Сұхбат
ДИДАР АМАНТАЙ, жазушы:
"Кез келген өнердің мұраты – атмосфера"
Арбат. Red One ірі кескінде, таспен өрілген көшені түсіріп жатып, тайқып кетті де, бір топ флешмоб билеген жасөспірім қыздарға ауысты. Күнге шағылысқан бұрымдар тегіс ұзын. Оқыс қиымылдағанда, қара толқын жағаны ұрғандай әсер қалдырады. Red One, сірә, өзіне керек көріністі іздесе керек, шынысы көтеріліп, қашықтағы көріністі түсіре бастады, кадрда киімі қоңыр, өзі аққұба жас әйелдің бейнесі кескінделді. Ол әлдекімдерге сөйлеп, қолын сермеп қояды. Сосын, екі адамнан тиын алды да, ары қарай қадам басты. Red One әйнегін жарқыратып оңға бұрылды. Маңдайында "Kingmann" деген жазуы бар кафеге тоқтады. Кадрда кафенің үстел-орындық қойылған жазғы алаңы айқын көрінді. Күн салқын, адам қарасы аз. Есік ашылып, іштен barbecue-дің жұпар иісі аңқыды. Танауыңды қытықтайды. Камера қайта оңға бұрылы. Жазғы терасса, үстел басындағы бірен-саран жұрт, бәрі тегіс Red One әйнегі тереңінде, түпкі аяда бейнеленіп, шыны жүзінде, бер жақта, әңгіме-дүкен құрып отырған екі адамның сұлбасы қамтылды...
The first scene. Философия туралы
"Кітап дүниені өзгертпейді," – дейсіз шығармаңызда. Бірақ, кітап адамды өзгертеді. Ал адам, дүниені өзгертуге бейіл емес пе?
Тегі, адамзат рухани кеңістігін жаңа ой-пайымдармен байытқан, идеялары әлі күнге шейін өз маңыздылығын жоя қоймаған, кемеңгер Маркстің 1845 жылы жазылып, 1888 жылы жарық көрген, "Фейербах туралы үзік-үзік ойлар" ("Тезисы о Фейербахе") атты еңбегінде: "Осыған дейін философия әлемді түсіндіріп келді, бірақ мәселе оны өзгертуде жатыр" деген бір сөзі ("Die Philosophen haben die Welt nur vcrschieden interpretiert, es kommt aber darauf an, sie zu verandern") қоғамдық-әлеуметтік санада төңкеріс жасады.

Кейін, 1956 жылы, бұл ғақлия сөз Лондон қаласындағы, Хайгет зиратында жатқан автордың құлпытасына ойылып жазылды. Жалпы, аталған тезис дүние жүзін ғана емес, бүкіл адамзат тарихына деген көзқарасты өзгерткен, кешегі алапат философияның метаморфозасы еді. Кең мағынада, абстрактілік тұрғыда айтылған бір ауыз пассаждың сұлбасы Ульянов-Ленин қалам тартқан саяси-философиялық тақырыптарда, теориялық жұмыстарында, түсініктеме-сілтемелерінде, тіпті, нұсқау-бұйрықтарында айқындала бастады. Басқа мәнге ие болды. Виртуоз-интерпретатор бүкіл адамзатқа қарата айтылған жалпылама ой-толғанысты бір елдің көлемінде, нақты жүзеге асыруға болатын, іс-әрекет жоспарындай көрді. Демек, қоғам дамуы, еңбек қаруының кемелдену үдерісі туралы жазылған қорытынды метафораға пролетариат көсемі басқаша сипат берді. Мимырт жүрісті тарихтың баяу қозғалысы Ильичті қанағаттандыра қойған жоқ. Ол өзгерістің "тура қазір, дәп осы жерде" жүзеге асуын талап етті. Сөйтіп, марксизм бұрмаланып, солшыл топтың әуелі идеологиясына, кейін қозғалысына, соңыра тәуекеліне айналды. Ақыры қанды қырғынға ұласты. Философия жақтаған гуманистік идеялар мен идеалдар аяққа тапталды, соңы жиырмасыншы ғасырда КСРО деген құбыжық жүйеге ұласты, әдетте, жалған құбылыс, түптің түбінде, шындыққа қарсы тұра алмайтын жалғандығынан жойылады. Бұл – логикалық процесс. Жоқ нәрсені үнемі бар етіп көрсету шығынға ұшыратады, қаншама күш-жігер, толассыз еңбек әрі тұрақты түрде табанды күрес жүргізу керек. Кеңес Одағы өзіне артқан артық жүктен, қалап алған ауыр міндетінен қаусады, қала берді, өз салмағын өзі көтере алмай құлады. Егер философия әлемді түсіндіруді (passive) қойып, белсенді әрекетке (active) көшсе немесе қоғамды өзгертуге кірісетін болса, онда бейбіт "даналыққа құштарлық" мәңгілік тақырыптар жайлы түйіндерден, метафизика-методология туралы терең толғаныстардан, зады, күйіп тұрған, өткір мәселелерді шешетін күнделікті немесе кезеңдік идеологияға айналады. Идеология мүддеге қызмет етсе, философияның мұраты – ақиқат (таным). Бірі – әрекет иесі, екіншісі – пайым үдерісінің ойшылы. Сондықтан, бұл концепт – ұлы Маркстің стратегиялық қателігі. Жалпы, идеология (жаңсақ сана қалыптастырады) табиғатынан философияға (ақиқатты іздейді) қайшы.


