Формула 1 жарысының тарихы

Формула 1 жарысының тарихы

Жаңа корольдік автобәйгенің кезеңі 1947 жылы басталған. Дәл сол кезден бастап "Формула А" класты автобәйгелердің ұйымдастырылуы басталып, бұл жарысқа көлемі 4500 см3 атмосфералық пен 1500см3 компрессорлы қозғалтқыштары бар көліктер қатысатын. Бұл жарыстың негізінде "Формула 1" бәйгесі құрылған. Италияның өкілі А.Б. Сфорцтың бастамасымен "Формула 1" жарысынан әлемдік чемпионаттарды өткізу туралы шешім 1949 жылы қабылданды.

Бірінші регламент

"Формула А" класты бәйгелерде соғысқа дейін құрастырлған "Alfa-Romeo-158" мен "Maserati-4CL" сынды көліктер қатыса алатын. Ұпайларды есептеу жүйесі 1925-1927 жылы ұйымдастырылған әлем чемпионаттардың жүйесіне дәл қарама-қайшы болатын. Бұл жерде: айыппұл ұпайлар жүйесі қолданылып, сәйкесінше ұпайлар санын аз жинаған жүргізуші жеңімпаз атанады. Ал "Формула 1" бәйгесінде бірінші бестікке ұпайлар саны 8-6-4-3-2 жүйесі негізінде есептеліп,  айналымды тез өткен жүргізушіге қосымша 1 ұпай қосылады. Ұпайлар санын ең көп жинаған жүргізуші жеңімпаз атанады. Чемпионаттың құрамында  500 мильді американдық бәйге де болған,  осылайша FIA федерациясы еуропалық пен американдық автоспортты түйістіруге үлес қосқан.

Алғашқы чемпионат

Алғашқы чемпионат 1950 жылдың 13 мамыр күні Сильверстоун трассасында басталып, бұл жарыс Ұлыбритания Гран Приі деген атқа ие болған. Бұл жарыста "Alfa-Romeo" командасы өздерінің "158" үлгілерінде жеңіске жетіп, көрермендердің жүректерін жаулап алған болатын. Команданың негізгі үш жүргізушілері - Джузеппе Фарина, Хуан Мануэль Фанхио мен Луиджи Фаджоли жарыстың алғашқы секундтарынан басымдық танытып, бастапқы айналымда бірінші орындарды иемденген. Қозғалтқыштағы ақаулықтың кесірінен Фанхио жарыстан шығуға мәжбір болғандықтан, мәре сызығын бірінші болып Фарина кесіп өткен, 2.6 секундтан кейін Фаджолидың да көлігі көрінді. Қалған бес орынның екеуін франциялық "Talbot-Lago-T26C" командасының Иву Жиро-Кабанту мен Луи Розье жеңіп алған.

Гран При Монако кезеңінің 21 мамыры "Alfa-Romeo" үшін сәтсіз болған. Бәйгенің алғашқы сәттерінде үлкен қақтығыс орын алып, соның салдарынан 9 жүргізуші жарыстан шығып кеткен. Қатысушылардың қатарында Фарина мен Фаджоли да болған. Әріптестерінің жарыстан шығып кеткенін пайдаланып алған Фанхио, барлық қақтығыстардан аман қалып, 98.7 ш/с жылдамдықпен мәре сызығын кесіп өткен (бұл бәйге әлем чемпионаты тарихындағы ең баяу)."Ferrari" командасының намысын қорғаған итальяндық Альберто Аскари бір айналымға кешігіп, екінші нәтиже көрсеткен болатын. Мәре сызығын үшінші болып, соғысқа дейінгі жылдарда үздік нәтиже көрсетіп жүрген Луи Широн өзінің "Maserati" көлігімен кесіп өткен. Төртінші орынды Раймон Соммер  жеңіп алған. Ол "Ferrari командасының намысын қорғаған болатын. Чемпионаттың үшінші кезеңі болып, Индианаполисте өткен 500 мильді американдық бәйге болып саналады. Бірақ, Индианаполиске негізгі қатысушылар келмегендіктен, жеңіс тұғырынан жергілікті Джонни Парсонс көрінді.

