- Негізгі бет
- Сочи-2014
- Қазақстан атынан Сочи...
Қазақстан атынан Сочи Олимпиадасына 50 спортшы жолдама алды
Сочиде өтетін қысқы Олимпиада ойындарына Қазақстан құрамасы 50 лицензия жеңіп алды, деп хабарлайды Vesti.kz тілшісі.
Бұл туралы спорт және дене шынықтыру агенттігі төрағасының орынбасары Елсияр Қанағатов бүгін мәлімдеді.
«Біз өз жұмысымыздың ілгері басқандығын байқаймыз. Бұл дүбірлі додаға еліміздің атынан 50 спортшы мен 40 жаттықтырушы және басқа да көмекші қызметкерлерді алып баратын боламыз,-деп бастады өз сөзін агенттік төрағасы. – Ванкуверде біз спорттың 8 түрінен қатысқан болатынбыз, енді олардың саны 10-ға өсіп отыр. Қазақстанның ресми делегациясы құрамында 102 адам бар. Олардың алғашқысы қазірдің өзінде Сочиге жетіп үлгерді. Олимпиада ауылында Қазақстанның көк байрағы 4 ақпан күні көтерілмек».
Сондай-ақ, Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың отандық делегацияны Сочиге алып бара алмайтындығы, алайда Елбасы 7 ақпан күні өтетін қысқы Ойындардың ашылу салтанатына қатысатыны белгілі болып отыр.
Айта кетейік, шаңғышылардың көшін Әлем Кубогы мен басқа да байрақты бәсекелерде сәтті өнер көрсетіп жүрген Алексей Полторанин бастап шығады.
Ал еліміздің атынан Олимпиадаға қатысатын спортшылары арасында ең көп лицензияға конькимен жүгірушілер қол жеткізіпті. Олардың ішіндегі Дмитрий Бабенко Азия чемпионатында алтыннан алқа тағынса, Денис Кузин былтыр Қазақстан тарихында бұрын-соңды болмаған табысқа жетті. Ол дәл осы Сочиде өткен төрткүл дүние бәсекесінде алдына жан салмай, әлем чемпионы атағына қол жеткізді.
Мәнерлеп сырғанау спорты түрінен екі жолдама бұйырыпты. Оның біріншісі әлем біріншілігінде күміс медаль иеленген және де осы жарыстағы Қазақстан басты үміт артып отырған спортшыларының бірі Денис Тенге тиесілі болса, екіншісі Абзал Рақымғалиевке бұйырды. Елімізде мықты дами қоймаған спорттың бір түрі сноубордтан Олимпиадаға тек бір қызымыз жолдама алып отыр (Валерия Цой).
Сонымен Сочидегі қысқы Олимпиада ойындарына лицензия ұтып алған спортшыларымыздың толық тізімі келесідей:
Шаңғы спорты жарыстарында еліміздің намысын Ердос Ахмадиев, Алексей Полторанин, Николай Чеботько, Марк Старостин, Евгений Величко, Сергей Черепанов, Денис Волотка, Роман Рогозин, Анастасия Слонова және Татьяна Осипова қорғайды (10).
Конькимен жүгіру спортында медальға таласатындар (6): Денис Кузин, Дмитрий Бабенко, Роман Креч, Александр Жигин, Федор Мезенцев және Екатерина Айдова.
Мәнерлеп сырғанауда Қазақстан атынан Абзал Рақымғалиев пен Денис Тен (2), ал шорт-тректе Айдар Бекжанов, Нұрберген Жұмағазиев, Абзал Әжғалиев, Денис Никиша, Аслан Даумов пен Инна Симоновалар қатысады (6).
Фристайлдан өтетін жарыстарда ерлер арасында Дмитрий Рейхерд, Дмитрий Бармашов, Павел Колмаков – (үшеуі де могулден) және Сергей Берестовский, Бағлан Іңкәрбек (акробатикадан) бақ сынайды (5). Әйелдерден Юлия Галышева мен Дарья Рыбалова (могулден), Жібек Арапбаева мен Жанбота Алдабергенова (акробатикадан) қатысады (4).
Тартысқа толы жарыс түрлерінің бірі биатлоннан 10 спортшымыз жолдама алды: Диас Кенешев, Ян Савицкий, Сергей Наумик, Антон Пантов, Александр Трифонов, Елена Хрусталева, Марина Лебедева, Дарья Усанова, Алина Райкова және Галина Вишневская.
Ең қауіпті әрі жылдам спорт түрі саналатын жарыс шаналарында Елизавета Аксенованың бір өзі ғана бақ сынайды (1), тау шаңғы спортынан Игорь Закурдаев, Дмитрий Кошкин, Мартин Хубер мен Екатерина Черепанова жарыс жолына шығады (4).
Шаңғымен тұғырдан Алексей Пчелинцев секірсе (1), сноубордта Валерия Цой өнер көрсетеді (1).
Естеріңізге сала кетейік, осыған дейін де Сочи ойындарына баратын спортшылардың тізімі жарияланған болатын. Алайда кейін спорт және дене шынықтыру агенттігінде оның ресми құжат еместігін айтып, толық тізімді бүгін беруге уәде еткен еді.
Ал Қазақстанның Ақ олимпиадашыларын Сочидің орталық стадионында өтетін ашылу салтанатына шаңғышы Ердос Ахмадиев қолына көк байрақ ұстап, алып шығады.
Дайындаған: Болат Қосмағамбет
Сурет: kavkaz-uzel.ru
Б. Қосмағамбет