Дидар Амантай
The second scene. Әдебиет туралы
– Әдебиет ше?

– Сіз әдебиеттен мүдде таба алмайсыз. Көркем шығарманың, сонау "Гильгамеш (Білге-мес) туралы жырдан" бастап, алты мың жыл бойы өзгермей келе жатқан, өзіндік мәртебесі бар. Оқшау көзқарас, жеке институт. Демек, біз дербес жазбалардан, еркін мәтіндерден қалқадағы сол бір жарқын мұратты іздейміз. Тегіндегісін айтқанда, өнерде кісіліктен басқа мақсат жоқ.

Қалайша?

– Кез келген өнер қоғамды ізгілікке шақырады, оқырманды адамгершілік қасиеттерге баулиды, елге кісілікті насихаттайды. Заманына қарай, ар-ұят (мораль) өзгеріп отырады, құндылықтар (ценности) ауысады, мүдделер (интересы) алмасады, бірақ, адамды адам еткен кісілік қасиеттер (человечность, нравственность) ешқашан өзгермейді, олар – (адамзатқа, ұлтқа, кісіге деген жанашырлық, қамқорлық, әділеттілік, махаббат, жауапкершілік, міндеттілік, сүйіспеншілік) – мәңгілік категориялары.

Егер Сіз әдебиетке іс-әрекет құралы ретінде қарасаңыз, онда көркем туындылар күреске үндеген майдан парақшасына, плакатқа, декламацияға, тіпті, брошюраға, ал кітапхана жортуыл-жорыққа үгіттеген қызыл бұрышқа айналады. Әдебиет-өнер, философия-мәдениет бұл түсініктерден әлдеқайда кеңірек, әлдеқайда тереңірек деп ойлаймын. Сонда, пайдасы не деген заңды сұрақ туады?


Дидар Амантай
The third scene. Кітап туралы
Иә, пайдасы не?
Рухани игілік жеке тұлғаны мәнсіздіктен құтқарады, қоғамды армандауға үйретеді, елді жақсылыққа тәрбиелейді. Тікелей емес, өнердің күші арқылы, бірақ өнердің өзі де адамзат ақыл-ойына тікелей немесе төтелеп емес, жанамалап әсер етеді. Ортасында, дәнекер фактор – көркем шығармашылық тұр.

