Оңтайлы демалудың он жолы

Оңтайлы демалудың он жолы

Жер жүзін шарлап, саяхаттан жақсы әсер қалдыру үшін көп дүниенің қажеті жоқ. Мүмкіндігінше барлығын алдын ала қарастырып, демалыстың азабын тартпай, рахатын көрген жөн.  Назарларыңызға оңтайлы демалудың он жолын ұсынамыз.

1. Демалысты алдын ала жоспарласаңыз, мүмкіндігінше, мерекелік күндері жолға шықпаңыз. Себебі, бұл күндері демалу қымбат әрі қиынырақ болады. Жолға мерекелік күндерге дейін бірнеше күн бұрын ертерек шығыңыз. Демалыс біткен соң, мерекеден соң екі-үш күннен кейін қайтыңыз. Егер де, мамыр айындағы мерекелік күндері шетелге шығуды жоспарлап жүрсеңіз, жолдаманы алдын ала үш-төрт ай бұрын сатып алыңыз. Бұл сіздің қалтаңызды үнемдейді.


2. Киім-кешекті екі есе аз, ал қолма-қол қаражаттарды екі есе көп алғаныңыз жөн. Еуропа, Латын Америка, Оңтүстік-Шығыс Азия сияқты елдерде киім-кешек пен аяқ киім өте арзан. Қажет болса, дәл сол жердің дүкендерінен сатып аласыз. Сапасы да жақсы, бағасы да төмен.


3. Сапарға шықпас бұрын, әуежай мен қонақүй арасындағы қашықтық пен жол бағытын біліп алыңыз. Тіпті, сіз саяхатқа ұжымдық тур арқылы шықсаңыз да, сізге жол картасын алған жөн. Себебі, ұжымдық тур кезінде кешігіп жатқан жандарды күтуге тура келеді. Күтуге кететін уақыттың орнына, сіз қаланы аралап, жол картасы арқылы қонақүйді өзіңіз тауып аласыз.


4. Өзіңізге уақыт бөліңіз. Әрине, сіз демалыс кезінде жанұя мүшелері мен достарыңызбен қыдыра аласыз. Алайда, өзіңізге де көңіл бөлгеніңіз жөн. Бір-екі сағат жаяу жүріп, уақытты жалғыздықта өткізіңіз. Кейін сіз жалғыздықта жүрген кезде кездестірген көп дүниелерді еске түсіріп, демалыс туралы ой-пікірлердің саны арттырасыз.

5. Өзіңізді тұтынушы емес, қонақ ретінде көрсетіңіз. Демалуға келген жердің салт-дәстүрін сыйлаңыз. Жергілікті тұрғындармен тіл табысып, жақсы араласып кетуге тырысыңыз. Жан-жағыңыздағы қауымға ізеттілік білдіріп, сыпайы болыңыз.

6. Жергілікті тілде бір-екі ауыз сөзді жаттап алыңыз. Әсіресе, сәлемдесу, қызмет көрсету, көмек сұрау сөздерін білгеніңіз жөн.


7. Ешуақытта барған еліңіздің басты көрікті жерлерінің маңында орналасқан мейрамханалардан тамақтанбаңыз. Егер де сіз Париж қаласына барсаңыз, Эйфель мұнарасының жанындағы мейрамханаларда ауқаттанудың орнына, сіз бір-екі көше төмен орналасқан мейрамханаларға барыңыз. Бұл жақта қызмет көрсету мен ауқаттану бағасы екі есе арзан.


8. Жұмысқа байланысты қоңыраулар жиі болып, сізді мазалап, демалысқа кедергі келтірмес үшін демалысқа шықпас бұрын, әріптестеріңізбен жұмысқа байланысты барлық мәселелерді алдын ала шешіп, өзара келісіп алыңыз.


9. Жергілікті уақытқа бейімделуді алдын ала қарастырыңыз. Жолға шықпас бұрын, демалып, екі-үш сағат мызғып алыңыз. Сондай-ақ, кофе мен кока-кола ішпеген жөн. Бұлар дер кезінде ұйықтап қалуға кері әсерін тигізеді.


10. Кейбір жерлерде сүлгілер мен майлықтар таба алмай қиналмас үшін өзіңізбен бірге ылғалды сүлгілерді алып жүріңіз. 


Суреттер ғаламтор беттерінен алынған

Ғ. Ұзақ