Бұдан кейін Швейцария елінің Гран При жарысы өткізілген, бұл бәйгеде баяғыша "Alfa-Romeo" командасының жігіттері халыққа өнерлерін көрсеткен. Квалификация кезінде алғашқы үш орынға қол жеткізген үштік Аскариді қуып жетіп, бәсекелестерінен әлдеқайда озып кеткен. Нәтижесінде Фарина бас жүлдені иемденіп, екінші орынға Фаджоли түскен, ал Фанхио болса, Сильверстоундағыдай қозғалтқыш ақауының кесірінен жарысты жалғастыра алмады. "Ferrari" командасының екі жүйрігі де жарыстан шығып, үшінші орынды Розье еншіледі. Төрт кезеңнің қорытындысы бойынша, 18 ұпаймен Фарина кестені бастап келеді. Фаджоли болса, 12 ұпайды қанағат тұтып, Фанхио 9 ұпайды еншіледі. Бірақ, бұнымен санасқысы келмеген аргентиналық жүргізуші күшін жұдырығына жинап, Бельгияда өткен бесінші кезеңде жеңіске жеткен. Бұл жолы да Фаджоли күміс медаль еншілеп, үшінші орынды Розье жеңіп алған. Чемпионат көсбасшысы Фарина жартылай позициядан жарысын бастап, көлік ақаулықтарының кесірінен мәреге төртінші болып келген. "Talbot" командасының намысын қорғаған Соммер жарысқа айтарлықтай өзгеріс әкелмегенімен, 5 айналым бойы көліктер тізбегін басқарып отырған. Өкінішке орай, француз жүргізушісі жарысты аяқтауға мәжбүр болды: көлігінің қозғалтқышы жанып кеткен болатын. Чемпионаттың алтыншы кезеңі Фанхионың жеңісімен аяқталған. Фанхио үздік айналым көрсеткішіне де қол жеткізген. Фанджоли болса қатарынан үш рет екінші орынға ие болса, Питер Уайтхед атмосфералық қозғалтқышы орнатылған жаңа "Ferrari-375" үлгімен үшінші орынға ие болды. Жарыстың басында алғашқылардың қатарында болған Фарина көлік ақаулығының кесірінен қалып қалған.

Хуан Мануэль Фанхио

Чемпионаттың алты кезеңінен кейін Фанхио 26 ұпаймен көш бастап келеді. Екінші орында 24 ұпаймен Фаджоли болса, Фарина үшінші орында, оның еншісінде 22 ұпай. Чемпион атағы үшін осы үш жүйрік қана күресе алатын: Розьенің ұпайлар саны бар болғаны 10. Чемпионат Италияның Монце қаласында аяқталып, бұл кезеңде екінші рет елеулі оқиға орын алған. Естеріңізге сала кетейік, алғаш рет Монако кезеңінде Хосе Фройлан Гонсалес "Maserati" көлігімен топ жарған болса, Монцеде "Ferrari" көлігіне мінген Аскари квалификацияда екінші нәтижеге қол жеткізген. Жарыс басталысымен Фарина мен Аскари бірінші орын үшін таласып, бір-бірімен ұзақ күресіп, ақырында Альберто өз қарсыласын екі айналымға озған. Фанхио үшінші нәтиже көрсетіп тұрып, үздік айналым иегері атанған, бірақ, беріліс қорабының ақаулығынан жарысты 24 айналымда аяқтаған. Аскари болса, жарыстан үш айналым бұрын шығып кеткен. Екеуі де бәйгені қайта жалғастырған болатын. Фанхио Пьерро Таруффидің көлігіне мінсе, Аскари Дорина Серафининің темір тұлпарын ерттеген. Аскари мәре сызығын екінші болып кесіп өтсе, Фанхио жарысын жалғастыра алмады: қозғалтқышы жанып кеткен. Фарина Аскариден 1 мин 18,6 с уақыт ерте келіп, формула 1 класындағы алғашқы чемпион атанды. Аскаридің ізін басып жүрген Фаджоли өзіне ұпай санын қоса алмай,баяғы 24 ұпайымен жеңіс тұғырының үшінші орнын еншілеген.


 Сурет finam.fm сайтынан алынған