100 құты сыраны сіміріп кеткен "ішкіш" аюлар

100 құты сыраны сіміріп кеткен "ішкіш" аюлар

Норвегияның солтүстігіндегі Ярфьорд ауылында тұратын норвегиялық тұрғынның жеке үйіне 4 аю баса көктеп кіріп 100 құты сыраны сіміріп кеткен. Бұл жөнінде норвегиялық The Local басылымы баяндаған.

Үй иесі Ивен Бортен Нильсеннің айтуынша, ол үйде жоқ кезде үш қонжығын ерткен ұрғашы аю үйге баса көктеп кіріп кеткен. Олар үйдің сыртқы қабырғасын құлатқанымен қоса, барлық тәттілерді жеп кеткен. Бал мен шоколад пастасынан да дым қалдырмаған. Тәттіге тояттап алған аңдар сыра толы құтыға көз тігіпті. 100 құтыға «құда түскен» олар ыдысты түбіне шейін бос қалдырған. Сыраға қылқиып тойып алған «ішкіш» аюлар үй ішінің шырқын бұзып, кереуетті сындырып кеткен. Не іздегені белгісіз, киім шкафтарын ашып, ішіндегілерді шашып тастапты. Бұзақылығын тез доғара қоймаған олар қабырғадағы сөрені де түсіріп тыныпты.


Таңертең үйіне оралған Нильсеннің шешесі мен әжесі үй ішінің айра-жайра болғанына куә болып, бұл тәртіпсізіктің кім жасағанын бірден аңғарған. Себебі үйдің еденінде аюлардың аяқтарының іздері қалып қойған екен.

Нильсеннің ойынша «бұзақы» аюлар әлі де айналшықтап келіп қалуы мүкін. Үй иесі аш ана аю балаларын тойдыру мақсатында қонжықтарымен қосарланып қайтадан келе ме екен деп қорқып отыр.

Дәл осындай жағдай бұрын да қайталанған еді: 21 шілде, сенбі күні Пенсильвания штатында жас аю сауда үйіне баса көктеп кіріп кеткен еді. Қонжықты жергілікті уақыт бойынша 20.30-дар шамасында дүкеннің  автотұрағынан байқапты. Жас аюды ұстап алғысы келген әлдебіреулер оны артынан қуған екен. Ұстатқысы келмеген қонжық сауда үйіне қарай беттепті.

Дайындаған: Ақерке Әбілхан

Сурет:livejournal.com

А. Әбілхан