Еліктейміз бе?
Иә. Ұлы романдардың күрделі образдары – асқан парасат иелері, аса ықпалды әдеби қаһармандар – қалың елдің көңіл-күйін, қоғамдық сананы билейді. Оқырман қауым көркем туындылардың сұңғыла, бекзат, еркін кейіпкерлерін өздеріне үлгі тұтады. Әдебиеттің де, философияның да ықпалы сыртқы дүниені өзгертуге тура бағытталмайды. Кітап, мысалы, өзіңізді өзгерте отырып, әлемді өзгертеді десек нақтырақ болады. Яғни, адамның өзі өзгерсе ғана, оны қоршаған орта да өзгереді. Хосе Ортега-и-Гассеттің айтқаны бар: "Мен дегеніміз – мен және менің қалыптасқан жағдайым, өз жағдайымды түземесем (құтқармасам), өзім де өзгермеймін (өзімді де құтқара алмаймын)". Қазақстан – алдына қойған мақсаты анық әрі айқындалған мұраты бар, іргелі ел. Енді ақырындап кітапқа да көңіл бөлуі қажет. Демек, кітаптың насихаты кең ауқымдағы, мемлекеттік деңгейдегі іс-шараға айналуы тиіс. Жыл сайын кітап, кітапхана, оқырман күндері аталып өткені жөн. Бұқарат ақпарат құралдары кітап насихатын тұрақты жүргізуі тиіс. Мысалы, 1-қаңтардан 10-қаңтарға дейін Абай күндері, сосын, Әуезов күндері, кейін Махамбет, одан ары қарай Мұқағали апталығы деген тәрізді. Осындай бес жылдық жоспар жасалса, қандай ғанибет. Мұрасы, шығармалары теледидар арқылы көрсетіліп отырса, өмірінен деректер берілсе, сыншылар талас-тартысқа түсіп жатса, сөйтіп, ұмытыла бастаған көптеген қайраткер тұлғалар қайта түлер еді. Шығармалары рухани айналымға түсер еді. Соңғы жылдары Хамза Есенжанов, Ғабиден Мұстафин, Әбу Сәрсенбаев, Мұқан Иманжанов, Зейін Шашкин, Сафуан Шәймерденов, Жұматай Жақыпбаев тәрізді шоқтығы биік көптеген қаламгерлеріміз аталмай бара жатыр. Қазіргі заманда қазаның жиілігі, қатігездіктің өрістеуі, немқұрайдылықтың көбеюі ұлы романдарды оқымағандықтан, ғұлама персонаждарды танымағандықтан, қамқор образдарды білмегендіктен туындап отыр. Ұлы шығармалар адам бойына кісілік қасиеттерді егеді. Кітап адамды жанашырлыққа үйретеді. Кітап бала санасына жақсының ең жарқын қасиеттерін сіңіреді. Бүгінгі адамдар неге өзімшіл? Бір-бірінен жақсылық күтпейді. Өйткені олар материалдық игіліктің соңында жүр. Бар нәрсе ақшамен өлшенеді. Кез келген ойдың да, өлеңнің де, өмірдің де өлшемі – ақша. Бұрын кісі құнына ақша жетпейтін, қазір ақшаның құны адамнан артық. Кітап, сонымен қатар, ой-қиялдың, ақыл-ойдың кеніші. Сөз қоры неғұрлым көп болса, соғұрлым ойды дәл жеткізудің мүмкіндігі де артады екен. Фильм образды таңады, кітап елестетеді. Сондықтан, фильмнің бар көрермендеріне – бір образ, ал кітаптың образы – оқырманы қанша болса, сонша. Жазушы сомдаған көркем бейнені әрқайсымыз әртүрлі қабылдаймыз. Мысалы, кинорежиссер түсірген "Анна Каренина" – бүкіл халық үшін ортақ, біртұтас саяқ кейіпкер, ал кітапты жазған қаламгердің әр оқырманы мәтіннен өз "Анна Каренинасын" аңғарады. Кино образ – жалқы, кітаптағы бір персонаждың – көп бейнесі бар. Сіз кинодан өз образыңызды көре алмайсыз, фильм режиссері жасаған бейнені тамашалайсыз. Кинодан неге өз кейіпкеріңізді көре алмайсыз? Себебі кино әдебиетке қарағанда бір ізді, ал әдебиеттің жолы көп. Кино әрекеттілеу, кітап мәнділеу. Әрекет ескірсе, кино да көнереді, алайда, мән мәңгілік болуы мүмкін. Жан-Люк Годардың бір сөзі бар: "Кино технологияға тәуелді, технология ескірсе, кино да ескіреді", дейді. Бізді, мысалы, қазір өткен ғасырдың 50-жылдары шыққан фильмдер көруге тартпайды. Бүгінгідей көп құрал-жабдықты, сан аспапты, жарқ-жұрқ еткен, еліктіретін оқиғалы кинодай әсер етпейді. Яғни, ескі кино деген түсінік бар. Бірақ, ескі роман, ескі кітап деген сөз естідіңіз бе? Әдеби туынды өлмейді. Ойшылдыққа, ерік-жігер еркіндігіне шақыратын кітап – адамзатқа қашанда замандас. Тұлға дегеніміз бостандық иесі. Адамның ақыл-ойына ешкім билік жүргізе алмайды. Еркі өзінденің өмірі де өз қолында. Тарихты шолсақ, қараңғы қоғамның кімге пайдалы, кімге зиянды екендігін көреміз. Әдебиет – тұлға жасайтын ұстахана. Ойландыратын (мәңгілік) кітап пен ойын-сауық (бір күндік) кітабының айырма-белгісі – өмір сүретін уақыттарының ұзын-кемдігінде. Ойлай білмегенге ойдың өзі қауіпті, өйткені ойдың табиғаты – еркіндік. Ойшылды шынжырлап тастасаңыз да, ойға кісен сала алмайсыз. Киіз туырлықты қазақ – көшпелі жұрт. Көшпелі халық ой табиғатын жақсы түсінеді, өйткені ойдың өзі – көшпелі. Түз дала перзенттері бауырмал, ағайынды, туысшыл келеді, Бір-біріне демеу. Демек, әр қазақ бар қазақтың қамын жеуі тиіс.

