«Ақтөбе» «Динамоны» ойсырата жеңді (видео)

«Ақтөбе» «Динамоны» ойсырата жеңді (видео)

Чемпиондар лигасын екінші електік кезеңнен бастаған «Ақтөбе» өз алаңындағы қарымта кездесуде тбилисилік «Динамоны» үш доп басымдығымен ойсырата жеңіп, дүбірлі доданың үшінші кезеңіне өтті.

Бас қазы ысқырығы шалынысымен қонақтар шабуылға ден қойды. Ал Владимир Газзаев шәкірттері қорғанысты басты назарда ұстаумен ғана шектелді. Бірінші таймда бір-бірінің қателесуін күткен қос тарап аса тәуекелге бара қойған жоқ. Бірнеше сәтте қателескен «Ақтөбе» қорғаушыларының осалдығын «Динамо» шабуылшылары пайдалануға ұмтылған-ды. Өз кезегінде Андрей Сидельников сыр бере қойған жоқ. Алексей Антонов, Маркос Пизелли және Данило Неко ұмтылыстарынан бірінші таймда нәтиже шыға қоймады. Қорытындысында таблодағы есепке өзгеріс енбеді.

Екінші тайм да аса тартысқа толы сәттермен бастала қойған жоқ. Бірінші таймдағы ұстанған ойын жүйелері бойынша сылбыр кездесуді қайта жалғастырды. Екінші таймның бел ортасы ауа ғана ойындағы шабуылға жан кіре бастады. Қарымта шабуылды назардан тыс қалдырмаған қазақстандық ұжым 75 минутта есеп ашты. Марат Хайруллиннің тамаша пасынан кейін «Ақтөбенің» украиналық легионері Алексей Антонов «Динамо» қақпасының торын тулатты. Араға бірнеше минут сала гол авторының орнына Игорь Зенькович ауысып шықты. Жасыл алаңға шыға салысымен қақпашыны қыспаққа алған шабуылшы екінші голды тбилисилік команданың қақпасына енгізді. Бұл жолы қонақтар қақпашысы Григорий Лория қателескен-ді. Ойынның соңғы минуттарында «Ақтөбе» ойынды толықтай бақылауға алды. Қарымта шабуылда қауіпті сәттер ұйымдастыра білді. Ойынның аяқталуына бірнеше секунд қалғанда Данило Неконы алмастырған Абат Айымбетов үшінші допты еншісіне жазды. Нәтижесінде қос кездесу қорытындысы бойынша «Ақтөбе» тбилисилік «Динамоны» 4:0 есебімен тізе бүктірді. Қос кездесудегі үш голдың соғылуына да септігін тигізген Марат Хайруллиннің еңбегін айтпай кетпеуге болмайды. 

Қазақстандық клуб үшінші електік кезеңде норвегиялық «Стремсгодсет» пен румыниялық «Стяуа» клубтарының арасындағы жеңімпазбен кездеседі. Алғашқы кездесу 29-30 шілдеде өтсе, 5-6 тамыз күні қарымта кездесу өтеді. Қарсылас қос команда арасындағы алғашқы кездесуде бухаресттік ұжым бір доп басымдығымен жеңіске жеткен. Ал бүгінгі қос клуб арасындағы шешуші ойын Астана уақытымен 23:30-да басталады. 

Автор: Өмірбек Сансызбай

Сурет: sports.kz

Ө. Сансызбай