- Негізгі бет
- Проза
- Варгас Льоса: Паульо...
Варгас Льоса: Паульо Неруда аралы
Мен ақынның аралдағы тұрағында осыдан ширек ғасыр бұрын болғанмын, қазір ол кездегіден көп өзгеріс бола қоймапты, тек бұрынғы бар дүниеге кітапхана, мұражай және қашан келсең де жұрт аузы-мұрынынан шығып отыратын кафе қосылыпты. Әр күні мұнда шамамен бес-алты жүз адам келетін көрінеді, дүниенің төрт бұрышынан саяхаттап келетіндер бар, мұражайдың әйел директорының айтуынша келетіндердің көбі Чилидың ауыл-аймағының тұрғындары екен.
Баяғыдағы ағаш ат қазір үйдің төбесінен орын алыпты. Ал естен кетпейтін көз тартар өнер туындылары мен басқа да дүниелер, айталық теңіз ұлуының әсем қабыршағы, шөлмектің ішіне сіріңкенің талымен тұрғызылған кеменің мүсіні, бәрі де сол баяғы орнында тұр. Қабырғадан шығарылған кеменің көке мойын созған үшкіл тұмсығы әлде нені тесіп өтіп, өзін ұстап тұрған тамнан бұзып-жарып шығуға талпынғандай, таудай толқын ұрған жартастардан тайсалмай, ақ көбік атқан теңіздің көкжал толқындарына қасқая қарсы шапқандай әсер береді. Осынау заттар бұл мекенді сырлы бір дүниеге жетектеп, баладай шексіз қиялға ерік бергіш қарттың келбетін көз алдыңа тартады. Бұл арадан Африкадан әкелінген маска, Наполеон армиясының даңғарасы, Италияның ежелгі ауыл кезген ақындарының күйсандығы және діндар Ж.Мориеттаның қолтаңбасы қалған сарғайған қағаздарды кездестіресің. Әйнектен құйылған шеп түзеп тұрған тұтас бір армия қиялыңды қиырға сүйрей жөнеледі. Жиырма бес жылдың алдында таң сәріде кезінде бекініс болған осы биік тас қамалдың дөңгелек бөлмесінде ұйқыдан көзімді ашқанымда басына теңізшінің телпегін киген, көкшіл түсті жалаудың қасында түзге қарап бір қырын беріп сырнай тартып тұрған Нерудаға көзім түскен еді.
Ақын мен оның жары Тынық мұхиттың өр толқындары тынымсыз жағасын жұлмалаған, ақ шағаладай қой тастар жатқан жотаға жерленіпті. Қабірдің басында жалау желбіреп тұр. Осынау көрініске көзім түскенде бойымды өзгеше бір суық сезім кеулеп өтті. 1968 жылдың күзінде осында сенбіні бірге өткізген сол сегіз адамның ішінде бүгінде жер басып тірі жүргеніміз Х.Эдуарт екеуміз ғана (Х.Эдуарт «Қош бол! ақыным» кітабында сол естен кетпес күндер туралы майын тамыза жазды).
Бүгінде аралдың екі тұрғыны арамызда жоқ. Ж.Рулф та өмірден озған. Басымыз қосылған сол кеште Ж.Рулф көп сөйлеген де, ішіп-жеген де жоқ. Өр толқыны жағаны ұрған көкшіл теңізден көз алмай қарап тұрды. Сонда Пауло Неруда бізге мексикалық қаламдас досының арыған сырт келбетінен көз алмай тұрып «Оған бауырмал болыңдар, қорғап, қолдап жүріңдер, оның жігері жасымасын» деп тапсырып еді. Эстетик, коммунистік партияның мүшесі, тағамтанушы Э.Бер де арамызда жоқ. Сол кеште Э.Бер алдымызға келген асқа жағалай көз тастап қойып «Бүгін менің арманым орындалған күн, алғаш рет бұғы етінің дәмі бар ет жедім» деп маңғаздана тіл қатып еді. Урагвайдың нар тұлғалы жазушысы К.Молиро да арамызда жоқ. Ол ауыз екі сөзінде де жазған шығармасындағы сияқты не бір ұмтылған ескі сөздерді тауып қолданушы еді. Дүниенің барлық қыңыр жағын сықақ етіп, күлмейтін адамды да күлдіретін.