The fourth scene. Ницше мен Достоевский туралы
"Гүл сезiмдi ой тудырады, кiтап ойдың сезiмiн дамытады",деп гүл мен кітапты егіз ұғымдай көресіз. Негізінде, кітап пен жусан ұқсас сияқты. Себебі, жусаннан жұпарлы, жусаннан ащы өсімдік жоқ. Кітап та солай емес пе?
Бұл туралы Фридрих Ницше "Трагедияның музыка рухынан туындауы" деген шығармасында таратып жақсы жазған. Сонда ол өнерді: қасіретті (дионистік, иррационализм, мистика, сезім, түнек, стихиялық, ажал) және қуанышты (аполлондық, рационализм, ақыл-ой, ғылым, жарық, ғұмыр) өнер деп екі түрге бөледі. Музыканы қасіретті өнер түріне жатқызады. Сурет, мүсін, архитектура тәрізді түрлері – аполлондық, яғни, қоғамды анық ақыл-ой аясында ойлануға, әлемді айқын түсінуге, дүниені нақ тануға шақырады. Меніңше, күрделі романдар – дионистік өнер. Сонымен қатар, роман – диалогтық жанр. Кемінде екі персонаждың тартысы, күресі бар. "Пәлсапашы болғың келсе, роман жаз", дейді күнделігінде Альбер Камю. XX ғасыр мен XXI ғасыр мәдениетінің қайнары да, іргетасы да – Ницше философиясы мен Достоевский шығармашылығы. Әлем қаламгерлері мен ойшылдары – Альбер Камю, Жан-Поль Сартр, Зигмунд Фрейд, Эдмунд Гуссерль, Мартин Хайдеггер, Эрнест Хемингуэй, Лев Шестов, Николай Бердяев ғұлама жазушы Федор Достоевскийді аса жоғары бағалаған.

Гүлдерге байланысты...
"Гүлдер мен кітаптар" романындағы "гүлдер" сөзі – шартты ұғым. Мен бұл жерде гүл арқылы барлық өсімдікті, қала берді, табиғатты айтып тұрмын. Көне грек тілінде табиғатты физика деп атаған, демек, метафизика табиғаттан тыс мәселелер. Кезінде, антикалық заманда философия дегеніміз қойылған сұраққа жауап іздеу болды. Ал Рене Декарт заманынан бастап, таңғалыс немесе күмәнданудан ойшылдық басталады. Өмірде, Жер бетінде таң қалатын нәрсе көп емес. Бәрі – анық. Мысалы, америкалық бір жорналшы: "Жаңалық дегеніміз иттің адамды қапқаны емес, адамның итті қапқаны" деген екен. Күнде өтіп жатқан уақыт, өсіп-өнген орта, үй-отбасы, дүние-мүлік, көзіміз үйренген зат-бұйымдар, әдетте, көріп жүрген тіршілік бояулары, таныс көше, айқын маршруттар, жұмыс орны, жатын бөлме, барып қайтқан ізіміз... туғаннан бастап өлгенге дейін қара басымызды қаумалап, қоршап жүретін шағын кеңістік – біздің сүріп жатқан өміріміз. Бізді ешқайсы таң қалдырмайды. Бүгінгі технология арқасында Жердің салмағын өлшедік, көлемін білдік, тіпті, тақауда Құс жолы да таразыға түсіпті. Мен адамзаттың ақыл-ойына таңғаламын. Кейде ұшаққа мініп, жерден көтерілгенде, бір қаладан екінші қалаға әуелеп сапар шеккенде таңғаламын. Адам қалай ғана темірді әуеде ұшырып қойды деп ойлаймын.

