Денис Тен Астанада шоу өткізбекші

Денис Тен Астанада шоу өткізбекші

Мәнерлеп сырғанаудан 2013 Әлем біріншілігінің күміс жүлдегері Денис Тен 25 мамыр күні елордамыз Астана қаласындағы «Алау» мұзайдынында шоу өткізбекші.

Кештің аты «Денис Тен және оның достары» деп аталады. Кешке мәнерлеп сырғанаудан әлемге танымал спортшылар қатысады деп отыр. Vesti.kz спорт порталының айтуынша, бүгінде бұл шараға Стефан Ламбьель, Бриан Жубер, Ирина Слуцкая және Каролина Костнер сынды танымал мәнерлеп сырғанаушылар қатысуға дайын екендігін мақұлдаған.

«Алдымен маусым туралы айтып кетейін. Бұл жыл мен үшін өте қуанышты болды. Канадада өткен Әлем чемпионатын ешқашан ұмытпаспын. Өйткені, ол жақта мен де, Қазақстан да Әлем біріншілігіндегі алғашқы медалін еншіледі. Кейін мені Жапонияда өткен командалық әлем чемпионатына қонақ ретінде шақырды. Ол жақта да сәтті өнер көрсеттім деп ойлаймын. Енді мен өз достарымды Қазақстанға шақырып жатырмын. Мамырдың 25 жұлдызында Астана қаласында Алау спорт кешенінде шоу өткіземіз. Шыны керек, Әлем біріншілігінде үздіктердің қатарына қосылған соң, маған жер шарының әр түкпірінен хат жазатын болды. Барлығы да Қазақстан туралы білгісі келеді. Сол себепті де, мен осы концертті ұйымдастыруды жөн санадым. Шоудың басты мақсаты – еліміздегі жасөспірімдерді мәнерлеп сырғанауға шақыру», - деді Тен өзінің Twitter әлеуметтік парақшасында. 

Ұйымдастырушылардың айтуынша, шоу барысында мұзайдынға экстремальды мәнерлеп сырғанаушылар, сонымен қатар Қазақстанның эстрада жұлдыздары келеді. Шоудың билеттері сатылымға жуық арада түседі. Бағасы мың теңге мен төрт мың теңгенің арасында болады екен.

Айта кетейік, Денис Тен Әлем чемпионатынан келгеннен соң, отандық баспасөздерге берген сұхбатында 24 мамыр күні Алматы қаласында да шоу өткіземін деген болатын. Дегенмен, бұл туралы спортшы және оның командасы әлі де ешқандай ақпарат таратқан жоқ. 

Дайындаған: Уалихан Қосанбай

Сурет: vesti.kz, kazsports.kz

Ю. НИКУЛЛИН