Нибали UCI рейтингінде екінші орынға көтерілді

Нибали UCI рейтингінде екінші орынға көтерілді

Велоспорттан «Астана» командасының капитаны Винченцо Нибали кеше халықаралық беделі жоғары «Тур де Франс» додасында топ жарғаннан кейін Халықаралық велошабандоздар одағының (UCI) жаңарған рейтингінде екінші орыннан көрінді.

Велоспорт жарыстарының арасында «Тур де Франс» байрақты бәсекесінің беделі жоғары. Бұл көпкүндікке спортшының қатысуының өзі бір мәртебе. Ел намысын қорғаған велошабандоздар арасынан Франция жерінде дара шыққандары да бар. Әйгілі Андрей Кивилев пен Александр Винакуров бұл сында еліміздің атын шығарған алғашқы велошабандоздар. 2006 жылы «Астана» велоспорт клубы құрылғаннан кейін, Қазақстанды төрткүл дүние тани бастады. Ұжым құрамына әлемнің үздік велошабандоздарын шақырды. Нәтижесінде аз уақыттың ішінде «Астана» әлемнің маңдай алды велоспорт командаларының қатарына қосылды. Ел намысын қорғаған спортшылар халықаралық жарыстарда топ жара бастады. Алдымен «Вуэль­та» мен «Джиро д Италия» көпкүн­діктерінің жеңіс шыңы бағынды. Ал 2009 жылы қазақстандық клубтың жейдесінде өнер көрсеткен испаниялық Альберто Контадор «Тур де Франс» додасында жеңімпаз атанды. Ал Лэнс Армстронг үшінші сатыдан көрінді. Өткен жылы «Астана» ірі жетістікке жете алмады. Клубтың даниялық спортшысы Якоб Фульсанг қана жетінші орыннан көрінді. Ал бұл маусымдағы жеңіс шыңы «Астана» командасының капитаны италиялық велошабандоз Винченцо Нибалиға бұйырды. Жоғарғы көрсеткішінің арқасында ол велоспорт тарихындағы ең беделді саналатын «Тур де Франс», «Джиро д'Италия» және «Вуэльта» көпкүндіктерін жеңген алтыншы велошабандоз атанып отыр.

Халықаралық велошабандоздар одағының (UCI) соңғы рейтингінде Винченцо Нибали 40-шы орында тұрған болатын. Жеңісті жолының арқасында ұпай қорын молайтып, екінші орынға көтерілді. Ал бірінші орында 15 ұпайы жоғары (кезінде «Астана» жейдесінде өнер көрсеткен) испаниялық «Tinkoff-Saxo» командасының өкілі Альберто Контадор көш бастап тұр. Ал командалық рейтингте «Астана» 14-ші орыннан 6-шы сатыға бірден көтерілді. Италиялық велошабандоздың жеңімпаз атануымен Елбасы арнайы құттықтады.

Естеріңізге сала кетсек, 21-кезеңнің қорытындысы бойынша Винченцо Нибали "Тур де Франстың" жалпы есебі көшбасшысының сары жейдесін сақтап қалды. Төрт кезеңде топ жарып, соңғы 40 жылдағы рекордтық көрсеткішке қол жеткізді.

Дайындаған: Өмірбек Сансызбай

Сурет: sports.kz

Ө. Сансызбай