The fifth scene. Ньютон мен Эйнштейн жайлы
Ньютон гравитациялық заңдылықты ашқан кезінде, кеңістік пен уақыттың арақатынасын түсіндіру үшін Жер бетіндегі өтіп жатқан барлық уақиға немесе үдерістер абсолюттік уақыттың аясында жүреді деп жаңсақ тұжырым жасаған. "Бәріміз, сонымен қатар, бір үлкен абсолюттік кеңістікте шоғырланамыз" деп ойлаған. Кейін Эйнштейн екінші салыстырмалы теориясында Ньютонның ұшқары пікірін толық терістеді. Терістеуін дәлелдеп шықты. Математикалық есептер абсолюттік уақыт/кеңістікті жоққа шығарады. Әркімнің, ғарыштың қай нүктесінде қозғалып бара жатқанына қарай, өз дербес уақыты болады. Шын мәнісінде, абсолюттік уақыт/кеңістік деген жоқ. Әр нәрсенің төл уақыты бар – тәуелсіз, жеке, оқшау. Физик-ғалымдардың тұжырымдаған ең үлкен қорытындысы – ақыл-ойдың ұлы көрінісі. Ақыл-ой қуатына, құдыретіне таңғаламын. "Дүниеде абсолюттік тыныштық жоқ, тыныштықтың бәрі – салыстырмалы" дейді олар. Ғаламзат тегіс қозғалыста. Бірінші, Жер үстінде біз көшіп-қонып жүреміз. Екінші, планетамыз өзін-өзі айналып келе жатады. Үшінші, Шар Күнді айналады. Төртінші, Күн Галактикаға байланып, аспан денелерін, шоқ жұлдыздарды сүйретеді. Бесінші, өз кезегінде, галактика ғарыш кеңістігі ішінде саяхат құрады. Енді қазіргі ғылым кеңістік біреу емес, бірнешеу, тіпті, шексіз, деген тұжырымға келді. Мен осындай нәрселерге таңғаламын. Яғни, адам түсінбеген нәрсеге таңғалады екен.


Дидар Амантай
The sixth scene. Классика/модерн/постмодерн туралы
Сіздің шығармаларыңызда нақты бір кейіпкер жоқ және оқиғаға құрылмайды. Уақытпен тынымсыз ағып жатқан бүгінгі біздің хәліміз суреттеледі. Бұл жағынан шығармаларыңыз Жан-Люк Годардің Мишелін немесе Керуак шығармаларын еске түсіреді. Мұндай эксперименттерге саналы түрде бардыңыз ба? Олай дегенім қазақ оқырманы сюжетсіз шығарма оқуға әлі дайын емес деп ойлаймын.
Өнер, әрине,форма. Форма дегеніміз жазу мәнері. Сіздің көп оқығаныңыз қажет. Бірақ, жазған кезіңізде оқығаныңыз мәтіннен көрінбеуі тиіс. Алайда, оқығаныңыз жоғалып кетпейді, әдеби сауатыңыз жазу мәнерінен көрініп тұрады. Мысалы, Қалихан Ысқақтың "Ақтоқым" әңгімесі, Сайын Мұратбековтың "Күзгі бұралаң жолы", Ғабит Мүсіреповтің "Қос Шалқары" Тынымбай Нұрмағанбетовтің "Зәуреші", Оралхан Бөкейдің "Қайдасың, қасқа құлынымы" тәрізді шығармалар. Герман Мелвиллдің атақты "Моби Дик немесе Ақ кит" романы: "Зовите меня Измаилом" деп басталады. Оны менің талантты ақын ағам, атақты "Зеренді қарағайларының" авторы, Қорғанбек Аманжол: "Мені Измаил деп атаңдар" деп аударған екен. Ал Мелвиллдің жазып отырғаны басқаша деп ойлаймын. Герман Мелвиллдің ниеті: "Мені Измаил деп атасаңыздар да (атамасаңыздар да) болады" деген мүдделі емес, бейтарап пейіл. Шығарманы бастау мен аяқтау – өте қиын. Форма жоқта, өнер де болмайды. Кезінде Толстой жас жазушының шығармасын оқып отырса, қасында тұрған бір танысы айтқан екен: "Данышпан Толстой жастарды неменеге оқиды, олар не жаңалық айтады дейсіз". Сонда Толстой: "Мен оның не айтқанын емес, қалай айтқанын қарап отырмын" депті.


