Маклиннің Адамаға айтқандары...

Маклиннің Адамаға айтқандары...

Бокстан әлем чемпионы атағына бұрынғы үміткер британиялық Мэттью Маклин бүгін, 1 ақпан күні орта салмақтағы WBA және IBO тұжырымдары бойынша әлем чемпионы Геннадий Головкиннен атақтарын тартып алуға үмітті ганалық боксшы Осумана Адамаға қазақстандыққа қарсы кездесуде жеңіске жету үшін қажетті кеңестерін айта кетіпті.    

Естеріңізге салсақ, Маклин Головкинмен 2013 жылдың маусымында АҚШ-тың Коннектикут штатында жұдырық түйістіріп, үшінші раунд кезінде бүйірінен ауыр соққы алып, нокаутпен жеңіліс тапқан болатын. Кейін британиялық боксшы осы соққының салдарынан бір қабырғасының сынғанын айтып, Генаның шеберлігіне таңданыс білдірген еді.  

Маклиннің сөзінше, ол Адамамен жақын таныс көрінеді. Кезінде Головкинге қарсы жекпе-жекке дайындық кезінде британиялық боксшы спарринг қарсыласы ретінде дәл осы Осумана Адамамен ринге шыққан екен.  Сондай-ақ Маклин ганалықтың Даниэль Гилге қарсы 12 раунд бойы төтеп бергендігін айта келе, бүгінгі кеште де оның Гена үшін біршама қиындық туғызатынына сенімділік білдірді.

«Головкинге қарсы кездесуде жеңіске жетудің бір мүмкіндігі – Адама жекпе-жекті ринг ортасында өткізіп, ешқайда қашпауы керек. Соның нәтижесінде қарсыласын тықпыртып, оның соққы жасауға деген мүмкіндіктері барынша сейіледі. Меніңше, Головкиннің жақын айқаста алып бара жатқан ешнәрсесі де жоқ. Сондықтан Адама қашықтықты барынша жақындатып, Головкинді апперкот (иек астынан жоғары қарай бағыттай жасалатын соққы) есебінен де біраз есеңгірете алады. Ол Рикки Хаттон мен Костя Цзю арасындағы кездесудегі сияқты соққыға соққымен, қанға қанмен жауап беруі керек»,-дейді британиялық.

Осы тұста Маклин аталған кеңестерін өзі де Головкинге қарсы кездесуде жүзеге асыруды жоспарлағанын айта кетті. Алайда оның бапкері мұның қате екенін айтып, райынан қайтарған екен. Ал жекпе-жек барысында Маклин тактикасын өзгерту қажеттігін түсінген кезде, ол Генаның жойқын соққыларына тап болған. Оның сөзінше, Головкиннің джебі (негізгі соққы алдындағы алдыңғы қолмен жасалатын орташа соққылар) оның бұл жоспарының жүзеге асуына мүмкіндік бермеген көрінеді.  

Сондай-ақ Маклин ганалық боксшыға кездесуді барынша ұзаққа созып жағдай жасауға кеңес береді. Оның үстіне Адама осыған дейін үш бірдей кездесуін 12 раундқа дейін соза білген. Осыған байланысты британиялық боксшы Головкинді шаршатып барып, жекпе-жек соңына қарай мәселені шешуге болатындығын айтады.    

«Алайда, егер Головкин сырқаттанып қалмаса, жарақаты жоқ болса және қарсыласын бағалай білсе, онда Адаманың бұл кездесуде жеңіске жететін мүмкіндігі жоқтың қасы. Бірақ жеңілмейтін боксшы болмайды. Мысалы, Винс Филлипсті еске алайық. Ол Цзюге қарсы шыққанда, оның жеңіске жететініне ешкім де сенбеген еді. Ал ол болса, жай ғана рингке шықты да, өз жұмысын сауатты жасай білді»,-дейді Маклин.

Дегенмен британиялық бұл жағдайдың Головкинмен қатысуымен болатын кездесуде орын алатынына біршама күмәнмен қарайтынын жасырмады: «Егер Адама жекпе-жек басталысымен соққы алмасу тактикасын таңдап алып, сақ болмаса, ол бірден нокаутқа түсіп қалуы ғажап емес. Головкиннің 28 кездесуінің 15-інде қарсыластарын алғашқы үш раундта құлатқанын ұмытпау керек. Ал бұл кездесуде Головкин ганалықты жүйелі түрде шабуылдап, алтыншы раундтан кейін кездесу тағдырын шешетін сыңайлы. Кертис Стивенс болса, кездесу басталысымен Головкинге қарсы ашық айқасқа шығып, нәтижесінде екінші раунда есінен танып қала жаздағаны белгілі. Осыдан кейін ол бірден қорғанысқа жатып алып, Геннадий оны сегізінші раундта толық талқандады. Меніңше, сенсация орын алмаса, Адаманың қарқыны әрі кетсе жетінші-сегізінші раундтан аса қоймас»,-деп жазады Маклин сөзіне сілтеме жасаған Boxingnews24.com порталы.

Естеріңізге сала кетейік, Головкин – Адама арасындағы кездесу бүгін Монакода өтеді. Бірде-бір рет жеңіліске ұшырамаған қазақстандық боксшы үшін бұл өз мансабындағы 29-шы жекпе-жек саналады.   

Дайындаған: Болат Қосмағамбет

Суретallboxing.ru

Б. Қосмағамбет