Головкиннің келесі қарсыласы кім болмақ?

Головкиннің келесі қарсыласы кім болмақ?

WBA және IBO тұжырымдары бойынша әлем чемпионы, қазақстандық боксшы Геннадий Головкиннің промоутері Том Леффлер өз клиентінің кешегі кездесуде ганалық Осумана Адамадан басым түскенінен кейін алдағы өткізетін жекпе-жегінде кездесуі мүмкін қарсыластардың есімін атады. Бұл жөнінде ESPN сайты хабарлайды.

Головкиннің 2014 жылға жоспарлаған екінші кездесуі 26 сәуір күні Нью-Йорктің (АҚШ)  Madison Square Garden кешенінде өтеді деп күтілуде. Бұл бокс кешін америкалық көрермендерге НВО телеарнасы ұсынатын болады. Қазақстандық үшін бұл кездесу кәсіпқой рингтегі 30-шы болып саналады.

Леффлердің сөзінше, Генаның болашақ қарсыластары ішінде аустралиялық Даниэл Гил, ирландиялық Энди Ли және америкалық Джеймс Киркланд бар. Осыған дейін олардың қатарында Серхио Мартинес, Андре Уорд және Адонис Стивенсондар болған еді.  

Ал Головкиннің өзі болса, Адамадан басым түскеннен кейін (29 кездесудегі 29-шы жеңісі) бірінші кезекте орта салмақта кім мықты екендігін анықтау үшін WBC чемпионы Мартинеспен кездескісі келетіндігін ашық айтқан болатын. Аргентиналық Серхио Мартинес биылғы жылдағы алғашқы кездесуін 7 маусым күні пуэрторикалық Мигель Коттоға қарсы өткізбек.   

Айта кету керек, 2013 жылы Головкин Madison Square Garden аренасында екі рет жұдырықтасып, алғашқысында Габриэля Росадодан басым түссе (техникалық нокаут), екінші бір кездесуінде Кертис Стивенсті де техникалық нокаутпен жеңді.


Дайындаған: Болат Қосмағамбет

Суретsport.mail.ru

 

Б. Қосмағамбет