- Негізгі бет
- Сырлы әлем
- Өзге елде ақшаңыздан...
Өзге елде ақшаңыздан айырылып қалмаңыз!
Шетелде ақша операцияларын жүргізген кезде абайлаңыз. Кез келген елде демалуға келген жандарды бірден байқап, аңдып жүретін ұры-қарылар мен айлакерлер жетерлік. Банктің жабық есігінің алдында тұрған сізді көрген бойда олар пайда болады. Испания мен Италия елдерінде олар түскі демалыс уақытында, Израильде сенбі күні, Польша мен Францияда жексенбіде өз қулығын жүзеге асырады.
Айлакерлік амалдар валюталық операцияларды жүргізу барысында болады. Әдетте, мұзға отырғызудың екі жолы бар: бірі ірі ақшаны ұсақтау сәтінде, бірі базар аралау кезінде.
Ақша ұсақтау кезінде айлакерлер сізге ақшаңызды дұрыс қайтармайды. Осы кезде екінші айлакер келіп, сізге байқатпай ұсақ ақша қағазын салып жіберуі мүмкін. Мұндай айлакерлер Шығыс Еуропа елдерінде көп кездеседі.
Базар аралаған кезде жан-жағыңызға қарап, абайлап жүріңіз. Себебі, тауар таңдау мен сатып алу кезінде сізден садақа сұрап, сізді цыған балалары, мүгедектер, қайыршылар қаумалап алуы мүмкін.
Сондай-ақ, шетелдерде қалта тонаушылар жиі кездеседі. Венада әмияндарды темір жол вокзалдарында ұрлайды. Швейцарияда қалта тонаушылар халық көп шоғырланған орталық көрмелер мен жәрмеңкелерде жүреді. Қалта тонаушылары ең көп шоғырланған мемлекеттер: Испания, Италия, Тайланд, Филипинны, Франция, Ұлыбритания.
Ал Финляндия және Біріккен Араб Әмірлігі елдерінде ұры-қарылар жүрмейді. Себебі, бұл мемлекеттерде кез келген азамат ұрлық үшін үлкен жауапқа тартылады.
Кәдеңізге жарар кеңестер
- Ақша-қаражаттарыңызды сыртқы қалтаға салмаңыз.
- Өзіңізбен бірге құжаттар мен ұшақ билетін алып жүрмеңіз. Мұның барлығын сіз қонақүйдегі сейфке қалдырып кете аласыз.
- Халық көп шоғырланған жерлерде (касса, дүкен, жәрмеңке) сақ болыңыз. Жан-жағыңызға қарап, өз дүниелеріңізге ие болыңыз.
- Бейтаныс жандардан өз заттарыңызды қарай тұруын өтінбеңіз.
- Күдік туғызған жандармен жақын араласпаңыз, бір ортада болып, алкогольді ішімдік ішіп, ауқаттанбаңыз.