Алматыда Алаш зиялыларының мұрасына арналған халықаралық конференция өтті

Алматыда Алаш зиялыларының мұрасына арналған халықаралық конференция өтті
Фото: Алмас Найманбай

2018 жылдың 28 ақпаны күні Алматыдағы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің 90 жылдық мерейтойына орай «Алаш зиялыларының ғылыми-әдістемелік мұралары: дәстүр мен жаңашылдық» атты халықаралық ғылыми-практикалық  конференция өтті. Аталған конференция Филология және көптілді білім беру институты қазақ тілі теориясы және әдістемесі кафедрасының ұйымдастыруымен өткізілген болатын.

Халықаралық конференцияға отандық ғылым-білім жүйесіндегі беделді ғалымдар мен зерттеушілер, сондай-ақ, Түркияның Гази, Фрат, Мұғла Сытқы Кошман университеттерінің профессорлары, филолог ғалымдар, еліміздегі бірқатар ЖОО оқытушылары, ізденушілері қатысып, ұлттық тіл, діл, мәдениет, дәстүр тақырыптарында өз ойларын ортаға салды.

Конференцияның Алқа мәжілісін университеттің Бірінші проректоры Мақтағали Әбдімәжитұлы Бектемесов жүргізді. Модератор:

-  Жыл басынан бері Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің 90 жылдығы  аясында бірқатар ірі шаралар ұйымдастырылып келеді. Сондай маңызды басқосудың бүгін де сәті түсіп отыр. Алқалы жиынымыздың тақырыбы «Алаш зиялыларының ғылыми-әдістемелік мұралары: дәстүр мен жаңашылдық» деп аталуының өзіндік мәні бар. Республикамыздағы тұңғыш оқу орны, қазақ білімінің қарашаңырағы атанған осы университеттің іргетасын қалаған Алаш арыстарының еңбегі ұшан теңіз,-дей келе, салтанатты мәжілісті бастар алдында ұлтымыздың ұлы тұлғаларының рухына тағзым етіп,  еске алу  үшін бір минут үнсіздік жариялады. Содан соң «Тарихқа тағзым» атты бейнежазба көрсетілді.


Келесі кезекте Абай атындағы ҚазҰПУ ректоры Т.Балықбаевтың Құттықтау хаты оқылды. Хаттың мазмұнында университеттің тарихы,  оның құрылуына бірден-бір ұйытқы болған қайраткерлердің – тұңғыш ректор Санжар Асфендияров, Әлімхан Ермеков, Ахмет Байтұрсынұлы, Құдайберген Жұбанұлы, Ораз Жандосов, Телжан Шонановтардың еңбектері аталды. «Бүгінгі мерейтой қарсаңында университет қабырғасында осындай алқалы жиын – «Алаш зиялыларының ғылыми-әдістемелік мұралары: дәстүр мен жаңашылдық» атты Халықаралық конференция  өткізуіміз халқымыздың ұлысын ұлықтауды парыз санайтын ұлы дәстүрінің  жаңғыртылуы деп санаймын. Конференцияға отандық ғылымда өз қолтаңбасы бар көрнекті ғалымдарымыз бен шетелдік танымал зерттеушілердің қатысуы Алқалы жиынның мәртебесін биікке көтереді деп білеміз. Конференцияда көкейкесті іргелі мәселелер  талқыланып, жаңа да құнды  ой-тұжырымдар жасалатынына сенеміз. Конференция жұмысына сәттілік тілейміз» деп тұжырымдалған ректор сөзі.

Алқалы мәжілісте алаштанушы ғалымдар Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы, профессор, А.Ісмақованың,  Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің профессорлары, ҚР ҰҒА-ның академигі  М.Қойгелдиевтің,  ҚР ҰҒА-ның корр. мүшесі Ф. Оразбаеваның, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры, философ ғалым Г.Нұрышеваның баяндамалары тыңдалды.   

Түркия елінен келген ғалымдар: Четин Пекаджар, Ахмет Боран, Мехмет Акиф Сөзер, Ержан Алкая, Незир Темир, Eкрем Aян сынды зерттеушілердің латын әліпбиіне қатысты ой-пікірлері, түбі бір түркі халықтарының тарихи, мәдени байланыстары мен түркологияның дамуындағы Алаш зиялылары еңбектерінің орны туралы жасаған баяндамаларында құнды, маңызды деректер мол болды. Бұл конференцияның жоғары деңгейде өтуіне ықпал етті.

Түскі үзілістен кейін Секция мәжілістері өтті. Конференция бағдарламасы бойынша 4 секция жұмыс жасады. Соңынан қорытынды мәжіліс болып, Конференция қарарлары қабылданды.

Жолдаған: Алмас Найманбай

О. Сансызбай