ЧЛ. Финал. Анонс. "Бавария" 2 - 1 "Боруссия"

ЧЛ. Финал. Анонс. "Бавария" 2 - 1 "Боруссия"

Бүгін, 25 мамыр күні Лондон төрінде немістің қос мықтысы өзара күш сынаспақ. Атақты "Бавария" командасы романтик "Боруссиямен" «Уэмбли» стадионында кездесу өткізеді. Ойынның басталу уақыты - 00:45.

Испанияның екі алпауытын шаң қаптырған "неміс машиналары" ағылшын аспанын думанға бөлемек. Дүйім жұрттың назары "сен тұр, мен тебейін!" ойыншыларға ауып, бір сәт футбол әлемі демін ішке жинайтын болады. Иә, баварлықтар Чемпиондар Лигасындағы оныншы жүлделеріне қол жеткізгілері келсе, дортмундық клуб тарихта екінші рет иеленіп қалу мүмкіндігін құр жібермеуге тырысады.

Тәлімгерлер тас түйін бекінген. Клопп бапкер өз шәкірттерінің табандылықтарына иек артса, Хайнкес мырза кіл мықтының ұжымдық ойынына арқа сүйемек. Бадштубер, Кроос, Гетце секілді ойыншылар жарақат алып қалды демесеңіз, былайынан алғанда екі жақтың құрамы бәз қалпы өзгермеген. Екі жақтың да қосалқы құрамы ығай мен сығайға толы. Екі жақтың да қосалқы құрамындағы кез келген ойыншы кез келген минутта ойынға араласуға дайын.

Бүгінгі айқастың нағыз көркі орталық тұста өнер көрсететін 23 жастағы Илкай Гюндоган мен Бастиан Швайнштайгер арасында орын алмақ. Кімнің ойыны жүрмей жатса, сол жақтың туы жығылатын болады. Кімнің мерейім үстем болып шықса, сол жақтың өкілдері жеңіс тойын тойлайды.

Өте қызықты финал болғалы тұр. Еш ақаусыз жұмыс жасап тұрған "Бавария" атты мығым механизмге қарсы еуропалық футбол маусымының маржандары, Дортумундтан шыққан романтиктер өнер көрсетпек. Бір сөзбен айтқанда, екі түрлі команда, екі түрлі философия. Тек мықтының жеңгені күтілуде.

Бұл жолы "Бавария" ешбір жағдайда жеңілмек емес. Томас Мюллер айтпақшы, "Бавария" жеңілер болса, онда командаға "жолы болмағыш" дейтін айдар тағылады.  Сол үшін де, төрт жылда үш рет финалға шыққан клубтың бір есесі іште жатқан сыңайлы. Сол үшін де, бүгінгі матчта жұлын-жүйкенің беріктігі басты орынға қойылмақ.

Барлық мамандар мюнхендік ұжымның жеңетінін бір ауыздан мақұлдап отыр. Тек бірлі-жарым жандар Клопп бапкердің барлық жағдайда мерейі үстем түсетінін жасырмауда. Сөздің шыны керек, ішкі біріншіліктің орта тұсында тұратын команданың мұндай белеске аз жылда жетер деп ешкім ойламаған болар. Бәрін айт та, бірін айт, олар бүгін финалда. Және олар бүгін өз біліктерінен жаңылмақ емес. Екі командаға де тек жеңіс қажет.

Юпп Хайнкес бір сөзінде қос команданың өте сақ қимылдайтынын алға тартқан еді. Бұл тұста "Боруссияның" негізгі ойын жүйесін назарда ұстауымыз тиіс. Бапкердің көп уақыт жасақтауы арқасында олар қорғанысқа өте-мөте қатты көңіл бөлгіш болып алған және командалық еппен ғана шабуыл бастайды. Ал өз кезегінде баварлықтардың бар сұрауы, керісінше, шабуылда жатқан сыңайлы. Жаттықтырушының сөзін екі етіп көрмеген жұлдыздар шоғыры жеңіл қимылдап, жең ұшына жалғасқан сәт тұсында бір-бірімен орындарын жиі ауыстырып, сол арқылы қорғаныс шебінің қамалын қулықпен алып жатады.

 

"Боруссия Д" - "Бавария"

Чемпиондар Лигасы, Финал

25 мамыр, "Уэмбли", Лондон, 12:45

Бас қазы: Риццоли (Италия)

Жобаланған құрам:

"Боруссия Д": Вайнденфеллер - Пищек, Суботич, Хуммельс, Шмельцер - С. Бендер, Гюндоган - Блащиковски, Ройс, Гросскройтц - Левандовски

Бас бапкер: Клопп

"Бавария": Нойер - Лам, Боатенг, Данте, Алаба - Мартинес, Швайнштайгер - Роббен, Мюллер, Рибери - Манджукич

Бас бапкер: Хайнкес


Сурет:fc-bayern.ru

Автор: Фараби Арыстанбек

Л. Лига