Apple әлем тарихындағы ең қымбат компания атанды

Apple әлем тарихындағы ең қымбат компания атанды

Дербес және планшетті компьютер, аудиоплеер, телефон жасап шығарумен, сонымен қатар, бағдарламалық қамсыздандырумен айналысатын Apple компаниясы әлем тарихындағы ең қымбат компания атанды.

14 тамыздағы мәліметтер бойынша, компанияның нарықтық бағасы 623 миллиард долларға жетті. Бұған дейін бұл рекорд Microsoft компаниясына тиесілі еді. Бұл ұжым 1999 жылы 620,58 миллиард долларға бағаланған болатын.

Компанияның акцияларының бағасы алдыңғы жұмадан бері екпінді түрде өсті. Осылайша 19 тамыз күні бір қағаздың бағасы 665,15 доллар болды. Кейбір аналитиктердің пікірінше, Apple-дың бір акциясының бағасы 900 долларға дейін жетуі мүмкін.

Инвесторлардың бұл оптимизмі жақын арада нарыққа шығады деп күтіліп отырған iPhone 5-пен байланыстырылып отыр. Олардың пікірінше iPhone-ның жаңа ұрпағы тұтынушылар көңілінен шығып, әлем бойынша кеңінен таралады. Компанияның дәстүрлі гаджеттер шығарумен тұйықталмай, теледидар құрастырумен де айналысуы мүмкін екендігі ресми емес ақпарат көздерінен белгілі болуда.

Дегенмен компанияның рекордты капиталиязациясына қарамастан, ұжым басқа да америкалық компаниялар секілді бірер қиындықтың алдында тұр. Біріншіден, Еуропа секілді ірі нарықтаардағы рецессия мен америкалық экономиканың біртексіз түрде қалпына келуі электрониканы әлемдік нарыққа өткізуге кедергі болады. Екіншіден, компанияның қазіргі кездегі ірі басты бәсекелестері Samsung пен HTC Apple-дың табанын басуда.

Apple 1976 жылы Стив Джобс, Стив Возняк және Рональд Уэйннің мұрындық болуымен құрылды. 2011 жылдың мамыр айында Apple маркасы 153,3 миллиард долларға бағаланып, әлемдегі ең қымбат бренд атанды.

Дайындаған: Еркебұлан Қайрахан

сурет: dailynews.kz