- Негізгі бет
- ӘЧ 2014
- ӘЧ-2014. «А» тобынан...
ӘЧ-2014. «А» тобынан қай құрамалар шығады?
Футболдан Бразилия жерінде өтетін әлем чемпионатының басталуына он күндей ғана уақыт қалды. Бүгін біз әр топ құрамаларының мүмкіндігі мен олардың ойын жүйесіне арналған шолуымызды бастаймыз. Алдымен «А» тобы жайлы...
Төрт жылда бір келетін футбол додасын төрткүл дүние асыға күтуде. Бір ай бойы футболмен тыныстайтын әлем футболының жанкүйерлері де аламан жақындаған сайын тағатсыздана бастауда. Қай құрама чемпион болады? Кім сұрмерген атанады? Кімнің жұлдызы жанады? Қай құрама тосын сый жасайды? Қай құрама үшін сәтсіз өтеді? Бразилия дүбірлі доданы қалай өткізеді? Осы және өзге де сұрақтар футболсүйер қауымды мазалап жүргені анық. Сонымен «А» тобы мен алаң иелерінен бастайтын шолуымызды бастаймыз.
Бразилия – басты фаворит!
«А» тобында Бразилиямен қатар, Хорватия, Мексика және Камерун құрамалары бар. Топтың сөзсіз фавориті – алаң иелері. Ал тағы бір жолдамаға үш құраманың бірі таласатын болады. Ал бразилиялықтардың топтан шығатыны күмәнсіз. Олар «А» тобының ғана емес, әлем чемпионатының басты фавориті. Ендеше жиырмасыншы рет өткелі отырған футбол бәсекесінің барлығына қатысқан Бразилия құрамасының мүмкіндіктеріне тоқтала отырайық.
Луиш Филипе Сколари – білікті бапкер. Құрама жасақтағанда да аса сақтықпен қызмет жасады. Өз елінде өтетін додада топ жаруға бар мүмкіндігін салмақ. Құраманың ойын жүйесі өткір шабуыл мен қорғаныста басымдыққа ие. Ал қақпаны Джефферсон («Ботафого»), Витор («Атлетику Минейру») және Жулио Сезар қорғайды. Негізгі қақпашы да осы канадалық «Торонтода» ойнайтын Жулио болуы тиіс. 34 жастағы қақпашы осыған дейін құрама сапында 77 кездесуге қатысты. Тәжірибесі бар. Кезінде Еуропада қақпа күзеткен футболшының қазіргі қарымы қандай екенін бірге көретін боламыз. Кей құрамалардың қақпашыларынан мықты емес екені де белгілі. Ал бразилиялық қорғаушылар қазір әлемдегі ең танымал ойыншылардың қатарында. Бас бапкер шақырған Тьяго Силва, Давид Луиз, Данте, Энрике, Марсело, Дани Алвес, Майкон, Максвелл сынды футболшылардан өту талай құраманың шабуылшыларына ауыр соғары анық. Керек кезде бұл қорғаушылар гол соғып та белсене алады. Оны көріп те жүрміз. Орталық шептегі футболшылар да ала допты ұршықша иіріп жүрген жасыл алаң белсенділері. Олар: Фернандиньо, Эрнанес, Луиз Густаво, Оскар, Паулиньо, Рамирес, Виллиан. Ағылшын премьер-лигасында тер төгіп жүрген жартылай қорғаушылар Сколари мен командасына көп көмегін беруі тиіс. Шабуыл шебінде өнер көрсететін Бернард, Фред, Халк, Жо, Неймар сынды шабуылшылардың белсенуіне жол ашатын болады. Ал шабуылда негізгі құрамда Халк, Неймар мен Фред шығуы бек мүмкін. Бернард пен Жо қосалқы құрамда қалып, көбіне екінші таймда алаңға шығып тұрмақ. Ойын жүйесі 4-2-3-1 болады. Ал бұл жүйеге бас бапкер Роналдинью мен Каканы қоса алмады.
Жалпы Бразилия құрамасының әлсіз тұсы кем. Тек орталық шабуылшы қызметін атқаратын Фред қана өз ойынын таба білсе болғаны. Ал ол жарақат алып қалатындай болса, құрамаға соққы болары сөзсіз. Букмекерлік орталықтар жарыс қожайындарының топтан шығуына – 1,02 коэфициент, алтыншы рет әлем чемпионы атану мүмкіндігіне – 4 коэфициент ұсынуда.
