Демис Хассабис жасанды сананың қаупі барын ескертті

Демис Хассабис жасанды сананың қаупі барын ескертті
Фото: depositphotos.com

2010 жылдан бері ғылымға бет бұрып, алгоритмдерді құру бойынша әлемде алдыңғы қатарда тұрған DeepMind компаниясының негізін салушы британдық ғалым Демис Хассабис адамзатқа жасанды санаға қатысты әлі талай мәселелерді шешу керектігін айтты.


Лондон Университеттік колледжінде болған сұрақ-жауап сессиясында ол: "Бұл жүйелерді қалай басқарамыз, оларға қандай құндылықтарды саламыз, бізге осының бәрі керек пе деген секілді біз әлі жауабын таппаған қызық әрі күрделі пәлсапалық сұрақтар көп", - деп мәлімдеді.

Сондай-ақ, ғалым жасанды сана адамзат үшін өте пайдалы технология болатынын айта отырып, оның белгілі бір қаупі барын да ескертті. "Нәтиженің жақсы немесе жаман болуы – қоғамның таңдауына байланысты", - деді ол.

Естеріңізге сала кетейік, 2014 жылғы елеулі жетістіктерден кейін DeepMind компаниясын Google корпорациясы £400 миллионға сатып алған болатын. Бұл оқиғадан кейін де компания әлем жұртшылығын бірқатар жаңалықтарымен таңғалдырды. Мысалы, 2017 жылы DeepMind құрастырған AlphaGo компьютерлік бағдарламасы "го" логикалық ойынында Кэ Цзе есімді кәсіби ойыншыны жеңген болатын. Айта кетерлігі, Кэ Цзе – қазіргі кезде әлемнің нөмірі бірінші "го" ойыншысы.

Кэ Цзе мен AlphaGo арасындағы екінші ойын.

Y. Almabek