Паралимпиадаға Қазақстаннан 5 спортшы қатысады

Паралимпиадаға Қазақстаннан 5 спортшы қатысады

Бүгін Солдат сайындағы «Алатау» шаңғы-биатлон кешенінде Қазақстан ұлттық Паралимпиада құрамасының Сочиде (Ресей) өтетін ХІ қысқы Паралимпиада ойындарына аттануына орай баспасөз мәслихаты өтті.


Журналистерді қарсы алған Қазақстан Республикасы паралимпиадалық құрамының бас бапкері Олег Коломец спортшылардың дайындығы және жарыс алдындағы жағдайларымен таныстырды.

Баспасөз мәслихатын еліміздің паралимпиадалық комитетінің президенті Дархан Кәлетаев сөз сөйлеп ашты. Сочиге 5 спортшымыздың аттанып отырғаны үлкен жетістік екенін тілге тиек ете кетті. Сонымен қатар, сөз арасында паралимпиадалық керлинг құрамасының да құрылатыны жайлы құлаққағыс етті.

Өз кезегінде спорт және дене шынықтыру агенттігінің орынбасары Елсияр Қанағатов спортшыларға ақ жол тіледі. Жаңадан аяққа тұрып келе жатқан еліміздегі спорттың бұл саласы алда әлі талай жетістікке жететініне сеніммен қарауға болатынын айта келе, Сочиге берілер 5 жолдаманы жеңіп алу мұның айқын дәлелі деп атап өтті.

Баспасөз мәслихатына Сочи ХХІІ қысқы Олимпиада ойындарында еліміздің қоржынына жалғыз қола жүлдені салған Денис Тен де келіп, Паралимпиада ойындарына аттанғалы отырған спортшыларға сәттілік тіледі.

Сонымен 7 наурыз күні Сочиде байрағын желбірететін кезекті додада еліміздің намысын 5 спортшы қорғайды. Бұл қысқы паралимпиада ойындарындағы еліміздің атынан ең көп спортшылар бара жатқан аламан болмақ. Ұлттық құрамамыздың құрамы төмендегідей:

1) Александр Колядин 1973 жылы Қостанай облысы, Сарыкөл ауылында дүниеге келген. Шаңғы спортымен айналысып жүргеніне 12 жыл болған. 1997 жылы жол апатына ұшырап жарақат алған. Сочиде еліміздің намысын 1 шақырымдық спринт сыны мен 20 шақырымдық классикалық жүріп өтуден қорғайды

2) Қайрат Қанафин 1975 жылы Солтүстік Қазақстан облысы, Петропавл қаласында дүниеге келген. Шаңғы спортымен қатар, жеңіл атлетикамен де айналысады. 2011 жылы еліміздің спорт шебері атағына ие болған. 2012 жылы 1500 метрге жүгіру сайысында топ жарған. 1997 жылы студенттік жасақ құрамымен егіс алқабында жүргенде жарақат алып, жанарына зақым келген. Сочиде 1 шақырымдық спринт және 10 шақырымдық еркін жүру сайысында өнер көрсетеді. Сонымен қатар 7,5 шақырымдық биатлон сынында да бағын сынап көрмек.

3) Жаңыл Балтабаева 1990 жылы Тараз қаласында дүние есігін ашқан. Қазіргі таңда Қазақ спорт және туризм академиясының студенті. Суда жүзу спортынан еліміздің спорт шебері болса, жеңіл атлетикадан спорт шеберлігіне кандидат. Сочи ХІ қысқы паралимпиадасында 1 шақырымдық спринт сыны мен 5 шақырымдық шаңғы спортында бақ сынайды.

4) Елена Мазуренко 1967 жылы Солтүстік Қазақстан облысы, Петропавл қаласында туған. 1991 жылдан бері жеңіл атлетика, суда жүзу, үстел теннисі секілді спорт түрлерімен шұғылданып, еліміздің бірнеше дүркін чемпионы атағына қол жеткізген. Сочи сынында ел намысын шаңғы спортында 1 шақырымдық спринт сыны мен 5 шақырымдық еркін жүру бағдарламасында қорғайды.

5) Ерлан Омаров 1962 жылы Қатон-Қарағай өңірінде дүниеге есігін ашқан. 1998 жылдан бері спортқа ден қоя бастаған. 2008 жылдан бері шаңғы спортымен айналысады. 2012 жылы еліміздің спорт шебері дәрежесін иеленген. Алдағы паралимпиадада шаңғымен 1 шақырымдық спринт сайысы мен 10 шақырымдық еркін жүру бағдарламасында бақ сынайды.

Сочи ХІ қысқы Паралимпиада ойындарында жоғары орыннан көрінген спортшыларға берілер сыйақы көлемі төмендегідей:

1 орын – 50.000 АҚШ доллары

2 орын – 35.000 АҚШ доллары

3 орын – 25.000 АҚШ доллары

4 орын – 14.000 АҚШ доллары

5 орын – 6.000 АҚШ доллары

6 орын – 4.000 АҚШ доллары

Сочи ХІ қысқы Паралимпиада ойындары 7 наурыз бен 16 наурыз аралығында өтеді.

Естеріңізге сала кетсек, 2010 жылғы Ванкувер қысқы Паралимпиада ойындарында еліміздің намысын шаңғышы Олег Сысолятин қорғаған болатын.

Автор: Өмірбек Сансызбай

Сурет: massaget.kz

Ө. Сансызбай