Роналдиньо мексикалық клубпен келісімшартқа қол қойды

Роналдиньо мексикалық клубпен келісімшартқа қол қойды

Бразилиялық жартылай қорғаушы Роналдиньо мексикалық «Керетаро» клубымен келісімшартқа қол қойды. Бұл туралы команданың ресми сайты хабарлап отыр.  

Бұқаралық ақпарат құралдарының жазуы бойынша, атақты бразилиялық футболшы Роналдиньо мексикалық командамен екі жылдық келісімшартқа қол қойған. 34 жастағы ойыншы «Керетаро» клубымен еркін агент ретінде келісім жасасып отыр.

«Керетаро» клубының басшылығы: «Халықаралық аренада өзін көрсете білген ойыншы қатарымызға келіп қосылғанына қуаныштымыз. Роналдиньо - әлем чемпионы және екі рет әлемнің үздік ойыншысы атанды. Оның білім-білігі мен тәжірибесі келешекте біздің команданы нығайта түспек», - дейді.

«Керетаро» командасы Мексика чемпионатында жеті турдың қорытындысы бойынша 10 ұпаймен сегізінші орында келеді.

Роналдиньо мұның алдында бразилиялық «Атлетико Минейро» клубында өнер көрсеткен-ді. 2012 жылдан бастап 2014 жылдар аралығындағы кезеңде жартылай қорғаушы алаңға 48 рет шығып, 16 гол салған. Бразилиялық әйгілі футболшының бұдан бұрын еуропа жасыл алаңдарында франциялық «Пари Сен-Жермен», испаниялық «Барселона» және италиялық «Милан» клубтарында доп тепкен болатын.

Естеріңізге сала кетсек, Роналдиньо Испания, Италия чемпионаттырын және «Барселона» сапында Чемпиондар лигасын жеңіп алды. Ұлттық құрама қатарында Әлем чемпионы және Олимпиада ойындарының қола жүлдегері атақтарына қол жеткізді. Сондай-ақ, ол 2004 және 2005 жылдары Халықаралық футбол қауымдастығы федерациясының (ФИФА) нұсқасы бойынша әлемнің үздік футболшысы атанды.

Дайындаған: Нұржігіт Айдархан

Сурет: footblogger.ru

Н. Айдархан