Кемпірқосақ түсті Жер-Ана

Кемпірқосақ түсті Жер-Ана

Мына шегі мен шеті көрінбейтін кең әлем адам сенгісіз ғажайыптарға  толы. Табиғат ананың ұлы шеберлігі «Не деген ғажап!» деп таңдай қақтырмасыңызға қоймайды. Сондай кереметтердің бірін Маврикия атты экзотикалық аралдағы Шамарель ауылынан көруге болады.

Айтыңызшы, құмның түсі қандай болады? Берер жауабыңыз айдан-анық! Ал, небәрі 700 ғана тұрғыны бар Шамарель ауылында өзіңізге жақсы таныс, тек аспан әлемінде ғана елестете алатын кемпірқосақтың барлық түсін иемдеген, қайталанбас әрі ерекше құм төбе пайда болған. Бір қызығы, құм төбенің түсі де, пішіні де ешқандай борандарда да, нөсерлі жауын-шашындарда да өзгермейді.

1960 жылдардан бері әлемнің ең үздік деген геологтары назды құм төбенің құпиясын ашу үшін білек сыбанып кірісіп келеді. Бірақ жұмбақты шешу әлі ешкімнің бағына бұйырған емес. Ғалымдар бар болғаны құмдар жанартаулар атқылауының нәтижесінде пайда болған деген байламға келді. Олардың тұжырымдарына сүйенер болсақ, темірлі жер қыртысы – қызыл бояуды, ал алюминийге бай топырақ – көк түсті иемденген. Ал, қалған түстер лаваның балқуының әсерінен және әр түрлі температурада суығандығының нәтижесінде пайда болған екен.

Санаңызда «соншама жылдар бойы құмның түсі қалай ғана сақталып тұрған?» деген ой сап ете қалаған болар. Өкінішке орай бұл сауалдың жауабын ғалымдар да әлі күнге дейін таппай келеді. Жер қыртысының қабаттары жауын-шашынның әсерінен бұзылудың орнына жаңарып отыратын көрінеді. Және түстері бір-бірімен ешқашан араласпайтындығы тағы бар.

Шамарель ауылына туристерге жол ашылғалы бері, табиғи ғаламатты өз көздерімен көру үшін әлемнің түкпір-түкпірінен адамдар ағылып келіп жатыр. Саябақтың сұлулығын қалпында сақтап қалу мақсатында, жергілікті органдар құмды төбені арнайы тамашалайтын алаңқайлар ұйымдастырып, құмды төбені шағын ағаш дарбазалармен қоршап қойған.

Суреттер:eco-mir.livejournal.com,kulturologia.ru,kulturologia.ru

Дайындаған: Айгерім Сматуллаева