2012 жылға арналған жұлдыз-жорамал: Тауешкі (22 желтоқсан — 20 қаңтар)

2012 жылға арналған жұлдыз-жорамал: Тауешкі (22 желтоқсан — 20 қаңтар)

Қоршаған ортада болып жатқан құбылыстарға қарамастан, әр шешімді өзіңіз қабылдағаныңыз жөн. Ішкі әлеміңіз ғана дұрыс бағытты көрсетеді. Мақсаттарыңызды айқындаңыз, жүретін жол көп, таңдау — біреу.

Қыс

Кең пейілділігіңіз бен оптимистігіңіздің арқасында адамдарды өзіңізге баурай аласыз. Қаңтар айында сіздің өміріңізде өте маңызды оқиға орын алуы мүмкін. Тағдырдың тосын сынақтарына дайын болыңыз.

Көктем

Көктемде ерекше белсенділік байқатасыз.  Қызметіңізге деген құлшынысыңыз арта түспек. Шақырылған жерлерден қалмауға тырысыңыз. Ал махаббат бұл мезгілде әуреге салмайды.

Жаз

Тым жұмысбастылығыңыз отбасы және бауырларыңызбен қарым-қатынасыңызға зиян келтіруі мүмкін. Демалыс күндерді толық отбасыңызға арнаңыз. Жаз мезгілінің соңы пәтер жөндеуге қолайлы болмақ.

Күз

Ой-өрісті кеңейтетін кез келді. Ол үшін саяхатқа шығу — тиімді шешім. Не болмаса, арнайы курстарға жазылып, біліміңізді шыңдауыңызға болады. Қазан айы қызмет бабындағы  жаңа танысулармен қуантпақ.

Әйелдер

Айдаһар жылында олар көптен бері мазалаған сұрақтарына жауап алады. Соның арқасында өмірге жаңа көзқарас пайда болып, өмір сүру салтына да өзгеріс енгізеді.

Махаббаттағы жылулық пен шығармашылық табыстар жыл бойы сіздің жағыңызда болады. Мамыр айында шетелге шығу туралы ұсыныс түссе, қарсылық білдірмеңіз. Бұл сапар сіздің алдағы өміріңізге оң әсерін тигізеді. Көктем мезгілінде нәзік сезім мен бақыттан басыңыз айналып, жігерлене түсесіз. Бұл жігер қызметіңізге пайдасын тигізеді. Сіз Нептун мен Плутон ғаламшарларының ықпалында боласыз. Ал жалғызбасты тауешкі ханымдар жеңіл-желпі таныстықтарға тап болады. Бұл жыл сондай-ақ, бизнес ашуды жоспарлап жүрген әйелдер үшін өте қолайлы. Туысқандармен бейбіт  қарым-қатынас орнатқаныңыз абзал. Қыркүйек айында ұсақ-түйек қиындықтардың әсерінен аздап күйзеліске түсуіңіз мүмкін. Бірақ, қайсарлығыңыз мен табанды мінезіңіз сізді жерге қаратпайды.

22 желтоқсан мен 31 желтоқсан аралығында туылғандар үшін

Жылдың басы көтеріңкі көңіл күй мен сергектік сыйлайды. Барлық құбылысқа жеңіл қарайтын боласыз. Наурыз, сәуір айларында бауырларыңызбен арада кикілжің туындауы мүмкін. Кикілжің сіздің шыдамсыздығыңыздың салдарынан болады. Сондықтан, көзқарасыңызды мың құбылтпаңыз! Шыдамды болыңыз! Жаз айының соңы қызметте толағай табыстарды уәде етеді.

1 қаңтар мен 11 қаңтар аралығында туылғандар

Наурыз бен маусым айларында балаларыңыз сіздің  назарыңызға зәру болады. Сондықтан, оларға көп көңіл бөлгеніңіз абзал. Отбасындағы жауапкершік міндетіңізді бірінші орынға қойыңыз. Жаз айларында пәлсапалық көзқарас пайда болып, сабырлыққа үйретеді. Тамыз айы денсаулығыңыз бен сыртқы келбетіңізге күтім жасауға қолайлы. Қазан айында саяхаттап қайтыңыз. Сіз үшін айдаһар жылы жайлы болады.

12 қаңтар мен 20 қаңтар аралығында туылғандар үшін

Қызметтегі өзгерістер қаңтар айы басталысымен болмақ. Дәреже немесе жалақыңыз біршама көтеріледі. Ақпан мен маусым айлары аралығында жіберген қателіктеріңізбен жұмыс істеуге тура келеді. Кешірім сұрауға намыстанбаңыз! Күзде шетелдік азаматпен танысуыңыз мүмкін. Жылдың соңы сіз үшін өте сәтті болмақ.

Ер адамдар

2012 жылы олар  қол жеткізген табыстарымен марқаймайды. Жаңа жоспарлар құрып, жаңа мақсатты көздейді. Айналасындағы жандардың ілтипатына бөленеді.

Жылдың бірінші жартысында еркелік пен босаңсуға жол бермеңіз. Ойын-сауық пен көңіл көтеру амалдарын іздегенді доғару керек. Ол жұмысыңызға кедергі келтіреді. Сәуір айында жұмыста орын алған келеңсіздіктерді бір ретке келтіру үшін заңгердің көмегіне жүгініңіз. Көктем мезгілінің аяғына қарай еңбекқор тауешкілердің қызметі алға басады.  Жаз айларында қызметтік өміріңізде өзгертулер орын алуы мүмкін. Демалыс күз мезгілінің соңғы айларына сәйкес келеді.

