Қазақ баласы ойлап тапқан SmartBesik сатылымға шықты

Қазақ баласы ойлап тапқан SmartBesik сатылымға шықты
Фото: жеке мұрағат

Ғылым мен техниканың дамыған заманы қазақ өнертапқыштарының да еңбегімен толығу үстінде. Астанадағы Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық Университетінің магистранты Серікбол Шаймарданның электронды бесік ойлап тапқанын ақпарат құралдары жарыса жазған болатын. Бала жылай бастаған сәтте, өздігінен тербетіле бастайтын «ақылды бесік» көпшілік қызығушылығын тудырған еді. Енді міне, SmartBesik сатылымға шықты деген жаңалық құлағымызға тиді. Анық-қанығын білу мақсатында Massaget.kz ғажайып бесік идеясының иесі Серікбол Шаймарданға хабарласқан еді.

- Серікбол, біраз бұрын "ақылды бесік" жасалып шықты деп қуанып едік. Енді сатылымға шығып жатыр екен. Құтты болсын!

- Рақмет! Бұрын басқалардың сөзіне еріп, міндетті түрде демеуші керек деп біліп, кәсіпкер ағаларды біраз жағаладым. Бірақ ол кісілердің бәрі анауын өзгерт, мынауын өзгерт деп уақыт созып жүріп алды. Мен кез келген бесікке орната салатын қарапайым әрі Смарт құрылғыны жобалағанмын, оны қазіргі тұрысында бұдан ары өзгерту мүмкін емес еді.... Оның үстіне мен өз идеяларымды айтамын: осылай істесек жақсы болады, осылай істесек уақыт аз үнемдейміз деп, бірақ бұл сөздерім де құлаққа ілінбей қала береді. Ақырында өзім істеп көрейін деген ой туды, сонымен ата-анам қаржылай қолдап, осы жұмысты бастап кеттім. Бұл бұйырса жұмыстарымның басы ғана. Алда SmartBesik 1, SmartBesik 2 жобаларын шығарсам деген арманым бар. Идеялардың көбі ойда жүр, осы бесігімді аяғынан тік тұрғызып алсам, басқасына да жол ашылатын шығар деген ойдамын. Арнайы құрылғыны бесікпен қосқандағы жалпы бағасы 50 мың теңге. Бесікті смартбесікке айналдыратын тербеткіштің құны 39 мың теңге болады. Бұл тербеткішті кез келген бесікке орнатуға болады.

- Алғаш бұл идея қалай туды? Бұл жұмыспен қанша жыл айналыстың?

- Қазіргі кезде ғылым барынша гүлденіп, қазақтың сан ғасырлар бойғы туындысы болған ұлттық бұйымдарын шетелден енген осы заманғы бұйымдардың біртіндеп ығыстыра бастағаны белгілі. Міне, осындай жағдайды аз да болса өзгертсем деген ниетпен, қазақтың ұлттық бесігіне заманға сай өзгеріс енгізіп, әрі ұлттық, әрі электронды қылып жобалаған жайым бар.

Алғашында, бесіктің жалпы маңызы туралы зерттедім. Ақыры таптым, тапқанда да қазақтың данышпандығына таңқала отырып таптым. Себебі, жапонның әйгілі медицина ғалымы Гау Щияу Иуе Илаңның қазіргі заманғы озық аспаптарды қолдана отырып тапқан қорытындысы мынадай екен: сәби өмір есігін ашпас бұрын, ана құрсағында жүріп тербеліске түсіп, сәбиде рефлекс қалыптасады. Сәби өмір есігін ашқанда жарық дүниеге бірден үйлесе алмайды. Сондықтан, оны ана құрсағындағыдай тербетіп отыру керек. Тағы бір мәселе – сәби бесікке жатқанда миы дамиды екен. Оны әр уақыт тербетіп, миының дамуына өте зор ықпал жасайтын болып шықты. Әрі бесіктің бала денсаулығына ең пайдалы тербелісі 1.8 с.-та бір рет тербеліс жасау керек екен... Мен осы сияқты ғылыми зерттеулерді негізге ала отырып, осы жобамды жасадым. Бұл жоба әрине бір күннің жұмысы емес, аттай алты жылдық еңбегім!

