«Лудогорец» ерлік жасаған ойыншысын ескерусіз қалдырмайды

«Лудогорец» ерлік жасаған ойыншысын ескерусіз қалдырмайды

Чемпиондар лигасының плей-офф кезеңінде жанкүйерлер күтпеген ерлік жасаған Болгарияның «Лудогорец» командасы болды. Ал ойын соңында нағыз қаһарман атанған Космин Моци ерлігін клуб басшылығы ескерусіз қалдырмақ емес.

Чемпиондар лигасының үшінші іріктеу кезеңінде «Ақтөбені» жарыс жолынан шығарған бухаресттік «Стяуа» плей-офф кезеңінде «Лудогорецпен» жолы түйісті. Өз алаңында өткен бірінші ойында 1:0 есебімен жеңген болатын. Ал қарымта кездесу болгариялық клубтың ойын соңында пенальти сериясындағы жеңісімен аяқталды.

Алаң иелері шешуші голды 90 минутта соқты. Бұрыштамадан асырылған допты тоқтатпай қақпаға бағыттаған Вандерсон ойындағы есепті ашты. Ойын соңында «Лудогорец» қақпашысы бетпе-бет шыққан Фернандо Варелаға қарсы ойын ережесін бұзып, алаңнан қуылды. Командада ойыншы алмастыру мүмкіндігі қалмаған еді. Нәтижесінде қақпа күзетін қорғаушы Космин Моци өз жауапкершілігіне алды. Соңғы минуттарда бірнеше соққы қайтарып қана қоймай, пенальти сериясында екі рет белсенді өнер көрсетіп, командасын Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне тұңғыш рет алып шықты. Бірінші болып пенальтиді өзі орындап, екі 11 метрлік соққыны қайтарды. Алаң иелеріне қуаныш сыйлаған Космин Моциға клуб иегері Кирилл Домусчиев ерекше алғысын білдіріп, стадиондағы жанкүйерлерге арналған бір трибунаны футболшы есімімен атауға шешім қабылдады. Бір қызығы, Космин Моци румын елінің азаматы екен. «Стяуаның» басты қарсыластарының бірі «Динамода» өнер көрсеткен.

Плей-офф кезеңіндегі соңғы ойындар нәтижесі

«Арсенал» (Англия) – «Бешикташ» (Түркия) – 1:0, (0:0)

Гол:Алексис Санчес, 45+1

Алаңнан қуылды – Матье Дебюши, 75 («Арсенал»)

«Атлетик» (Испания) – «Наполи» (Италия) – 3:1 (1:1)

Голдар: Ариц Адурис, 61, Ибаи Гомес, 69 – Марек Гамшик, 47

«Байер» (Германия) – «Копенгаген» (Дания) – 4:0 (3:2)

Голдар: Сон Хью Мин, 2, Хакан Чалханоглу, 7, Штефан Кислинг, 31, 65

«Мальме» (Швеция) – «Зальцбург» (Австрия) – 3:0 (1:2)

Голдар: Маркус Русенберг, 11 (пен), 84 – Магнус Эриксон, 19

Дайындаған: Өмірбек Сансызбай

Сурет:sports.ru

Ө. Сансызбай