- Негізгі бет
- Шолу
- Роскосмос: Апатқа себеп...
Роскосмос: Апатқа себеп болған "Бриз-М"-нің барлық партиясы жарамсыз
"Бриз-М" екпіндеткіш блоктарының барлық партиясы жарамсыз деп танылды. Естеріңізге сала кетелік, "Протон-М" зымыран тасығышының сәтсіз ұшырылуына екпіндеткіш блоктағы ақау себеп болған еді.
"Осы уақытқа дейін шығарылған "Бриз-М" екпіндеткіш блоктарының барлығын тексеруден өткізу туралы шешім қабылданды. Әрбір екпіндеткіш мұқият тексеруден өтетін болады", - деді ведомствоның жаңа басшысы Владимир Поповкин.
Естеріңізге сала кетелік, 2012 жылдың тамызында ұшырылған "Протон-М" зымыран тасығышы екпіндеткіш блоктың істен шығып, жанармай магистралінің бітеліп қалуының себебінен бағынбай кеткен болатын.
"Бриз-М" екпіндеткіш блогы
"Бұл 100 пайыздық ақау. Осы проблемаға байланысты құрылған комиссия ғарыштық техника жасап шығару мен космодромдағы сынақ кезіндегі технологиялық процестерді ұйымдастыру туралы 20 ұсыныс айтты. "Протон-М" зымыран тасығыштары "Бриз-М" екпіндеткіш блоктарының барлығы жөндеуден өткен соң үстіміздегі 2012 жылдың қазанынан бастап іске қосыла бастайды", - деді Роскосмос басшысы.
Айта кетелік, "Протон-М" ғарышқа "Экспресс-МД2" және Telkom-3 байланыс спутниктерін шығаруға тиіс болған. Апатқа себеп болған "Бриз-М" екпіндету блогы Хруничев атындағы орталықта құрастырылып шыққан болатын. Telkom-3 ғарыш аппаратының "Бриз-М" блогынан бөлінуі 7 тамыз күні 08.44-те орын алуы керек болатын. Ал "Экспресс-МД2" аппаратының бөлінуі сол күні 09.04 -ке жоспарланған еді.
Ал Telkom-3 аппаратының құрастырушысы Ресейдегі Решетнев атындағы ААҚ "Информационные спутниковые системы" болып табылады. Индонезия мемлекетінің тапсырысымен жасалған спутник Индонезия мен Үндіқытайда телевизиялық хабар таратуды қамтамасыз етпек болды.
"Протон-М" ракета тасымалдағышының ұшырылу сәті
Сәтсіз ұшырылған аппараттар жерге жарты жылдан кейін түседі деп болжанып отыр.
Дайындаған: Еркебұлан Қайрахан
сурет: forbes.ru