Зулфия Чиншанло Қазақстаннан кетті ме?

Зулфия Чиншанло Қазақстаннан кетті ме?

Аспан асты елінің «Sohu.com» ақпараттық порталы сейсенбілік жаңалықтарын ХХХ Олимпиада ойындарында Қазақстанның атынан шығып, алтын медальді олжалаған Зулфия Чиншанлоның Қытай еліне оралғаны туралы жаңалықпен бастапты. Мақаланың авторы Чаң Ша қалалық газетінің Шияң Чунь есімді тілшісі.

 «Биыл Лондон төрінде топ жарған отандасымыз Зулфия Чиншанло (шын есімі – Жау Чаң Лиң) елге оралды. Енді Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласында өтетін 2016 жылғы жазғы Олимпиада ойындарында Жау Чаң «аспан асты» елінің намысын қорғайды. Ол Чаң Ша қалалық қоғам қауіпсіздік мекемесі жағынан азаматтық куәлікке 22 қазанда суретке түсті. Енді  тез арада Қытай азаматы деген куәлікке ие болады », - дейді Қытай тілшісі.

Ал Зулфия Чиншанлоның өзі қытайлық тілшіге берген сұхбатында: «Үйге қайтып келгеннің қуанышын сезінудемін. Өйткені мен өзімнің мұғалімім Хы Ий Шың  және Жоу Шу Хоңмен қайта табыстым. Бұдан да маңыздысы емін-еркін көкөніс тамғамдарын жей алатын болдым",-  деп қалжыңдады дейді.

«Мен ежелден өзімді Қытай азаматы емеспін деп айтқан жоқпын. Менің жалғыз-ақ есімім бар. Ол - Жау Чаң Лиң. Елден айрылып, Алматыға барған бес жылдан бері мен ешқашан Қытай азаматы екенімді есімнен шығарған емеспін. Алдыңғы жылғы Гуаң Жоудағы іріктеу жарысына қатысқанымда жүрегімді елге деген сағыныш тербеп тұрды. Және келіп тілшілік жасаған жерлестерімнің бәріне мен Қытай азаматымын, Хоу Нандықпын (жер аты) деп жауап бердім. "Зұлфия" деген атқа келер болсақ, тәрбиешім менің Қытай тіліндегі атымның орыс тілінің тілдік ерекшеліктеріне сай келмейтіндіктен өзгертті. Менің Алматыдағы тәрбиешім корейлік. Бірақ Алматыда туған. "Зұлфия" сол кісінің қойып берген аты. Менің есімім Зұлфия емес. Сенбесеңіз, мынау туу туралы куәлігімнен қараңыз, "Жау Чаң Лиң" деп жазылып тұр. Алматыдағы жаттықтырушым менің "Зұлфия" деп атайтын. Бірақ мен өзімнің "Жау Чаң Лиң" деген атымды ұнатамын және де солай атауын үміт етемін», - дейді.


Осы жәйттің анық-қанығын білу үшін біз Зулфия Чиншанлоның жеке бапкері Виктор Ниға хабарластық:
«Мен Зулфияны Қытайға өзім шығарып салдым. Кетер кезінде Зуля Қытайда қалып қоям деген әңгіме айтқан жоқ. Мен бұл жаңалықты әлі естіген жоқпын. Менде тіпті оның байланыс телефоны жоқ. Сондықтан, онымен сөйлеспей тұрып ешқандай түсініктеме бере алмаймын. Қараша айының соңында Алматыда жаттығуларымыз басталу керек. Ал Чиншанлоға біз қазан айының жиырма жетісіне Пекин-Алматы бағытында билет алып қойдық. Сондықтан келер аптада Зулфия Алматыда болу керек», - дейді Виктор Ни.

Қазақстан ауыр атлетика федерациясының президенті Қайрат Тұрлыханов: Мая Манеза мен Зүлфия Чиншанло Қытайға туысқандарына кеткен еді. Манеза қазір елге қайтып келді. Ал Зүлфия 27 қазан күні оралуы тиіс. Ұшаққа билеті сол күнге белгіленген. Қытайлық басылымдағы ақпарат жалған. 

Ауыр атлетика федерациясының бас хатшысы Меңдіхан Тәпсір: "Біз бұл ақпаратты естіп, таңырқап отырмыз. Оның Қытайға қыдырып кеткені рас. Бірақ 2016 жылғы олимпиадаға Қытайдың атынан қатысады деген жалған".

Массагет.кз порталы таратылған ақпаратты назарынан шығармай, қадағалап отыратын болады.

Қытай тілінен аударған: Қайсар Қауымбек

Дайындаған: Уалихан ҚОСАНБАЙ

Сурет: Sohu.com, voxpopuli.kz, Жеке мұрағаттан

Ю. НИКУЛЛИН