22 желтоқсан мен 31 желтоқсан аралығында туылғандар үшін

Қыс айлары айтарлықтай өзгеріс әкеле қоймайды. Көктемнің алғашқы жартысында денсаулығыңызға мән беріңіз.  Аздап сырқаттануыңыз мүмкін. Өз қалауыңызбен жүремін деп, қателікке ұрынып қалмаңыз. Жылдың ең табысты кезеңі жылдың соңына сәйкес келеді.

1 қаңтар мен 11 қаңтар аралығында туылғандар

Жұмыста өзіңізге жүктелген қосымша міндеттерді де жауапкершілікпен орындауға тырысыңыз. Бұл сіздің дәрежеңіздің өсуіне көмектеседі. Отбасы игілігі үшін қаржыны аямаңыз. Жаз айлары отбасыңызбен демалыс орындарын аралауға қолайлы. Жыл соңында материалдық табысқа кенелесіз.

12 қаңтар мен 20 қаңтар аралығында туылғандар үшін

Қызмет баспадағымен жоғары көтерілуді мақсат еткен тауешкілерден тынымсыз еңбек талап етіледі. Мүмкіндіктерді қалт жібермеңіз. Мамыр айында шығармашылық шабытыңыздың арқасында қызметте жоғарылау байқалады. Жыл соңына қарай денсаулығыңыз сыр берсе, дәрігерге қаралыңыз.

Жалпы болжам: өз бақытыңыз өз қолыңызда

Әрбір іске жауапты екеніңізді ұмытпаңыз. Жоспарлы түрде орындалған істеріңіз сәтті болмақ. Нептун мен Сатурн ғаламшарларының ықпалы  қызметіңізге де, отбасыңызға да жақсылық сыйлайды.

Махаббат

Романтикаға толы сәттер

Көптен бері ақ боз атты ханзадасын күтіп жүрген ханшайымдардың тілегі жаз басталғанша міндетті түрде орындалады. Тіпті, күтпеген жерден ғашық болып қалуыңыз мүмкін. Сезіміңіздің жауапсыз болмайтынына сеніңіз. Әлемнен жырақта қалсаңыз да, сіз асау сезімге тап боласыз. Бұл өзіңізді бақытты сезінуге көмегін тигізеді.  Сүю және сүйікті болу жаныңызға ләззат сыйлайды. Сүйіктіңіздің бар екеніне қарамастан, бөгде кісілердің көз тастаулары мен жылы сөздеріне мән бермеңіз. Ал, жылдың екінші жартысында қарым-қатынас шеңберіңізді одан әрі кеңейтесіз. Махаббатқа мастанатын сәттер жылдың 14-17 қаңтары, 1-3 ақпаны және 14-17 тамызына сәйкес келеді. Жалғыз басты тауешкілер көктем мезгілінде жеке өмірлерін қалыптасытруға шындап кіріседі. Ғашық жандар арасындағы салқындық наурыз бен сәуір айларында ғана көрінеді. Жалпы, 2012 жылы тауешкілердің махаббатта жолдары болады.

Отбасы

Революцияға жол бермеңіз

Сәуір айынан маусым айына дейінгі аралық отбасы мәселелерін шешуге ыңғайлы. Бұл уақытта жөндеу жұмыстарымен, жер мәселесі немесе басқа да құжаттарды рәсімдеумен айналысуға болады. Уран мен Плутон ғаламшарлары отбасының үрдіске айналған әдет-ғұрыптарына біраз өзгерістер енгізуі мүмкін. Ата-аналар мен балалардың пікірлері бір-біріне қарама-қайшы келеді. Отбасылы тауешкілер балаларына берген уәдесінде тұруы керек. Отбасыңыздың берекесі үшін уақытыңыздың көп бөлігін туғандарыңызға арнаңыз.

Достық

Жаңа танысулардан қашпаңыз

Тауешкілер табиғатынан тез тіл табысуға бейім жандар. 2012 жылы белсенділігіңіздің арқасында әр түрлі адамдармен танысасыз. Жылдың алғашқы жартысында достарыңызбен көңілді қыдырыстарда шек болмайды. Алайда, жылдың келесі жартысында сауық-сайран құруды азайтқаныңыз жөн. Наурыз айының соңына таман жақын құрбыңызбен әрбір ұсақ-түйек мәселелер үшін сөзге келіп қалуыңыз мүмкін. Мамыр айында көршілеріңізбен тату болыңыз. Іште кек сақтау сізге тән емес. Әріптестеріңіздің достық сезімдеріне сене бермеңіз. Қызметте достықтан гөрі, бәсекелестік басымырақ.

Қызмет пен қаржы

Биік мәртебе

Қызмет ететін мекемеңіздің абыройы үшін атқарып жүрген еңбегіңіз еленбей қалмайды. Мамыр айында өз ісіңізге шынайы сүйіспеншілігіңіз мәртебеңізді өсіреді. Осы айдың соңында немесе маусым айында қызмет дәрежеңіздің жоғарылауы мүмкін. Жаздың басында шетелге іс-сапар туралы ұсыныс түсуі ықтимал. Шілде айында сізге артылған міндеттер ұлғая түспек. Қызметтік жоспарларыңыз сізді жеткекші етіп, алға шығарады. Бірақ, құрған жоспарларыңызды алдын ала сыртқа шығармағаныңыз абзал. Кей әріптестеріңіз жолыңызға бөгет болуы мүмкін. Жасы үлкен қызметтестеріңізден көмек сұрауға намыстанбаңыз. Жұмыста көкірек кернеуге болмайды. Жыл бойы материалдық жағдайыңыз тұрақты болады. Қыркүйек айларында қосымша табысқа кенелесіз. 

А. Байжан