- Негізгі бет
- Шолу
- Павел Дуров Сноуденді...
Павел Дуров Сноуденді жұмысқа шақырып отыр
«ВКонтакте» әлеуметтік желісінің бас директоры Павел Дуров ОББ (Орталық барлау басқармасы) мен ҰҚА (Ұлттық қауіпсіздік агенттігі) бұрынғы қызметкері Эдвард Сноуденге жұмыс ұсынып отыр. Бұл туралы Дуровтың өзі «ВКонтактідегі» парақшасында айтқан.
«Эдвардты Петербургке шақырамын. Ол біздің программистерден құралған жұлдызды командамыздың қатарын толтырып жатса, нұр үстіне нұр болар еді. Оның үстіне «ВКонтактеден» танымал Еуропада интернет-компаниясы жоқ. Эдвардқа біздің компания қолданушыларының жеке мәліметтерінің қауіпсіздігін сақтаумен айналысу қызығырақ болады деп ойлаймын»,-дейді Дуров.
Эдвард Сноуден
Әлеуметтік желі негізін қалаушы сондай-ақ «американдық арнайы қызмет өкілдерінің әлем азаматарының жеке бас мәліметтерін ұрлау фактісін әлемге жариялап, оны айыптаған» Эдвард Сноуденге уақытша баспана берген Ресей мемлекетіне де алғысын айтқан: «Мұндай сәтте өз елің үшін мақтанасың, ал керісінше АҚШ үкіметінің алған бағытына тек өкініш білдіруден басқа амал жоқ».
Осыған дейін Ресей баспасөздері Эдвард Сноуден 1-тамыз күні уақытша баспана алып, өзінің соңғы бір ай бойы тұрып келген «Шереметьево» әуежайынан кеткендігі жөнінде жарыса жазған болатын. Айта кетейік, Эдвард Сноуден 2013 жылы маусым айының басында американдық арнайы қызмет өкілдерінің елдегі ең ірі Verizon ұялы байланыс операторы мен басқа да телекоммуникациялық компаниялар арқылы АҚШ және басқа да елдердің азаматтарынан сот ордерінсіз ұлттық қауіпсіздік агенттігінің аса құпия PRISM бағдарламасы арқылы ақпарат алып келгендігін айтып, өзі қол жеткізген құпия мәліметтерін батыстық телеарналардың тілшілеріне берген еді.
Дайындаған: Болат Қосмағамбет
сурет: forbes.ru, cntv.ru
Б. Қосмағамбет