12.12.12

12.12.12

Бүгін – ерекше күн. Бүгін қасиетті үш он екінің күні: он екінші жылдың он екінші айы және он екінші күні. Сағат 00.00-ді көрсетісімен, күллі әлем халқы бір ғасырда ғана қайталанатын сандар тоғысын ерекше ықыласпен қабылдап жатыр.

Жалпы, дәл осындай бірдей сандар шеруі 2001 жылдың бірінші қаңтарынан бері (01.01.01), он екі жыл бойы жалғасып келеді. Және сәйкес келетін әрбір саннан ерекше оқиғаларды күтуден жалықпай келе жатқанымыз тағы бар. Мәселен, белгісіз тылсым күшке ие 06.06.06 күні дінге қарсы шығатын тұлға дүниеге келеді деп болжам жасалса, үш бірдей жеті (07.07.07) кездейсоқ бақыт сыйлайды деп күтілген еді. Сондай-ақ үш тоғыз (09.09.09) жаңа өзгерістер алып келетін сәтті сан деп бағаланды. Әй, қайдам? Осындай өзгерістерге қарқ болған ешкімді көргеніміз жоқ.

12.12.12. Осымен «алтын сандар» қатары мәресіне жетті. 13.13.13-тің болмайтыны айдан анық. Көріпкелсымақтарымызға өз болжамдарын келер ғасырға сақтауына тура келеді.

Келесі кезекті нумеролог ғалымдарымыздың топшылауына беріп көрелік, олар не дейді екен?

•12.12.12-ні бір-бірінен ажыратып жазып, қосып есептейтін болсақ (1+2+1+2+1+2), 9 деген нәтижені береді. ХVІ ғасырдың атақты оккультисті Генрих Корнелиус тоғыз санын сәттілік пен байлықтың нышаны деп қорытқан екен.

•Белгілі астролог Виталий Осипов бұл күні демеуқаржыға ие боласыз немесе ескі қарыздарыңыз қайтарылып, мол қаржыға кенелу мүмкіндігіңіз бар дегенді айтады.

• Бүгін әлемнің түкпір-түкпірінде мыңдаған неке қию рәсімі өткізіледі. Нумерологтар бұл әрекетті толықтай қолдап отыр. Үш рет қайталанған 12 – жаңа құрылған шаңыраққа махаббат, береке, татулық алып келеді екен.

• Дәл осы күні адамдардың бойынан бұрын-соңды байқалмаған таланттар ашылып, қабілеттілігіңіз бен түйсік сезіміңіз жоғарылайды.  Дәл осы саннан ғылым, техника саласында болатын ұлы ашылулар да күтіліп отыр.

• Билік басындағылардың тарапынан мемлекет пен халыққа оң әсері болатын жаңа қаулылар шығады деген болжамдар да жоқ емес (В.Осипов).

• Он екісінен он үшіне қараған түні тілек тілеуге болады. Тілектердің орындалу мүмкіндігі қарапайым күндерге қарағанда жоғары болып отырған көрінеді.

• Айтпақшы, дәл осындай әдемі күнтізбелік күн осы ғасырдың желтоқсан айының жиырмасыншы жұлдызынан да күтіліп отыр (20.12 2012).

Аяулы оқырман! Назарларыңызға ұсынылған мәліметтерді нумеролог, астролог ғалымдарымыздың болжамдары ғана деп қабылдағаныңыз жөн. Ал олардың сөзіне құлақ асу да, аспау да өзіңіздің құзырыңызда. Дәл осындай ерекше сандардың ғұмырыңызда соңғы рет куәгері атанып отырғандықтан, бұл күнді ерекше әрі есте қаларлықтай өткізгенге не жетсін! Себебі, бұл күнге жеткендер де бар, жетпегендер де бар...

Суреттер:acmb.ru,o001oo.ru

Дайындаған: Айгерім Сматуллаева