Конфуцийдің туған күні

Конфуцийдің туған күні

Танымал пәлсафашы Конфуций (оның қытай есімі Кун Цзы) еңбектері 2,5 мың жылдан астам уақыт ішінде мектеп пен білім жүйесіне ықпал жасауда. Ағылшын патшасы сияқты Конфуцийдің жылына екі мәрте тойланатын туған күні бар. Қытай елінің ұлттық мейрамы Мұғалімдер күні батыс күнтізбесі бойынша Конфуцийдің туған күні 28 қыркүйекпен дәлме -дәл келеді. Ал дәстүрлі ұлтшылдар әйгілі ойшылдың туған күнін қытай күнтізбесі бойынша  сегізінші айдың 27-күнінде тойлайды. Ол күн қыркүйек айының соңы мен қазан айының ортасына келеді.

 

Заманауи қытай әлеміндегі Конфуцийге жасалатын құрметті көру үшін оның туған жері Цюйфу қаласына барған абзал. Цюйфу қаласында ұлы ойшылдың құрметіне салынған Конфуций ғибадатханасы басқа құрылыстардың салынуына арқау болды. Пекиннің Құпия қаласынан кейінгі екінші Қытай елінің мақтанышына айналды. Ғибадатханадағы өрнектелген жабық павильондар, аруақ қонған орындар мен бөлмелер жан- жағынан 53 қақпамен қоршалған.

 

Жыл сайын Конфуцийдің туған күнінің құрметіне орай Қытай елінің түкпір -түкпірінен мыңдаған адамдар ғибадатханаға жиналады. Қызыл түсті ұлттық киім киген жамағат Цин әулеті заманында болған салт- жораларды орындап, қоңыр бөрік киген музыканттар барабан аспабында ойнайды. Сиыр, доңыз, тауешкілерін әуезді әуеннің сүйемелдеуімен құрбандыққа шалады. Ән мен биге толы салтанатты рәсім бір сағатқа ғана созылады. Кун тұқымына жататын Конфуций ұрпақтарына аса сый-құрмет көрсетіледі.

 

Өкінішке орай, осы мейрамды пайдаланып, көше саудагерлері ұлттық тағам мен кәде сыйлардың бағасын көтереді. Сондықтан да, алдын ала саудаласқан жөн.

Конфуцийдің ресми туған күніне бара алмайтын жандар үшін сәуір мен қазан аралығында арнайы «Конфуций күндері» өткізіледі. Әр айдың 28-і күні дәстүрлі салт- жоралар жасалады. Мұның барлығы қытай экономикасын жақсарту, саяхатшыларды тарту мақсатында жасалады.

Ғ. Ұзақ