- SmartBesikтің басты ерекшелігі қандай?

- Менің осы бесікті қазақтың байырғы бесігі негізінде жобалауым – қазақ бесігінің сан ғасырдың сынынан сүрінбей өткендігімен қоса, мынандай ерекшеліктерді өз бойына жиғандығы:

1. Бесікке бөленген баланың ұйқысы тыныш болады. Өйткені бетіне шыбын-шіркей қонып, мазасын алмайды.

2. Қол аяғын таңып, байлап қойғаннан кейін қозғалып, көрпесі ашылып қалмайды.

3. Нәресте күніне 24 рет зәр шығарады екен. Сонда 24 рет жаялық ауыстыру керек. Ал бесіктегі жаялықты ауыстырудың қажеті жоқ, бесікке бөленген баланың денесіне де, жаялығына да зәрі мен нәжісі тимейді. Сондықтан да әртүрлі тері ауруларына шалдыға бермейді.

4. Бесікті көші қон кезінде арбамен де, атпен де, түйемен де алып жүруге болады.

5. Ағаш төсек, құс мамықтың үстінде жатқан баланың астынан сыз, үстінен жел өтпейді. Жауын-шашынды күндер де аса қауіпті емес.

6. Бесікте тербеліп өскен баланың атқа, автокөлікке, ұшаққа мінгенде жүрегі айни бермейді.

7. Бесіктің арқалығына ілінген қызыл жасыл сылдырмақтар мен асықтарға қарап өскен баланың көру, түс ажырату қабілеті жақсы болады.

8. Бесіктегі бала аунап кетіп, отқа, суға түсіп қалудан аулақ болады.

9. Бесікке бөленген баланың анасының қолы көбіне бос, басқа шаруаларын істеуге мұршасы бар.

10. Бесікті тербетіп отырып, анасы бесік жырын айтады. Нәресте шағынан ана әлдиін естіп, бойына сіңіріп өскен баланың есту, сазды әуенді қабылдау қабілеті жақсы болады.

11. Ана әлдиімен өскен баладан мейірімсіздік шықпайды.

12. Бесік баланы емізгенге өте ыңғайлы. Баланы бесіктен шешпей-ақ емізе береді.

13. Тіпті анасы емізе отырып мызғып та алады.

- Рақмет! Еңбегіңіздің жемісін көріңіз! Тағы да жаңа идеялардың дүниеге келе беруіне тілектеспіз!

SmartBesik:

1. Ұлттық бесік әрі электронды ұлттық бесік, өз талдауыңызды жасай аласыз.

2. Бала жыласа, бесік автоматты түрде тербеледі.

3. Бала тәрбиесіне арналған таңдамалы әлдилер кіргізілген, бала жыласа қалауыңыз бойынша әлдилеп отырып тербетеді

4. Бесік шуылсыз тербеледі.

5. 12 вольттық кернеумен жұмыс жасайтындықтан, балаға қауіпсіз, керек десеңіз, батареямен де жұмыс жасайды.

6. 0-99 минут аралығында уақыт теңшеу арқылы тербетуге болады.

7. Басқарғышпен (пульт) алыстан басқаруға болады.

8. Бала дәретке отырып қойса, хабарлайды.

9. Баланың көрпесі ашылып қалатын болса, хабарлайды.

10. Бала температурасында өзгерістер болса, автоматты сезеді.

SmartBesik бойынша ұсыныстар мен сұрақтар бойынша байланыс телефоны: +7778 88 88 901 немесе smartbesik@mail.ru мекенжайына жазсаңыздар болады.

Сұхбаттасқан: Шерхан Талапұлы

Ш. Талап