KazSport арнасының тікелей эфирінде: Шүменов vs Хопкинс

KazSport арнасының тікелей эфирінде: Шүменов vs Хопкинс

KazSport спорт арнасы жартылай ауыр салмақтағы қазақстандық Бейбіт Шүменов пен америкалық Бернард Хопкинс арасындағы чемпиондық атақтарды біріктіретін кездесуді бокс жанкүйерлеріне тікелей эфирден көрсетуді жоспарлап отыр, деп хабарлайды Vesti.kz тілшісі.

«Аталған кездесуді тарату жөніндегі келісім сәтті аяқталды. Вашингтоннан таратылатын трансляция KazSport арнасының тікелей эфирі мен Интернеттегі арнаның ресурсында көрерменге жол тартпақ. Бокс кеші сағат 17:00-де басталады. Бұл кезде Астанада 20 сәуір, сағат 03:00 болады. Яғни айырмашылық тоғыз сағатты құрайды. Біз жоспарланған барлық кездесулерді көрсетпекпіз. Андеркарттан бастап (көрермендер үшін негізгі жекпе-жек алдындағы қыздырыну кездесулері) Шүменов-Хопкинс арасында өтетін кештің басты оқиғасы толығымен қамтылмақ»,-деп мәлімдеді телеарна директоры Диас Ахметшәріп.  

Одан бөлек, «Қазақстан» ұлттық телеарнасы да Бейбіт Шүменов пен Бернард Хопкинс арасындағы чемпиондардың кездесуін көрермендерге 20 сәуір күні сағат 12:00-де қайталау түрінде ұсынады.   

Естеріңізге салар болсақ, жартылай ауыр салмақтағы WBA тұжырымы бойынша әлем чемпионы, 31 жастағы Бейбіт Шүменов пен IBF белбеуінің иесі, 49 жастағы Бернард Хопкинс арасындағы жекпе-жек 19 сәуір күні АҚШ астанасы Вашингтонда өтеді. Букмекерлік кеңселердің пікірінше, бұл кештің фавориті Бернард Хопникс болып отыр. Дәлірек айтсақ, олар америкалық боксшының жеңісіне 1.46 коэффициент берсе, Шүменовтің жеңісі 3 коэффициентке бағаланды. Ал егер қос боксшы тең түсіп жатса, осы оқиғаға тіккен сомаңыз 30 есе көбейеді.   

Дайындаған: Болат Қосмағамбет

Сурет: remarka.kz

Б. Қосмағамбет