Кейінге шегерілген Азия чемпионаты ауыр атлеттердің жоспарын өзгертті

Кейінге шегерілген Азия чемпионаты ауыр атлеттердің жоспарын өзгертті
Фото: Ауыр атлетика федерациясы

Ауыр атлетикадан 2015 жылғы Азия чемпионаты шілде айының соңында Катмандуда өтуі тиіс болатын. Бірақ Непалдағы ірі зілзаладан кейін жарыс өтетін ел мен уақыты өзгерген еді. Бұл қазақстандық ауыр атлеттердің жоспарына аз да болса кедергі келтірді.

Биылғы Азия чемпионатында 2016 жылғы Рио-де-Жанейрода өтетін Олимпиада ойындарына лицензиялық ұпайлар таратылады. Қазақстан құрамасы да белді спортшыларын апаруды жоспарлап отыр. Додаға баратын спортшылар 26-29 мамыр аралығында Қарағандыда өтетін Анатолий Храпатыйды еске алуға арналған турнирде іріктелетін болған еді. Алайда «сары құрлық» додасының өтетін уақыты қыркүйек айына шегеріліп, іріктеу шілде айында қайта өтетін болды. Бұл туралы ауыр атлетикадан Қазақстан құрамасының бас бапкері Алексей Ни айта кетті.

- Біз басында құрлықтық жарыстарға баратын ауыр атлеттерді Анатолий Храпатыйды еске алуға арналған республикалық турнирде іріктеуді жоспарлаған болатынбыз. Өкінішке орай, жарыс қарсаңында Азия чемпионаты қыркүйек айына шегерілгені белгілі болды. Енді шілде айында қайта іріктеу жүргізетін боламыз, - деді Алексей Ни.

Алексей Нидің айтуынша, шілде айында қазақстандық ауыр атлеттер екі топқа бөлініп жаттығу жұмыстарын жүргізеді. Бір топ спортшылар Азия чемпионатына қатысуды мақсат тұтса, екінші топ Хьюстондағы әлем чемпионатына дайындалады. Екі додаға қатысатын да ауыр атлеттер бар.

Айта кетейік, ауыр атлетикадан 2015 жылғы Азия чемпионаты шілде айының соңында Непалда өтуі тиіс болатын. Бірақ ірі зілзаладан зардап шеккен ел бұл доданы өткізуден бас тартқан-ды. Жақында Азия ауыр атлетика федерациясы (AWF) мен Таиланд ауыр атлетика федерациясы (TAWA) өзара келісімге келіп, биылғы доданы Пхукетте өткізуге шешім қабылдады. Нәтижесінде шілде айында өтуі тиіс болған жарыс қыркүйек айына шегерілді. Пхукеттегі алыптардың айқасы 3-12 қыркүйек аралығында өтеді. Сонымен қатар, бұл уақыт аралығында Самоа елінің астанасы Апиада студенттер арасында әлем чемпионаты да байрағын желбіретеді.

Ө. Сансызбай