Астана - қазақ елінің астанасы

Астана - қазақ елінің астанасы
Фото: depositphotos.com

1832 жылы Есіл өзенінің жағасы Қараөткел шатқалында Ақмола бекінісі салынды. 1863 жылы 16 шілдеде Ақмола қаласы аймақтық қала болып ресми түрде бекітілді. 1960 жылдың желтоқсанында Ақмола Қазақстанның барлық тың игеретін облыстарының орталығы болып жарияланды.

Қала 1961 жылға дейін Ақмола, 1961 жылдан 1992 жылға дейін Целиноград, 1992 жылдан 1998 жылға дейін Ақмола деп аталды.

1998 жылы Ақмола Қазақстан Республикасының астанасы болып жарияланған соң, қала атауы Астана деп өзгертілді. Қала Сарыарқаның солтүстігінде, Есіл өзенінің бойында орналасқан. Еуропа мен Азияны байланыстыратын тарихи орталық.

Халық саны: 697,3 мың адам (2011)

Халық санының тығыздығы: 958 адам/шаршы шақырым

Аумағы: 72,2 мың гектар: «Алматы» ауданы – 21,4 мың гектар, «Сарыарқа» ауданы - 19,6 мың гектар, «Есіл» ауданы – 31,2 мың гектар.

Телефон коды: Қазақстан бойынша қалааралық код – 7172; халықаралық код – 107 – 7172

Климаты: Континентальды. Қыс мезгілі өте суық, ұзақ, қатты. Жаз мезгілі құрғақ, шілде айының орташа температурасы +20 С.

Қызықты мәліметтер

  • 1998 жылы ЮНЕСКО шешімі Астана қаласын «Бейбітшілік қаласы» деген атауға сай деп танып, медальмен марапаттады. Бразилияда өткен дүниежүзілік байқауда әлем бойынша 12 жас қаланың ішінен Астана жоғары атақты иеленді.
  • Астана – Азия елдерінің ішіндегі солтүстікте орналасқан қала.
  • Астана – әлемдегі суық астаналардың қатарында. Ұлан-Батор қаласынан жылырақ, ал Оттавадан суық.
  • Әлемдегі екі астана атауы «Астана» деген мағына береді: Сеул және Астана қалалары
  • Әлемдегі екі елдің астанасы Солтүстік Мұзды мұхит бассейнінде орналасқан. Моңғолия астанасы Ұлан-Батор қаласы Енисей, ал Астана Есіл өзенінде орналасқан.
  • Қала жобасымен атақты жапон сәулетшісі Кисе Курокава айналысты.

 Астана қаласының көрікті жерлері

Фото: depositphotos.com

1. «Астана-Бәйтерек» кешенінің биіктігі - 97 метр. Металл, әйнек және бетоннан тұрғызылған «бәйтерек ағашының» жалпы биіктігі 105 метр, салмағы 1000 тоннадан асады. Кешеннің үстіңгі жағында орналасқан алып шар диаметрі - 22 метр, салмағы - 300 тонна. Алып шар «хамелеон» әйнектерінен жасалған. Күн сәулесінің түсуіне байланысты шар түсі ауысып тұрады. Жоба сәулетшісі - Норман Фостер.

2002 жылы ашылған кешен Астана қаласының ғана емес, күллі Қазақстанның нышанына айналды. Мұнара негізгі үш әлемнен құрылған: жер асты, жер және аспан әлемі. Төрт жарым метр тереңдікте орналасқан астыңғы қабатта кафе, аквариум және «Бәйтерек» мини-галереясы орналасқан. 


Фото: depositphotos.com

Алып шарға лифт арқылы көтеріліп, үлкен залға еніп, қаланың толық көрінісін көруге болады. Зал ортасында әлемдік діндердің өкілдері қол қойған 17 жапырақты ағаш глобус және қазақ елінің бейбітшілік нышанына айналған «Аялы алақан» - Қазақстан Республикасының тұңғыш президентінің алақанының таңбасы орналасқан.

 2. «Атамекен – Қазақстан картасы» этно-мемориалды кешені. Ашық аспан астындағы «Атамекен – Қазақстан картасы» этно-мемориалды кешенінде қазақ жерінің сұлу табиғаты бейнеленген. Картада 14 облыс және Астана мен Алматы қалалары орналасқан. Қазақ жерінің табиғи-климаттық аймақтары, ландшафт, сәулетті көркем ғимараттары мен көлік жолдарын көруге болады. 

3. «Қазақ елі» мемориалды кешені. Мәрмәр монумент - кең-байтақ Қазақ жері мен оның халқының бірлігін, болашақта көркейіп, дамуының белгісі. Биіктігі 91 метрге жететін монумент Қазақ елінің 1991 жылы егемендік алғанын бейнелейді. Монумент шыңында алып құс Самұрық, төрт жағында «Алғашқы Президент пен Қазақ халқы», «Қаһарман», «Болашақ» және «Жасампаздық» қола барельефтері қашалған.

4. «Хан-шатыр» сауда және ойын-сауық орталығы. Танымал британ сәулетшісі Норман Фостердің жобасымен салынған. Қала орталығында бой көтерген бұл орталық салмағы 2300 тонна болатын металл қондырғылардан тұрғызылған. Шатыр биіктігі 150 метрге дейін жетеді, сыртқы жағы тұтас әйнектермен қапталған.

Фото: depositphotos.com

Арнайы қондырғылар ішкі температураны бір қалыпты сақтайды. Алты қабатты орталықта сауда нүктелерімен қатар, ойын-сауық орындары жұмыс істейді.

5. Думан ойын-сауық орталығы.  2003 жылы мамыр айында жұмысын бастаған бұл кешенде мұхитаралы, 5D-кинотеатр, үлкен күмбезді кеңістік, сауда нүктелері мен тамақтану орындары бар. Бұл ТМД-дағы алғашқы мұхитаралы бар үлкен кешен. 

Су қоры 3 миллион литрге жететін мұхитаралда теңіз жәндіктерінің 100-ден астам түрі мекен етеді. Әр түрлі көлемдегі 11 аквариумды екі үлкен көрме аймағы мен қалыңдығы жеті сантиметрге жететін 70 метрлік дәліз бар.  

6. «Отан Ана» кешені. Жоңғар шапқыншылығы мен Ұлы Отан Соғысы кезінде ерлікпен қаза тапқан жандардың құрметіне салынған. Ұзындығы 24 метрді құрайтын мемориал ортасында граниттен тұрғызылған таста алтын шара ұстаған әйел бейнеленген. Қолындағы шара тыныштық пен гүлденудің белгісі. Барельефтің оң жағында кеңес әскерлері, ал сол жағында жоңғар шапқыншылығында қаһармандық танытқан қазақ батырлары бейнеленген. Төменгі жақта мәңгілік алау орналасқан.

Фото: depositphotos.com

7. Декоративтік мүсіндер. Астана қаласының басшылығы суретшілер, дизайнерлер және сәулетшілердің арасында үлкен байқау ұйымдастырды. Шарт бойынша байқауға қала көркін ашатын жобаларды ұсыну керек еді. Байқау аяқталған соң, үздік деп танылған жобалар Астана көшелерінде орын алды. Қоладан тұрғызылған мүсіндер әр қилы болғанымен, оларды барлығы қаланың сәнін кіргізіп, көпшілік қауымның сүйікті демалыс орындарының біріне айналды.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

Ғ. Ұзақ