Ұшаққа сәбиіңізбен мінбексіз бе?

Ұшаққа сәбиіңізбен мінбексіз бе?

Баламен бірге саяхатқа шықпас бұрын, алдын ала барлығын қарастырып, лайықты демалысты таңдап, ұшаққа билет сатып алу керек. Алайда, баламен бірге ұшаққа міну оңай шаруа емес. Сондықтан баламен бірге алыс сапарға шықпас бұрын берер кеңесімізге құлақ түріңіз.

Кез келген жастағы бала ұшақта өзін жақсы сезінуі керек. Егер де бала алғаш рет ұшаққа мінсе, оған алдын ала ұшақта өзін-өзі ұстау ережелерімен таныстырыңыз. Жолға шыққанда балаңызға ыстық тартпайтын жеңіл киім мен жайлы аяқ киім кигізіңіз. Жас сәби болса, әуе компанияға алдын ала хабарласып, бөбектерге арналған бесікке тапсырыс беріп қойыңыз. Әуежайдағы тіркеу кезінде әуежай қызметкеріне бала бесігіне тапсырыс бергендігіңіз туралы айта кетіңіз. Әдетте, әуежай қызметкерлері баласы бар жолаушыларға жайлы әрі ыңғайлы орындарды береді.


Бір қаладан екінші қалаға бірнеше сағат ұшуға ересектер төзе алса, балалар шыдамсыздық танытып, мазасыздануы мүмкін. Балаңыздың көпшілік ішінде бей-берекет жылағанын қаламасаңыз, оған бар жағдайды жасаңыз.

Жас сәбиі бар қыз-келіншектер өздеріне ыңғайлы әрі жеңіл киім кигені жөн. Балаңызды ұшаққа мінбес бұрын емізіп алыңыз. Сондай-ақ, бала тамағын, қайнатылған су құйылған бөтелке, жеміс-жидектерді салыңыз. Ал 2-3 жасқа келген балаларға ұшақта берілетін тағам аса жақпайды. Сондықтан да, олардың да тамағын алдын ала ойластырыңыз. Жеміс-жидектер, жаңғақ, сүт өнімдерін, шырын салып алыңыз.

Жолға дайындалғанда, сөмкеңізге дәрілер мен гигиеналық заттарды көптеп салыңыз. Жөргектер, ылғалды сүлгілер, балалар сабыны, мақта сияқты дүниелер барынша артық болуы керек.

Жол жүрген кезде бала күнделікті ұйқы тәртібін бұзбағаны абзал. Бала сыртқы орта әсерінен ұзақ көз ілмеуі керек. Ол кезде шыдамдылық танытып, балаңызды бесікке салып, тербетіп, ұйықтатыңыз. Ұйқысының бұзылып кетпеуін қадағалаңыз. 2-3 жасқа келген баланы ұйықтатпас бұрын, оны қолыңызға алып, тербетіп, ертегі-әңгіме айтыңыз. Бала ұйықтап кеткенде оны орындығына жатқызып, үстіне көрпе жауып, қауіпсіздік белдігін тағып қойыңыз.

Кейбір әуе компаниялар кішкентай жолаушыларға арнап, түрлі ойыншықтар мен тәттілер салынған қоржындарды сыйға тартады. Алайда, сіз де өзіңізбен бірге балаңыздың ойыншықтарын алуды ұмытпаңыз. Сондай-ақ, ертегі кітаптарын, сурет салатын альбом, түрлі-түсті қарындаштарды алып, жолда балаңызбен бірге көңіл көтеріңіз.

Баламен жол шығу, онымен бірге саяхаттау үлкен жауапкершілікті қажет етеді. Әрдайым балаңызға бас-көз болып, демалысты жайлы әрі есте қаларлықтай жақсы өткізуге тырысыңыз.

Дайындаған: Ғазиза Ұзақ

Суреттер: feme.com.ua, air-bonus.ru

Ғ. Ұзақ