Иосиф Бродский бір эссесінде: "Модернизм дегеніміз – логиканың салдары ғана – классиканың нығыздалған және ықшамдалған түрі", – дейді. Кез келген өнердің мұраты – атмосфера. Төл атмосферасын туғыза алмаған шығарма шынайы емес, оқырманды өзіне баурай алмайды. Атмосфера жазу мәнерінен туады, жазу мәнері болса, фальшсіз шығармадан жаралады. Көрдіңіз бе, "Моби Дикті" екі түрлі атмосферада талдауға болады. Бірі: "Мені Измаил деп атасаңыздар да болады" екіншісі – "Мені Измаил деп атаңдар".

"Тотықұс түсті көбелек"," "Бір топ шеңгел" романдарыңыз, "Көзіңнен айналдым" әңгімелеріңізді оқып отырып, Хэмингуйдің өзі, Ремарктың "Үш досы" есіме түсті. Бұл шығармаларыңыздың жазылу стилі бар да, сюжеті жоқ. Ремарктың романында соғыстан кейінгі қоғам өте жақсы суреттеледі. Тек онда сюжет бар, үш дос бір махаббат үшін күреседі. Тіпті, қыздың тірі қалуы үшін ешкімге сатылмайтын, сатпайтын "Карлды" сатып жібереді. Енді Сіздің шығармаларыңыз келейік, онда өмір шындығы мен кітаптағы шындық араласып отырады. Сіз шығарманың ішінде де, сыртында да жүресіз. Кейіпкерлеріңіз біз қолымызға ұстап, оқып отырған романда жүріп, тіпті, өздері бейнеленіп жатып, осы жазылып жатқан шығармаңыз туралы сұрайды: "Қашан бітеді" дейді? Жалпы, Сіздің жазу мәнеріңізге әлем әдебиетінен кімдер әсер етті?
Менің кітаби ұстазым көп болды. Уильям Фолкнер, Герман Мелвилл, Эрнест Хемингуэй, Габриэль Гарсиа Маркес, Жан-Поль Сартр, Ясунари Кавабата... жас кезімде талғамай бәрін оқыдым. Басқалар мені неге Хемингуэйге ұқсатады? Екі себебі бар деп ойлаймын: бірі – оқырман Хемингуэйден басқа, аталған әдіс-тәсілді қолданып жазған авторды оқымаған, екіншісі – Хемингуэйден есінде қалғаны – диалогтар ғана. "Көзіңнен айналдымды" Эрнест Хемингуэйден гөрі Иван Буниннің "Антонов алмаларына", Альбер Камюдің "Үнсіздігіне", Ален Роб-Грийенің "Жағажайына", Ясунари Кавабатаның "Бамбуктің үні, өріктің гүліне", Уильям Фолкнердің "Уош", "Қызыл жапырақтар", "Құрғақ қыркүйегіне", Фрэнсис Скотт Фицджерльдтің "Екі дос", "Бірінші мамырына" көбірек ұқсатар едім. Мен Хемингуэйден диалог құруды үйрендім. Әдебиетте өз стилімді таптым деген ойдамын. Менің шығармаларымда әдебиет пен философия қатар дамып, аралас келіп отырады. Орысша жазатын жазушыларға қарағанда, қазақ жазушыларының бейнеті көп. Өйткені орыс тілділер әлем әдебиеті мен орыс әдебиетін ғана оқиды. Ал бізге әлем әдебиеті, орыс әдебиеті һәм қазақ әдебиетін оқу керек.

Гарсиа Маркестің екі қайнар көзі бар. Бірі – Борхес, екіншісі – Фолкнер. Мысалы, Герман Мелвилл атақты "Моби Дикті" жазып жүргенде Шекспирді көп оқыған екен. Мелвилл мәтіндерінде Шекспирдің ықпалы бар, ал Герман Мелвилл өз алдына Хемингуэйге әсер етті. Соңғысы бірде: "Менің арманым – "Моби Дик' сияқты ұлы шығарма жазу", деген екен. Бірақ, Хемингуэйдің "Шал мен теңізі" қысқа болды. Ол повесть Шыңғыс Айтматовтың "Теңіз жағалай жүгірген тарғыл төбет" атты шығармасына ұласты. Сонда мынадай кесте шығады: Шекспир – Мелвилл – Хемингуэй – Айтматов...

