Алматыдағы Азиада мұрасы

Алматыдағы Азиада мұрасы
Фото: depositphotos/olympic.kz

Әлемтану айдары осыған дейін Ару қала Алматының «Көктөбе», «Медеу», «Республика алаңы» сынды ең көрікті орындары, сондай-ақ қала саябақтары туралы әңгімелеген болатын. Ал бүгін қала қонақтары үшін мақтанышпен көрсете алатын тағы да бір әдемі ғимараттарымыздың бірі – Халықаралық шаңғы трамплині әңгімеміздің негізгі арқауы болмақ.

Халықаралық шаңғы трамплині - былтырғы жылы алауы Астанада жағылып, шымылдығы Алматыда жабылған спорт додасы – VII Қысқы Азияда ойындарынан қалған «мұра» десек те болады. Қысқы Азия ойындары қарсаңында құрылысы аяқталып, пайдалануға берілген кешен бүгінде ерекше сәулетімен айналаны көріктендіріп тұр.

Көкпен таласып, асқақтаған Алатаудың баурайында орналасқан шаңғы трамплині негізінен 5500 көрерменге арналған мінбермен жабдықталған. Ең бастысы, мұндай трамплин кешендері әлемде саусақпен санарлықтай ғана.

Ең мықты деген мамандардың қатысуымен тұрғызылған кешен әлемдегі ең үздік он трамплиннің қатарында. Бұл туралы ресейлік "Российская газета" басылымы: "Алматыдағы жаңадан салынған трамплин кешендерiне қарап, мұндай үлгiдегi спорт нысандарының Ресейде ендi салынып жатқандығына қынжылдық. Әзiрге тек Нижний Новгород қаласындағы трамплин мен Сочидегi Олимпиадаға арнап салынып жатқан кешендер ғана Алматыдағы қос трамплинмен иық тiрестiре алады. Ресей спортшыларының өзi бүгiнде жаттығу өткiзетiн алаң таппай, Алматыға иек артып жүр" - деп жазған болатын.

Сүйікті қаламыздағы Халықаралық шаңғы кешенінің басты ерекшелігі: мұнда екі үлкен трамплин бар. Үлкендерінің бірінің ұзындығы 125 метр болса, екіншісінің ұзындығы 95 метрді құрайды.

Шаңғышылардың айтуынша, Халықаралық шаңғы трамплині кешені құрылысына халықаралық сарапшылар мен спорттық функционерлер техникалық жағдайы мен сәулеті жағынан әлемдегі ең үздік спорттық кешен деп баға берген. Соған орай, Алматыдағы Халықаралық шаңғы трамплині кешенінде тек спорттық жарыстардан басқа мәдени ойын-сауық кештерін де өткізуге қолайлы. Қазіргі таңда еліміздегі ірі мәдени іс-шаралар осы кешенде өтуде.

Кешеннің мекен-жайы: әл-Фараби даңғылы мен Марков көшелерінің қиылысы.

Дайындаған: Айгерім Сматуллаева

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!