Бүгінде ақынның достарының, туыстарының көбі көз жұмған. Бір кезде олар осында аралды тамашалап, ақынның өз қолымен отырғызған саябағын аралап, әлемнің әр түкпірінен келген естелік бұйымдарды қызықтап, сыр шертісіп, арал қожасының тәтті-дәмді асын ішіп, әңгіме дүкен құрушы еді. Мұнда шақырылу, Пауло Неруданың ылтипатына бөлену мен үшін де қашанда мәртебе болатын. Бала жасымнан тіпті алғаш хат таныған шағымнан тартып мен ақын жырларымен таныспын. Есейе келе олар менің жандүниемнің ажырамас бір бөлігіне айналды. Боливиядағы кезімізде шешемнің жастығының астында «Ғашықтық туралы жиырма жыр және мұңайған біреудің әні» жинағы тұрушы еді. Шешем мені бұл кітапқа жолатпайтын. Бірақ мен оны бәрібір оқыған едім, оқып қана қоймай жаттап та алғанмын. Өлең жолдарының күрделі тұстары (айталық «Жабайы мұжық мен сені өз тәнімнен қопарып шығарайын, Ұлы құрлықтың тереңінен ұлым бұлқынып шыққандай») көңілімде бұлдыр-бұлдыр күй тартқанда, өзімше күбірлеп, тәубеге келіп жаратушыдан күнәға жазбауын тілеуші едім. Кейін бір басқосуда ақынмен жүздестім, ол жолы біз Пулист пен Ленин туралы айтыстық және ақынның кейінгі таудан құлаған селдей шабыты жырларымен таныстым. Өмірімде поэзия мен махаббат «жел мен жапырақтай» қауышқан сол бір шақтарда мен ақынның «Жас қолбасшы», «Жердің бетінде өмір» жыр жинақтарын өзіме айрылмас серік еттім. Махаббатым мен айрылысуларым, жығылған жалаудай күйреген жан сезімім мен алаулап көтерілген күндей қайта тұтанған сезімдеріме, бәрі-бәріне ақынның жібек жыры куә болып еді. Міне, енді сол жырлар алғаш өмірге жол тартқан дегдар мекенде үнсіз құлақ түрып тұрған мен шабытты үнмен оқылған сол жыр жолдарын, тасбақаның көзіндей бейбіт те мамыржай көз қарасты, кішкентай қалақпен ас іліп аузына салған ақынды, сол бір ұмтылмас шақпен қайта ұшырасып тұрғандаймын.
Әсілінде ақын көз жұмудан бұрын, Чили өлген болатын. Паульо Неруда сол сұмдықты көзімен көрді. Ақырғы сәттерде Чилиде туған әскери төңкеріс біріккен майданды қанды қасапқа салды да, елдегі билікті қолдарына алды. Ақын Пиночет билігі елге зұлымдық әкелетінін анық сезді. Төсек тартып жатқан соңғы күндерінде жазған өлең жолдарынан біз ұлы жүректің елі үшін қамыққан, халқының болашағынан алаңдаған қасіретті үнін естиміз. Ол бір қорқынышты жылдар еді, меніңше Чилидегідей ашкөз әрі қатыгез дара билік бұл өңірде бұрын-соңды болған емес. Дегенмен сол жылдар Чили экономикасына үлкен серпіліс әкелді, сәтті жасалған реформа елдің еңсесін көтеріп қалмай, күллі Латын Америкасы елдеріне үлгі-өнеге боларлық табыстарға да жетеледі.
Бұл жолы мені ақын тұрағына бастап барған А.Инбарест атындағы университетті құрушылардың бірі, жас кәсіпкер У.Морис еді. Ол университетте мен екі мәрте лекция сөйлеген болатынмын. Бірнеше жылдың алдында У.Морис жарна базарымен айналысып жүріп, жеке тұлға мен компаниялар арасында жарна айырбасын тіке жүргізуге болатын электрондық жүйені тапқырлап, іске қосқан екен. Сол кәсіп кейін үлкен табыс әкеліпті. Бүгінде арадағы делдалды қажет етпейтін жарна базары Чилиден басқа біраз елдерге тамыр тарта бастаған. Жас кәсіпкер қағылез, байсалды жан екен. Мені оған басқалар таныстырған болатын. Достары У.Мористы «Жаңа Чилидың батырлары» деп атайды екен. Ақынның қабырының басында, толқын атып жартасқа шапшыған мұхиттың асау толқындарына қарап тұрып мен терең ойға баттым.
Міне, Чили де көз жасын сүртіп, жаңарып, бүгілген тізесін жазып келеді. Адамдар әлде кімдердің мейір-шапағатымен, сілтеген таяғының ұшымен емес, өзінің еңбегімен, табысымен өсір сүрудің жолына қарай беталып барады. Ұлы Неруда осыларды көрген болас, не дер еді? Бұған әрине, біз жауап бере алмаймыз. Бір ғана нәрсе анық ақынның жыры ақын табиғатымен қалай етене болса, бүгінгі Чилиде демократия мен нарық сондай үндесіп кетті. Мені қуантқан да, жұбатқан да, міне, осы жағдай.
А. Нұрғазының Вконтакте парақшасынан алынды
А. Оралқызы