The seventh scene. Романның өзі де кейіпкер
Тағы бір қызық – әдетте Эрнест Хемингуэйді, неге екені белгісіз, Лев Толстой мен Антон Чеховтың шәкірті деп жатады. Шын мәнінде, оның ұстаздары – Стивен Крейн ("cөзқуалаушылық неғұрлым аз, уақиға соғұрлым көп" тәртібі), Джек Лондон ("Кодекс чести" философиясы) және оңтүстік Америка туралы жаз деп Уильям Фолкнерге кеңес берген қаламгер Шервуд Андерсон ("Уайнсбруг, Огайа", біртұтас әңгімелер жинағы – "В наше время", бір қаһарманды новеллалар топтамасы). "Тотықұс түсті көбелектің" шын прототиптері бар. Ішкі құрылымы бөлек – жазылып жатқан романның өзі де кейіпкер. "Топ шеңгел" – таза ойдан шығарылған, фон ғана – шындық.

Шығармашылықпен айналысам деген адамға не үшін кітапты көп оқу керек? Себебі, жас қаламгер кітап арқылы стильдерді таниды. Өзін табады. Меніңше, өзіңізді табу үшін өзгені оқуыңыз керек. Оқудан жазу пайда болады.

The eighth scene. Ақындар туралы
Өзіңіз өлең жазасыз... Әлем әдебиетінде де, қазақ әдебиетінде де қара сөзбен қатар өлеңді мөлдіретіп жазатындар аз емес. Сіз жас қаламгерлерге пікір білдіріп отырасыз, бұл бүгінгі қазақ поэзиясына көңіліңіз толмағандығынан ба, әлде басқа бір себебі бар ма?
Жалпы, ақын-жазушыларымыз, әсілі, көркем шығармадағы, кеңестік уақыттан қалып қойған пафостан құтылуы керек. Бізде, әсіресе поэзияда пафос өте көп. Прозамыздың кескін-келбетін көлегейлеп, болмыс-бітімін бұлыңғырлатқан пафос тұманы сейіліп келе жатыр. Қазақта дүлдүл ақындар баршылық. Шетінен дарынды, бейнетқор, сергек. Десек те, Иосиф Сталин қостап, Максим Горький 1925 жылдан бастап енгізген советтік социалистік реализмнен туған пафос бар. Мен қазақ поэзиясын жақсы көремін. Керемет талантты, сұңғыла, жаңашыл, жас ақындарымыздың қатары қалың. Талғат Ешенұлы, Жанарбек Әшімжан, Дәулеткерей Кәпұлы, Бақыт Беделхан, Ерлан Жүніс, Бауыржан Қарағызұлы, Ұларбек Дәлейұлы, Еділбек Дүйсен, Бауыржан Майтай, Арман Әділбек, Айнұр Төлеу, Шалқар Дәулеткелді, Абзал Сүлеймен, Әсел Кәрібай, Тілек Ырысбек, Динара Мәлік, Құралай Омар...

Біздің өлеңдерімізде леп белгісі көп. Шындықтың күші – айқайлап дауыстап айтқанында емес, шындығында жатыр. Шындықты ақырын айтуға да болады. Меніңше, байыптылық, сабырлылық, түптің түбінде, әдебиетте салтанат құрады. Байсалды әңгіме, сабырлы өлең ғана адамның жан-дүниесіне терең әсер етеді. Бізде шындықты сойып айтса, шауып айтса, леп белгісінің төрт-бесеуін қойып айтса, "Ей, мынау мінезді ақын екен" дейді. Ақынға мінезден бұрын, білім керек. Мінез, тағдыр деген қолдан жасалған, ойдан шығарылған нәрсе. Ол қайдан шықты деп ойлайсыз? Совет Одағы кезінде шындықты айтуға рұқсат жоқ еді. Ақынға ақындығын білдіретін, паш ететін бір ғана жол болды – ол мінез ғана. Мінезден ешкім ақын болып кетпейді. Мыңдаған шақырымдағы оқырманға Сіздің мінезіңіз қажет емес. Оған мінезіңіз жетпейді де. Жұрт Сіздің мәтініңізді ғана оқиды. Өлеңде техника бар. Мұны жазу мәнерімен шатастырмаңыз. Кез келген шығарманың күштілігі – оқырманға деген әсерінде.

