Ғалымдарды мазалаған Марстағы жұмбақ тас

Ғалымдарды мазалаған Марстағы жұмбақ тас

Ғалымдар Opportunity марсоходы түсірген суреттен өздері кейін «адасқан тас» деп атап кеткен қызықты объектіні тауып алды, деп хабарлайды Fox News.

Opportunity Марс кезбесі 2013 жылдың қарашасынан бері Қызыл ғаламшар бетінде қыс мезгілін өткізіп, саяхаттап жүр. Қазір аппарат Индевор кратерінің маңайында және әзірге тек бір орында зерттеуін жүргізуде. Астрономдар сол жерден түсірілген суреттердің бірінен бұрынғы кадрларда кездеспеген көлемі жұдырықтай болатын жылтыраған тасты байқаған.

Қайдан түскені беймәлім тас зерттеушілерді тығырыққа тіреп отыр. «Біз оны көріп қатты таң қалдық»,-дейді NASA Mars Exploration Rovers жобасының жетекші маманы Стивен Сквайерс (Steve Squyres).

1

Әзірше ғалымдар «адасқан тастың» пайда болуын екі түрлі себеппен байланыстырып отыр. Біріншісі, марсоход қозғалу кезінде аяғының астындағы топырақты қопсытып, сол кезде топырақ арасынан жұмбақ тас жер бетіне шығып қалуы мүмкін. Екінші бір болжам бойынша, ол құлаған метеориттің сынығы болуы ғажап емес. 

Сквайерс мәлімдегендей, спектографикалық өлшеулер нәтижесінде тастың Марста ғана кездесетін химиялық құрамына ие екендігі анықталған. Себебі оның құрамында күкірт, магний мен марганецтің өте көп мөлшері бар болып шықты.

Айта кетейік, Opportunity марсоходы Қызыл ғаламшар бетіне 2004 жылдың 25 қаңтары күні кеп қонды. Оның қызмет ету мерзімі баяғыда-ақ өтіп кеткенімен, аппарат әлі күнге дейін еш ақаусыз жұмыс істеп келеді.

Дайындаған: Болат Қосмағамбет

Сурет: NASA

Б. Қосмағамбет