«Астана» «Хапоэльды» қапы қалдырды (видео)

«Астана» «Хапоэльды» қапы қалдырды (видео)

Еуропа лигасының екінші електік кезеңіне шыққан елордалық «Астана» өз алаңында тель-авивтік «Хапоэльды» үш доп басымдығымен жеңді.

«Астана-Арена» стадионындағы ойынның бірінші таймында аса қауіпті сәттер мен шабуыл шебіндегі адуынның куәгері бола алмадық. Қос клуб та доп алмасумен уақытын өткізді. Тек нәтиже ғана біздің пайдамызға шешілумен болды. Алғашқы болып қауіпті сәтті елордалық ұжым ұйымдастырды. Таңат Нөсербаевтың соқққысы қақпа маңдайшасын жанай өтті. Екінші бір қауіпті сәтте алға ұмтылған команда капитанын қонақтар қорғаушысы ереже бұзып тоқтатты. Бір қарағанда аса дөрекі ойнамағандай да көрінді. Бірақ, Ресейден келген бас қазы Сергей Иванов 11 метрлік айып добымен қоса, «Хапоэль» қорғаушысы Орель Дгани алаңнан қуылды. Пенальтиден Рохер Каньяс мүлт кетпеді.

Екінші таймды Станимир Стойлов шәкірттері өз басымдығын танытумен бастады. Бірнеше қауіпті сәттер ұйымдастырды. Бауыржан Жолшиевтің негізгі құрамнан көрінуі команда үшін сәтті болды десек болады. 58 минутта Таңат Нөсербаевтың шірене тепкен добы қонақтар қақпасының торында тулады. Нағыз тамсана айтатын гол болды десек қателеспейміз. Израильда әлі ішкі біріншіліктің басталмағаны белгілі. «Хапоэльдың» екінші таймда ойыншыларының тізгіні тежелді. Осы бір сәтті оңды пайдалана бастаған «Астана» Абзал Бейсебековтың алыстан бағыттаған нәтижелі соққысымен есепті 3:0-ге жеткізді. 76 минутта қонақтар да өз өнерін танытуға ұмтылды. «Астана» қақпасының алдындағы қауіпті сәттен қақпашы Эрич үздік шықты. Командасын бір голдан құтқарып қалды. Осы бір сәттен кейін де «Хапоэльдың» қауіпті шабуылдары арта түсті. Елордалық клубтың бір сәт босаңсығанын байқағандай. Ойын аяқталар тұста бас бапкер кездесудің басты қаһармандары Таңат Нөсербаев пен Бауыржан Жолшиевті алмастырды. Бұл екі футболшы өздерін тамаша қырымен көрсете білді десек қателеспейміз. Екінші таймда жерлестеріміз қонақтар сапындағы бір ойыншының жоқтығын толықтай пайдаланды. Нәтижесінде келесі кезеңге өту мүмкіндігін толыққанды шешпесе де, бір табан жақын қалды.

Қос команда арасындағы қарымта кездесу 24 шілде күні Кипрде өтеді. Тель-Авивтегі саяси тұрақсыздықтан кейін УЕФА осындай шешім қабылдады. Ал үшінші електік кезеңдегі бұл жұптың қарсыласы ертең өтетін жеребеден кейін белгілі болады. Жерлестерімізді жеңісімен құттықтаймыз!

Автор: Өмірбек Сансызбай

Сурет: vk.com

Ө. Сансызбай