Жаңа жылға шырша таңдап жүрсеңіз...

Жаңа жылға шырша таңдап жүрсеңіз...

Жаңа жылдың басты нышаны, мерекелік көңіл-күйдің бірден-бір бастаушысы – жарқыраған жаңажылдық шырша. Жаңа жыл қарсаңында әр үйде шырша құрылады. Егер сіздің үйде әлі де шырша болмаса, оны таңдау сырларымен таныс болыңыздар.

Елімізде Жаңа жыл мерекесіне табиғи шыршаны қою кең таралмаған. Есесіне, жасанды шыршалар үлкен танымалдыққа ие. Жасанды шыршаны таңдау үшін оның кейбір қасиеттеріне назар аударыңыз.

Шырша қандай материалдан жасалған?

Шырша таңдағанда бірінші кезекте оның қай материалдан жасалғанына қарау керек, бұл сіздің қауіпсіздігіңіз бен денсаулығыңызға әсер ете алатын бірден-бір фактор. Әрине жасанды шырша сапалы шикізаттан болғаны дұрыс, одан жағымсыз иіс шықпауы керек. Есіңізде болсын, үйіңізде 1 ай шамасында тұратын шырша жағымсыз, улы иісті шығарып, аллергия не уланудың себебі болуы мүмкін. Ал оның үстіне ілінетін шамдар мен гирляндалар сапасыз шыршаны жандырып жіберуі де ғажап емес. Сапалы пластик пен синтетикалық талшықтардан жасалған шыршаға назар аударыңыздар, поливинилхлорид деген шикзат та өте сапалы саналады.

Бағасы

Жаңажылдық шыршаның бағасы оның өндірушісіне, сатып алған жеріңізге және мерекеге дейін қалған күндерге тікелей байланысты. Сол себепті шыршаның бағасы оның сапалығының көрсеткіші бола алмайды. Қазірде базардан үстелге қоятын кішігірім 1000 теңгелік шыршаны да, ұзын бойлы бағасы 30 мыңға дейін баратын шыршаны да табуға болады. Бастысы бөлмеңізге шақ келетін шыршаны орта бағаға тауып, сатушымен міндетті түрде саудаласыңыз. Жаңажылдық науқан кезінде сатушылар бағаны бірнеше есе өсіретіні белгілі.

Жиналуы

Жаңажылдық шыршаны құру мен безендіру әр отбасы үшін мереке. Бірақ жаңа шыршаңыз көңілді түсірмеуі үшін, оны сатып алған кезде қалай құрылатындығын сұрап алған дұрыс. Қымбат шыршалар әдетте бірнеше ғана бөліктерден тұрып, оңай құрылады, ал арзан түрлерінің ұсақ бөлшектері көп.

Қылқаны

Шыршаның астын шашылған қылқаннан күнделікті жинап жүрмеймін десеңіз, қылқаны сапалы шырша таңдау керек. Ол үшін шыршаның бір бұтағын қылқандар өсу бағытына қарсы сипалап өтіңіз. Оның "инелері" құламайтын, иілгіш болуы керек.

Сапалы жасанды шырша барынша нағыз шыршаға ұқсауы керек. Алайда қазір дүкендерде жасыл шыршалармен қоса, ақ, түрлі-түсті түрлері де кездеседі. Шыршаның түсін талғамыңызға, үй интерьеріне байланысты таңдаңыз.

Егер сіздің үйге жаңажылдық шырша қажет болса, бір кеш қана шыдай алатын сапасыз, арзанын емес, бірнеше жыл бойы отбасыңызды қуантатын сапалы шыршаны таңдаған абзал.

Дайындаған: Сания Аринова

Сурет: marimedia.ru

С. А