 жылы «Жорық жырлары» деген атпен екі тілде (қазақша және орысша) басылып шыққан.
Жұмағали Саин
(1912 - 1961)
Павлодар облысы, Баянауыл өлкесінде әулиелі Қызыл тауда дүниеге келген.

1942 жылдан 1946 жылдың ақпанына дейін әскери журналист ретінде соғыста жүрді. Бұған дейін ол артиллерия мектебінде оқып, саяси құрам курсының студенті болған. Ол әскери журналист болып жүріп, майдан туралы хабарлар жазып, жауынгерлердің рухын қолдап, олардың жеңіске деген сенімдерін нығайтты. Соғыс кезінде ол «Біздің Қошқарбай», «Досымның есінде», «Әпкеме», «Қайта ашылған гүл» және басқа да өлеңдерін жазды. 1941 жылы «Александр Невский» және «Жиырма сегіз» поэмалары жарық көрді.

Қалижан Бекхожин
(1913 – 1990)
Ақмола облысындағы Атбасар қаласында дүниеге келген.

1940 жылы институтты аман-есен аяқтап, Жезқазғанға жұмысқа жіберілген. Сол жылы күзде Қызыл әскер қатарына шақырылтып, Рига әскери-саяси училищесінде оқып, соғысқа аттанды. 1942 жылы қатта жарақаттанып, госпитальге түсіп, бір жылдан соң мүгедек болып елге оралды.
Ілияс Есенберлин
(1915 – 1983)
Мәлік Ғабдуллин
Ақмола облысы, Зеренді ауданына қарасты Қойсалған ауылында дүниеге келген. Жазушы, әдебиет зерттеуші, қоғам қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор.

1941 жылы Ұлы Отан соғысы басталғанда, алғашқылардың бірі болып өз еркімен майданға аттанады. 1941 жылдың қыркүйегінен бастап, соғыстың соңына дейін Отанды қорғау борышын абыроймен атқарады. Аға политрук болады. Майданда И.В. Панфилов атындағы 8-гвардиялық дивизияда шайқасады. 1942 жылы Новгород облысына қарасты Холм қаласының маңында болған ұрыста Мәлік солдаттардың біразына басшылық етеді. Ол басқарған сарбаздар фашистердің тісіне дейін қаруланған әскеріне тойтара соққы береді. Кескілескен ұрыстың нәтижесінде жаудың екі танкісін гранатамен жарып, жаудың 12 солдатын тұтқынға алады. Ұрыс кезінде Мәлік Ғабдуллин жарақат алады. Алған жарақатына қарамастан, жауға қарсы оқ боратады. Осы ерлігі үшін КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен 1943 жылдың 30 қаңтарында Мәлікке "Кеңес Одағының Батыры" атағы берілді. Бұл атақпен қоса, Ленин ордені және «Золотая Звезда» медалі де берілді.
Қасым Қайсенов
Аты аңызға айналған партизан, көрнекті жазушы, қазақ әдебиетіндегі партизан тақырыбының негізін қалаушы, «Халық қаһарманы» Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданының Асу-Бұлақ ауылында қарапайым еңбекші отбасында дүниеге келген.

1939 жылы оны бітірген соң әскери-барлау мектебіне жіберіледі, 1941 жылы қараша айында осы мектепті бітірген бойда, Оңтүстік-Батыс майданының штабына жөнелтіледі. Арнайы тапсырма бойынша Украинаның басқыншылар қолында қалған жеріне жіберіледі. Ол жерде Қасым Қайсенов В.И.Чапаев атындағы партизан құрамасының үшінші отрядын басқарады. Молдавия, Украинаның Закарпатье бөлігі, Чехословакия және Румыния жеріндегі ұрыстарға қатысады. Әскери мұрағаттар Қасым Қайсенов туралы маңызды тарихи оқиғаларға толы. Кеңес жері фашист басқыншыларынан азат етілген соң 1945 жылдың басында Отанына оралып, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумы аппаратын басқарады, содан кейін Жамбыл облысының Жуалы, Свердлов аудандарында атқару комитеттері төрағаларының орынбасары ретінде жұмыс істеген.
Әзілхан Нұршайықов
Шығыс Қазақстан облысы, Жарма ауданы, Ақбұзау ауылында дүниеге келген.

1941 – 1945 жылдары — Қызыл әскер қатарында соғысқа қатысты. Өлеңдері, әңгімелері мен очерктері майдандық, республикалық, облыстық газеттерде басылды. Соғыстан кейін ҚазМУ-ды бітірген.
Қан майданда қаза болған қаламгерлер
Тәшібай Әлмұхамбетов (1910 – 1943)
Торғай өңіріндегі Бастау деген жерде дүниеге келген. Балалық шағын Ұлытау, Қарсақпай, Жезқазған атырабында өткізеді.

