Чемпиондар Лигасы. Роналду рекорд орнатты

Чемпиондар Лигасы. Роналду рекорд орнатты

Чемпиондар Лигасының алғашқы күнінің топтық кезеңіндегі соңғы кездесулер аяқталды. Назарларыңызға ойындардың нәтижелерін ұсынамыз.

«А» тобы


«Манчестер Юнайтед» (Англия) 1 – 0 «Шахтер» (Украина)

Украиналық команда Чемпиондар Лигасында жүйелі ойынымен ерекшеленді. Дегенмен аздап сәттілік жетіспеді. «Олд Траффордтағы» соңғы кездесудің алғашқы таймында жақсы-ақ ойнады. Бірақ өз мүмкіндіктерін пайдалана алмады. Соңынан бұл – өздеріне таяқ болып тиді. 67 минуттағы қорғаушылар қателігінен кейінгі Фил Джонстың тепкен добы Андрей Пятов қорғаған қақпаның төрінен табылды. Осылайша «қызыл сойқандар» Чемпиондар Лигасының өз алаңындағы үш кездесуінде де жеңіске жетті. Ал Мирча Луческу командасы Еуропа Лигасында бақ сынайтын болады.

«Реал Сосьедад» (Испания) 0 – 1 «Байер» (Германия)


Бұл топтағы екінші жолдаманы леверкузендік «Байер» иеленді. Сан-Себастяньда «Реал Сосьедадты» бір доп айырмасымен жеңген Сами Хююпя шәкірттері донецкілік «Шахтерды» артта қалдырды. Кездесудегі жеңіс голын Топрак соқты. Ал алаң иелері жалғыз ұпаймен жарысты аяқтады.

 

"A" тобы Ойын  Жеңіс  Тең  Жеңіліс  Голдар  Ұпай 
1.   Манчестер Юн      6 4 2 0 12:3 14
2.   Байер 6 3 1 2 9:10 10
3.   Шахтер Дн 6 2 2 2 7:6 8
4.   Реал Сосьедад 6 0 1 5 1:10 1

«В» тобы

«Галатасарай» (Түркия) - «Ювентус» (Италия)

Екі команда да кездесуді ширақ бастаған. Роберто Манчини командасы өз алаңында басымдық танытуды бірден байқатқан. Дегенмен табиғаттың тосын мінезінен кейін, бас қазы Педро Проэнса ойынды 34 минутта тоқтатуға шешім қабылдады. Стамбулдағы стадион 8 минутта ақ қар мен бұршаққа оранып шыға келді. Кездесу УЕФА шешімімен ертең Астана уақытымен сағат 18:00-де жалғасын табады.

«Копенгаген» (Дания) 0 - 2 «Реал» (Испания)

Дат ұжымында да мүмкіндік болған. Бірақ футбол мамандары ол мүмкіндікті алаң иелерінің пайдасына қызмет атқармайтынын бірден шешіп айтқан еді. Айтқандай-ақ келді. «Корольдік клуб» 0:2 есебімен қарсыластарынан басым түсіп, топтық кезеңді жеңіліссіз аяқтады. Ал команданың көшбасшысы Криштиану Роналду жаңа рекорд орнатты. Ол Чемпиондар Лигасының топтық кезеңінде 9 гол соғып, жаңа нәтиже тіркеді. Алайда 89 минутта пенальти тебуде қателесті.

 "B" тобы Ойын  Жеңіс  Тең  Жеңіліс  Голдар  Ұпай 
1.   Реал 6 5 1 0 20:5 16
2.   Ювентус 5 1 3 1 9:8 6
3.   Галатасарай      5 1 1 3 7:14 4
4.   Копенгаген 6 1 1 4 4:13 4

«С» тобы

«Бенфика» (Португалия) 2 – 1 «ПСЖ» (Франция)

«Бенфикаға» жеңіс қажет-ақ еді. Жеңді де. Дегенмен «Олимпиакостың» жеңісі лиссабондық команданы Чемпиондар Лигасының келесі кезеңінде бақ сынауына жол бермеді.

«Олимпиакос» (Грекия) 3 – 1 «Андерлехт» (Бельгия)


Нағыз тартысты кездесу грек жерінде орын алды. Алғашқы минуттарда алаң иелерінің шабуылында жан болмағандай сезілген. 33 минутта Фустердің тепкен добы қорғаушыға тиіп, Савиоланың аяғынан табылды. Футболшы мүлт кетпеді. Есеп ашты. Араға 6 минут сала қонақтар үш тура паспен «Олимпиакос» қақпасын дәл көздеді. Нағыз қызық екінші таймда орын алды. Бас қазы Вольфганг Штрак бельгиялық ұжымның үш бірдей ойыншысын алаңнан қуды. Үш бірдей пенальти белгіледі. Дегенмен алаң иелері үш 11 метрлік айып добының біреуін ғана өз пайдаларына шешті. Онда да қақпашы тұрған сәтте емес, шабуылшыға қарсы. (90 минутта кездесудің бас қаһарманына лайық өнер көрсеткен Прото алаңнан қуылған-ды). Осылайша «Олимпиакос» өз тарихында Чемпиондар Лигасының плей-офф кезеңіне төртінші рет жолдама алып отыр.

 "C" тобы Ойын  Жеңіс  Тең  Жеңіліс  Голдар  Ұпай 
1.   ПСЖ 6 4 1 1 16:5 13
2.   Олимпиакос    6 3 1 2 10:8 10
3.   Бенфика 6 3 1 2 8:8 10
4.   Андерлехт 6 0 1 5 4:17 1

«D» тобы

«Бавария» (Германия) 2 – 3 «Манчестер Сити» (Англия)

Мюнхендік команда алғашқы таймды сәтті бастағанмен, ағылшын жеріндегі жеңісін қайталай алмады. Мюллер мен Гютце есепте командасын алға шығарғанымен, «Манчестер Сити» жеңіске бастар жолды таба білді.

«Виктория Пльзен» (Чехия) 2 –1 «ЦСКА» (Ресей)

Мәскеулік команда Еуропа Лигасына қатыспайды. Сырт алаңда "Виктория Пльзеньге" есе жіберген Леонид Слуцкий шәкірттері еурокубок жолындағы кездесулерін аяқтады. Алан Дзагоевтың алаңнан қуылуы чех командасының басымдығын айқын танытты. (Келесі кезеңге өту – екі команданың өзара ойындарының нәтижесімен есептелді).

 "D" тобы Ойын  Жеңіс  Тең  Жеңіліс  Голдар  Ұпай 
1.   Бавария 6 5 0 1 17:5 15
2.   Манчестер Сити 6 5 0 1 18:10 15
3.   Виктория П 6 1 0 5 6:17 3
4.   ЦСКА 6 1 0 5 8:17 3

Автор: Өмірбек Сансызбай

Сурет: vk.com

Ө. Сансызбай