- Негізгі бет
- Қазақстаным
- Студенттің бір күні......
Студенттің бір күні...
Студенттік кезең - өмірдің ең бір қызықты, мәңгілік ұмтылмастай керемет шағы. Жатақхана. Мөлдір махаббат. Алғашқы қиындықтар. Емтихан. Ұйқысыз түндер. Ауылға деген сағыныш. Көңілді кештер... Мұндай тамаша сәттердің қадірін студент деген асқақ атты иемденген пенде ғана біледі. Алайда, мәңгі студет болу ешкімнің де маңдайына жазылмаған. Бәрі де өткінші. Күрең күздің жаңбыры да, қытымыр қыстың қақаған аязы да, жаймашуақ жаздың аптапты ыстықтары да, көгілдір көктемнің батпақтары да білінбестен тез өте шығады...
Студенттік өмір туралы айтылатын әңгіме тым көп. Оны бір жазбаға сыйдыру да мүмкін емес. Осы орайда Массагеттіктер болып Студенттер мерекесінде тығырықтан шығудың бір жолын ойлап таптық. Ол жоба - "Студенттің бір күні" деп аталады. Алматыдағы алдыңғы қатарлы жоғарғы оқу орындарының студенті, біздің кейіпкеріміз Дина Ермекжан студенттік шақтың бір күнін көз алдыңызға алып келе алады деген үміттеміз. Бізбен бірге болыңыз!
Қоңыр күздің қарапайым күндерінің бірі. Шырт ұйқыда жатқан студент... Кенет оятардың дауысы шырылдап қоя берді. Бұл - студентке "оян" деген бұйрық еді.
Тәтті ұйқы мен жылы төсекті қимай көтерілген қыр гүліндей құлпырған аруымыз үшін тағы да бір жаңа күн басталды.
Әлі де көзін ашуға қиналып, ұйқылы-ояу жүрген студент жуынып-шайынып, жаңа күнге дайындалуда.
Таңғы ас. Анасының "таңғы асыңды тастаушы болма" деген ақылын жерге тастамаған Дина тәбеті болмаса да, тамақтануға отырды.
Талайдың жылы ұясына айналған жатақхана өзінің сүйікті тұрғынын "инемен құдық қазуға" шығарып салып тұр. Студент те күнделікті әдеті бойынша сабаққа аттанып барады.
Біздің Дина университеттегі кабинеттердің бірінде өзінің құрбыларымен бірге сабақта отыр.
Сағаттаған семинарлар мен дәрістер... Ұстаздардың себуден жалықпайтын білім нәрі... Жақсы маман болсам деген студенттің қарқынды талпынысы... Бұл да күн сайын қайталанатын әрекеттердің бірі еді.
Әйтеуір, сабақ та аяқталды-ау! Студент, сіз сабақ аяқталысымен қайда барушы едіңіз? Ал біздің бойжеткеннің қайда баратынын білгіңіз келсе, бірге жүріңіз...
Дина бойжеткен аялдамада автобус күтіп тұр.
Әрине, сапалы білім алып, қоғамға өз үлесін қосу кез келген студенттің парызы. Алайда, мұнымен шектеліп қалуға болмайды. Жаңа ғасыр студенттен одан да көпті талап етеді. Дина өзінің болашақ армандары мен мақсаттарын бағындыруда септігі тиер деген ниетпен би үйірмесіне қатысып жүр. Билеу - Динаның оқушы кезден бері келе жатқан сүйікті ісі. Жаныңа жақын іспен айналысып тұру деген ғажап емес пе?
Бір тәулігінің 1-2 сағатын биге арнауды әдетке айналдырған бойжеткен би жаттығуларын жасаудан жалыққан емес.
Би үйірмесі де аяқталды. Дина тағы да аялдамаға келіп тоқтады. Қайда бара жатыр дейсіз бе?
Әрине, кітапханаға! Студент - ізденуші. Ал кітапхана - оның екінші үйі.
Өзіне керек ақпараттарды тауып алған Дина ұстаздарының тапсырмасын орындауға кірісіп те кетті.
Көркем шығарманың қызық болғаны соншалықты, студент өзінше бір әлемге еніп, қиялдың қыл шылбырынан ұстап алған секілді...
Кітапханадағы жұмыстарын бітіргенше сағат алтыдан асып қалды. Театр қойылымдарын тамашалауды жанындай жақсы көретін Дина Қарашаңырақ М.Әуезов театрына қарай жол тартты.
Алыстағы ата-анамен, туған-туыс, бауырмен амандық сұрасып, әңгіме-дүкен құру - студенттің сүйікті істерінің бірі. Ұялы телефонмен айтылатын сағаттаған әңгімелер сағынышты басудың қамы ғой...
Қойылым өз мәресіне жеткенше кеш батады. Таң атқанда ақ жол тілеп аттандырған жатақхана қараңғы түскенде өз тұрғынын шамдарын жағып қарсы алып тұр.
Студенттің тіршілігі сабақ оқып, үйірмеге қатысып, театр жағалаумен бітпейді. Студент үй шаруасымен да жақсы айналыса білу керек. Тамақ жасау, бөлме жинау, кір жуу, құрбыларымен сырласу - ол да бір жасамауға болмайтын міндеттер сияқты. Дина, уақыт созбастын тамағын жасауға да кірісіп кетті.
Кешкі асты ішіп, асқазанды тыныштандырып болған соң, жазу жазудан жалықпаған студент үй тапсырмасын орындауға отырады. Бұл да күн сайын қайталанатын әрекеттердің бірі...
Күні бойғы қарбалас тіршіліктен әбден шаршап-шалдыққан Дина әзер дегенде сабағын жазып отырды да,
ұйықтап кетті...
Біздің кейіпкеріміздің бір күні жоғарыдағыдай болды. Сіздің ше? Студент, сіз бір күніңізді қалай өткізесіз?
Суреттерді түсірген және дайындаған: Айгерім Сматуллаева