Тәшібай Әлмұхамбетов бір топ қазақ жазушылары сапында 1942 жылы Ұлы Отан соғысына аттанды. Майдан ортасында жүріп те қалам, қағазын лақтырып тастамады. Соғыс жырлары топырлап туындап жатты. Кеудеде тулаған жыр, көз алдында сұрапыл соғыс. 1944 жылы жауынгер жазушы Дон өзені бойындағы қиян-кескі ұрыста ауыр жарақаттанып, Қазан госпиталына түсті. Бар болғаны 33 жасында көз жұмды. Қазір Ұлы Отан соғысында ерлікпен қаза тапқан ақын- жазушылармен бірге Тәшібай есімі де Қазақстан жазушыларының үйіндегі ескерткіш тақтада алтын әріптермен жазулы.

Ақынның «Маяк», «Ұмытпаймыз, Серго, сені», «Қас ерліктің белгісі», «Гранат» деп ат қойып, айдар таққан өлеңдері түгелдей майдан тынысынан сыр шертеді. Өзге тақырыптағы «Туған жерге», «Тракторшы қыз», «Күзеттегі келіншек», «Ана аманаты», «Отан» жырлары да терең тебіреністен, тоқсан толғаныстан, ып-ыстық сүйіспеншіліктен туындаған елеулі еңбектер.
Абдолла Жұмағалиев (1915 – 1942)
Батыс Қазақстан облысында туған. Қазақ педагогикалық институтын (қазіргі Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық институт) бітірген.

1938-1939 жылдары Қызылорда сауда техникумында оқытушы, Қазақстан мемлекеттік көркем әдебиет (қазіргі «Жазушы) баспасында редактор болған. 1936 жылдан жұртшылыққа ақын ретінде таныла бастаған. Өлеңдері, поэмалары республикалық, облыстық басылымдарда жарияланып тұрды. Оның шығармалары өршіл пафос пен нәзік те сыршыл лиризмге толы. «Таңдамалы өлеңдері», «Өшпес жалын», «Өлмес өмір дастаны» атты жинақтары жарық көрді. «Токио», «Шығыс қызы», «Асан қайғы» атты поэмалары бар. Ақын Лермонтовтың, Низамидің, Байронның жекелеген шығармаларын қазақ тіліне аударған.

Қасым Аманжолов ол туралы «Ақын өлімі туралы аңыз» поэмасын жазды.
Баубек Бұлқышев
(1916 – 1944)
Қарағанды (қазіргі Жeзқазған) облысы, Ұлытау ауданында туған.

1940 жылы әскер қатарына шақырылды да, Мәскеуде сапер училищесінде оқиды. Жалынды публицист, ержүрек жауынгер Мәскеуді қорғады. Украинаны азат етісті.

1944 жылдың бас кезінде майданда қаһармандықпен қаза тапты. Баубек көптеген өлеңдер жазып, республикалық баспасөз беттерінде жариялады. «Алматы – менің туған қалам» атты бітпей қалған романы және «Айсұлу» деген поэмасы бар.

1942 жылы 1 мамырда «Комсомольская правда» газетінде «О жизни и смерти» (Записки молодого казаха фронтовика) деген өршіл патриоттық публицистикалық мақаласы шықты. Ол өзінің әскери очерктері мен публицистикасын орыс тілінде жазып, үнемі «Комсомольская правда» газеті беттерінде жариялап отырды. «Я хочу жить», «Жизнь принадлежит нам», «Коварство и любовь», «Письмо сыну Востока», «Слушай Кавказ» және басқа мақалаларын Ғ.Мүсірепов қазақшаға аударып, республикалық «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінде жариялады.
Сұрапыл соғыста қан кешкен қазақ қаламгерлері аз емес. Сағынғали Сейітов, Дүйсенбек Еркінбеков, Исабай Есқараұлы, Хамза Абдуллин, Хизмет Абдуллин, Мұсатай Ақынжанов, Сейсенбек Ахметов, Қалмақан Әбдіқадыров, Төкен Әбдірахманов, Сапабек Әсіпұлы, Амантай Байтанаев, Тоқаш Бердияров, Қабыл Боранбаев сынды ақын-жазушылар да майданда болды.
Нұржамал Үсенова
контент-менеджер
Материалға adebiportal.kz, egemen.kz, tengrinews.kz және басқа сайттардан, ашық дереккөздерден ақпараттар мен фотолар қолданылды