Бүгін AIBA турнирінің екінші күні өтті

Бүгін AIBA турнирінің екінші күні өтті

AIBA Азия олимпиадалық квалификациялық турнирінің өтіп жатқандығы белгілі. Бүгін, яғни 6 сәуірде осы турнирдің екінші күні өтті. Сайыста 64 және 75 кг салмақтағы спортшылар өнер көрсетті. Рингге шыққандардың алғашқыларының бірі жерлесіміз Данияр Елеусинов болды. Айта кетелік, 64 кг салмаққа дейінгі категорияда 16 боксшы бағын сынады.

Үшінші жұпта өнер көрсеткен боксышмыз жеңіске жетіп, жанкүйерлерін қуантты. Қарсыласы иорданиялық Ибрагим Салех болды. Алғашқы раундта жерлесіміз бірден көзге түсіп, қарсыласынан басымдылығын анық байқатып отырды. Иорданиялық боксшы қарама-қарсы шабуылдарға шығуға барынша тырысқанымен, Данияр өте тез қимылдарымен оның бетін қайтара білді. Алғашқы раундтың есебі 11:2

Екінші раундта спортшыларда соққы алмасулар көп болды. Жерлесіміз иорданиялық боксшыдан биігірек болғандықтан, соққы бағыттау онша қиынға соға қоймады. Даниярдың екпініне бұл жолы да Селех төтеп бере алмай, ақыры екінші раунд та жерлесіміздің пайдасына 19:2 есебімен аяқталды.

Жалпы есеп 27:4. Отандасымыз айқын жеңіске жетсе де, толығымен күшін сарп ете қойған жоқ.

Келесі шайқас 8 сәуірде өтеді. Данияр ширек финалда кореялық Чол Сон Киммен бақ сынасатын болады. Алдағы уақытта турнир жаңалықтарымен массагеттіктерді құлағдар етіп отыратын боламыз.

сурет: sportinfo.kz