Әлем чемпионатының ойындары өтетін қалада су тасқыны болуы мүмкін

Әлем чемпионатының ойындары өтетін қалада су тасқыны болуы мүмкін

Футболдан әлем чемпионатының бірнеше ойыны өтуі тиіс Манаус қаласында су тасқынына байланысты төтенше жағдай орын алуы мүмкін. Бұл туралы "Спорт-Экспресс" басылымы хабарлап отыр.

Риу-Негру өзенінің жағасында орналасқан Манаус қаласын су басу қаупі төніп тұр. Арнайы мамандардың айтуынша, Риу-Негру өзенінің су деңгейі межелі шамасынан асып барады екен. Егер де бұлай жалғаса беретін болса, өзен өз арнасынан тасып, қаланы су алып кетуі ықтимал. Алайда, мамандар әлемдік доданың ойындары өтетін "Амазония" стадионына су тасқынының ешқандай зияны тимейді деп сендіруде. Бірақ Бразилия халқының әлем чемпионатының өтуіне қарсы жаппай наразылық білдіруі, енді міне, әлемдік доданың бірнеше ойыны өтетін стадионға су қаупі төнуі әлем жұрты көз тігіп отырған футбол додасының жоғарғы деңгейде өтуіне кері әсерін тигізері анық.

Естеріңізге салар болсақ, "Амазония" стадионында әлем чемпионатының 4 ойыны өтеді. Олар: 14 маусым күні Англия – Италия, 18 маусым күні Камерун – Хорватия, 22 маусым күні АҚШ – Португалия және 25 маусым күні Гондурас – Швейцария.

Дайындаған: Нұржігіт Айдархан

Сурет: stadiums.at.ua

Н. Айдархан