Зарина әлемдегі 40 үздік теннисшінің қатарына енді

Зарина әлемдегі 40 үздік теннисшінің қатарына енді

Қазақстандық теннисші Зарина Диас спорттық мансабында алғаш рет әлемдегі ең үздік 40 теннисшінің қатарына енді.

Жиырма жастағы қазақ қызы өткен аптада АҚШ-тың Ашық біріншілігіне (US Open) қатысып, жекелей сында үшінші кезеңге дейін жеткен болатын. Бұл нәтиже Заринаны Әйелдер теннисі қауымдастығының (WTA) жаңа рейтингінде 40-ыншы орынға көтерілуіне себеп болды.

Зарина Диас бүгінде Қазақстанның бірінші ракеткасы саналады. Бұған дейін қазақстандық теннисшілердің WTA рейтингіндегі ең үздік көрсеткіші – 46-шы орын болатын.

АҚШ-тың Ашық біріншілігінде (US Open) бірінші кезеңнен әрі аса алмаған тағы бір қазақстандық теннисші Ярослава Шведова 12 сатыға төмен құлдилап, 63-ші орынға тұрақтады. Юлия Путинцева 130-шы орынға жайғасса, Галина Воскобоева 119-шы сатыдан 148-ші орынға алмасты.

WTA рейтингінің алғашқы ондығында аздаған өзгерістер орын алды. Ресейлік Мария Шарапова 6-шы сатыдан 4-ші орынға көтерілді. АҚШ Ашық біріншілігінің (US Open) жеңімпазы Серена Уильямс көш басындағы орнын сақтап қалса, екінші орында румыниялық теннисші Симона Халеп келеді. Өткен турнирдің үшінші кезеңіне дейін жеткен чехиялық теннисші Петра Квитова үздік үштікке енді. Ал, қытайлық теннисші Ли На үшінші орыннан алтыншы сатыға бір-ақ сырғыды.

8-інші қыркүйекте жаңарған WTA рейтингі:

1 (1). Серена Уильямс (АҚШ) - 9430 ұпай,

2 (2). Симона Халеп (Румыния) - 6160,

3 (4). Петра Квитова (Чехия) - 5926,

4 (6). Мария Шарапова (Ресей) - 5575,

5 (5). Агнешка Радваньска (Польша) - 5380,

6 (3). Ли На (Қытай) - 5270,

7 (8). Эжени Бушар (Канада) - 4545,

8 (7). Ангелика Кербер (Германия) - 4400,

9 (11). Каролина Возняцки (Дания) - 4305,

10 (9). Ана Иванович (Сербия) - 3855,

...40 (48). Зарина Диас (Қазақстан) - 1177,

63 (51). Ярослава Шведова (Қазақстан) - 867,

130 (129). Юлия Путинцева (Қазақстан) - 458,

148 (119). Галина Воскобоева (Қазақстан) - 383.

Осы орайда қазақстандық қос теннисші Зарина Диас пен Юлия Путинцева WTA тағайындаған «Теннистің жарық жұлдызы» сыйлығына үміткерлер қатарына енгенін хабарлаймыз. 

WTA биылғы жылы жоғары жетістікке жеткен 23 жасқа дейінгі теннисшілерді іріктеп алып, «Әлем» және «Азия-Тынық мұхит» атты екі топқа бөлген болатын. Әр топтан көп дауыс жинаған екі теннисші іріктеліп алынып, жыл соңында Сингапурдегі қорытынды турнирде кездесу өткізеді.

Қазақстан намысын қорғап жүрген қос теннисшімізге дауыс беріңіздер. Дауыс беру тетігі мына жерде. 

Дауыс беру 3 қазанда аяқталады.

Дайындаған: Нұржігіт Айдархан

Сурет: wtatour.ru

Н. Айдархан