Аргентинада балаларға Месси есімін беруге тыйым салынды

Аргентинада балаларға Месси есімін беруге тыйым салынды

Әйгілі футболшы Лионель Месси дүниеге келген Аргентинадағы Росарио қаласында мемлекеттік қызметкерлер фамилияның есімге айналмауы тиіс екенін қадап айтуда. Бұл туралы Еurosport.ru сайты хабарлады.

Marca газетінің хабарлауынша, мұндай жағдай заңға қайшы келіп, жұртты шатастыруға алып барады екен.

Росарио қаласындағы мемлекеттік қызметкерлердің дәл осындай мәлімдеме жасауының негізгі себебі, Эктор Варела есімді футбол жанкүйері шығарған үлкен жанжалда жатса керек. Біраз уақыт бұрын Эктор Варела есімді жанкүйер билікпен таласып жүріп, ұлына Месси Даниэль Варела деген аты-жөн бергізген болатын. Вареланың «жанталасы» жанкүйерлер мен билік арасында қызу талқыға түсіп, соңғы шешімі осылай аяқталып отыр. 

Жанкүйер Варела болса: «Мен Мессидің әкесімін. Жұрттың көбі ұлдарына Лионель деген ат беріп жатыр. Алайда, менікі бәрінен нақтырақ шықты», - дейді.

Қазір жаңа туған балаларды тіркеу бөлімі мен АХАЖ қызметкерлері Вареланың отбасында орын алған жағдай орынсыз үрдіске айналып кете ме деп қауіптенеді.

Дайындаған: Нұржігіт Айдархан

Сурет: bleacherreport.com

Н. Айдархан