Текст байсалды болса ғана, шығармаға деген сенім артады. Жақсы стиль, жақсы білім көзге көрінбейді. Сіз оны жазу мәнерінен немесе жазу мәдениетінен ғана байқай аласыз.

Өлең аударылмайды деп жатады. Мен соған келісемін. Өлеңді аудару мүмкін емес. Негізінен, атын шығару үшін, жазғанын тарату үшін басқа тілге аударылуы мүмкін. Мысалы, жазушы табиғатынан – халықаралық тұлға, ақын – ұлттық тұлға. Ақынның жұмбағын ешқашан шеше алмаймыз. Александр Пушкинді ағылшындар әлі күнге шейін түсінбейді.

The ninth scene. Шекспир мен Сервантес туралы
Прозашы жастардан Дархан Бейсенбекұлы, Жадыра Шамұрат, Ырысбек Дәбей, Жандос Байділдә, Қойшыбек Мүбарак, Серік Сағынтай, Алмас Мырзахмет, Айдана Қайсарбекқызы, Нұрлан Қабдай, Мирас Мұқаш, Бақытбек Қадырұлы, Садық Шерімбек, Мейіржан Әуелхан, Мақсат Мәлік, Пернебай Дүйсенбин, Тұрсынәлі Рыскелдиев, Темірлан Қылышбек, Гүлбиғаш Омар, Келуімжай Құтты, Арман Әлменбет, Қанат Әбілқайыр, Гүлнұр Қасымзада, Назым Сәті, Асылан Қуанышұлы тәрізді қаламгерлерді атар едім. Біз – Шекспир мен Сервантес әдебиетінің жалғасымыз. Жалпы, Шекспирді оқып отырып таңғаламын. "Шекспирдің әкетіп бара жатқан несі бар" деп ойлаймын. Ондағы іс-әрекет, қулық-сұмдық, арандатушылық, шытырман желі, ұйымдасқан қылмыс бұрын айтылмады ма, жазылмады ма, білмеймін... Негізінде, біз білетін әлем әдебиеті Шекспир мен Сервантестен басталады. ХVІІ ғасырға дейінгі әдебиет бір басқа, ХVІІ ғасырдан кейінгі әдебиет, тіпті, бөлек. Оның алдында рыцарлық романдар болды. Сол романдарда тақырып та, форма да жалқы: бір рыцарь және оның жанында серігі немесе көмекшісі бар, Еуропаның бір қаласында не ауылында өмір кешеді. Рыцарь некедегі біреудің әйеліне ғашық болады. Оған жасырын өлеңмен хат жазады. Өзі үнемі жорықта жүреді. Түбінде екеуі қосылатынына сенеді. Рыцарь талай жауды жеңеді. Бірақ екеуі кездесе алмайды, қосыла алмайды. Осы рыцарлық романдар он ғасырға жуық уақыт өмір сүрді, сол он ғасыр ішінде бір өзгеріске ұшырамады. Әр кезеңде оқиға реті ғана өзгеріп отырды. Ал фабула, композиция, жазу мәнері бірдей еді – асқан пафоспен жазылды. Өйткені, оны кештерде, үйде, бақтарда, тіпті, үлкен алаңдарда оқыды. Соны Шекспир мен Сервантес өзгертті...
P.S Олар Гильгамештің "Білге-мес" екені және әдебиеттің дамуы осы Гильгамеш туралы дастаннан басталатыны жайлы, адамзат тарихындағы бірінші қаламгер Имхотеп екені туралы әңгіме қозғады. Сөздік қорымызға Исеси енгізген "өнер" туралы сұқбатында бірде-бір пафос болмағасын, әңгімелерін леп белгісіз аяқтағанды ұйғарды. Бір неміс ойшылы: "Әлем тарихы дегеніміз Батыс тарихы" деген екен. Бірақ, олар Арбаттан басталған сапарының соңын Шығысқа қарай бұрды. Соңынан ерген, қос адамды түсірген Red One камерасы күнге шағылысады. Камера бір сәт кідірген жоқ. Өмірдің өзі сияқты. Олар да тоқтамай, ақырын ілгері басып, кетіп бара жатты. Қос адам ғимараттың шетіне жетіп, тасасына бұрыла берді де, көзден ғайып болды.
Тұрсынбек Башар, журналист
© 2014 All Rights Reserves
Facebook | land@scape.eu