Зарина Диас үшінші кезеңнен өте алмады

Зарина Диас үшінші кезеңнен өте алмады

Қазақстандық теннисші Зарина Диас Мельбурнде өтіп жатқан Австралия ашық чемпионатының үшінші кезеңінде әлемнің 11-ракеткасы румыниялық Симоне Халептен жеңіліп қалды.

Бірінші сетте Симоне Халеп 6:1 есебімен сенімді түрде жеңіске жетті. Екінші сетте жерлесіміз барын сала тырысқанымен тәжірибелі қарсыласы мүмкіндік бермеді. Зарина бұл сетте де 6:4 есебімен жол берді.

Осылайша Зарина Диас «Үлкен дулыға» турнирі ашқан таланттардың бірі ретінде көпшілікке мәлім болды. Ол өз спорттыө мансабында тұңғыш рет "Australian Open" турнирінің негізгі кезеңінде өнер көрсетті. Жерлесіміз бірінші айналымда чехиялық Катерина Синяковадан басым түссе, екінші айналымда әлемнің 52-ші ракеткасы жаңа зеландиялық Марина Ераковичтен айласын асырды.

Алғаш рет қатысқанына қарамастан екі мәрте жеңіске жетіп, әлемдік рейтингте өзінен 100 саты жоғары тұрған теннисшіні орта жолда қалдырған Заринаның сенсациялық өнері көпшілік қызығушылығын тудырды. Кеше ғана ресейлік Sports.ru порталы 20 жастағы қазақ қызын «бүгінгі күннің аруы» деп таныды. Осы турнирден кейін Заринаның әлемдік рейтингтегі орны біраз жақсара түсері анық.

«Australian Open-2014» турнирі қазақстандық теннисшілер үшін өз мәресіне жетті. Жерлестеріміздің бәрі де жарыс жолынан шығып қалды.

Дайындаған: Нұржігіт Айдархан

Сурет: Vesti.kz

Ш. Талап