Хорватия құрамасы
Хорватия әлем чемпионатына төртінші рет жолдама алды. Ең алғаш рет 1998 жылы Францияда өткен додада жарқ еткен құрама болды. Үшінші орынды иеленді. Одан кейін құрама бұл жетістігін қайталай алмады.
«Шақпақ жейделі» команданың басты үміті – жартылай қорғаныстағы Лука Модрич, Иван Ракитич пен Матео Ковачич триосы. Бас бапкер Нико Ковач та осы футболшылар команданы алға сүйрейді деп айтуда. Шабуылда Марио Манджукич пен Эдуарду өнер көрсетеді. Егер мюнхендік «Бавария» шабуылшысы ойынға қатыса алмайтын сәт туа қалса, құраманың шабуылдағы қызметі әлсірері анық. Өйткені, өзге шабуылшылар соңғы кездері сәтті өнер көрсетіп жүрген жоқ. Хорватия құрамасы топта сәтсіз өнер көрсетіп қалуы да ғажап емес. Біріншіден – құраманың ойын жүйесіндегі үш тұсында да бір-бір жетіспеушілік бар. Бірі – орталық қорғаушы, екінші – сол қапталы болса, үшінші – шабуыл шебі. Екіншіден – құрамада тәжірибелі әрі біраз жасқа келген футболшылар өнер көрсеткелі отыр. Бұл тұрғыдан алғанда пайдалы болғанмен, екінші жағынан жастың да рөл ойнайтыны белгілі. Үшіншіден – ауа-райы да әсерін тигізеді. Дегенмен өзге екі құрамамен салыстырғанда топтан шығу мүмкіндігі аз да болса жоғары бағалануда.
Мексика құрамасы
«А» тобындағы Бразилиядан өзге бір плей-офф жолдамасына Мексика мен Хорватия құрамалары таласады деп болжануда. Негізінен екі құрама да терезесі тең қарсыластар. Бірақ, Мексика соңғы жылдары ала-құла нәтижелермен өнер көрсетуде. Ірі додаларда көп өнер көрсеткен футболшылары болмаса да, топ жаруға талпынатын ойыншылары баршылық. Әлем чемпионатындағы ең үздік нәтижесі - екі рет ширек финалға дейін жеткені. Десе де, іріктеу кезеңін бұл құрама да Хорватия секілді өткізді. Қосымша жолдаманы Жаңа Зеландия футболшыларымен ойнап иеленді. Ал бас бапкері Мигель Эррера командасын 2012 жылы Лондонда өткен Олимпиадада топ жарған футболшылардан жасақтапты. Жалпы бұл бапкер қорғаныстан гөрі командасы шабуылда ойнағанды ұнатады. Негізінен 5-3-2 ойын жүйесін ұстанады.
Мексика құрамасының топтан шығу мүмкіндігі бар. Ол үшін алғашқы Камерунға қарсы кездесуде команда жеңіске жетіп, рух жинауы тиіс. Егер алғашқы ойында есе жіберіп жатса, өз жағдайларын қиындатып алмақ. Жақында Эквадормен өткен ойында негізгі құрам ойыншыларының бірі – Луис Монтес жарақат алды. Жартылай қорғаушы үшін әлем чемпионаты аяқталды. Құраманың басты жұлдыздарының бірі – Чичарито. «Қызыл сойқандар» сапында өнер көрсететін шабуылшы мергендігімен танылуға үмітті. Көп футболшылар өз елінің біріншілігінде өнер көрсетеді. Еуропа алаңдарында доп тебу үшін өздерін көрсететін сәт туып отырғанын футболшылар айқын сезінері анық. Десе де жанкүйерлер күтпеген сый жасайды деп күту бұл құрамаға ертерек секілді. Соңғы өткізген жолдастық кездесулері де ойындарындағы тың серпілісті аса байқата қойған жоқ.
Камерун құрамасы
Африка құрлығынан келіп отырған құраманың ойынын «жұмбақ» ретінде бағалауға болады. Өйткені, Фолкер Финке шәкірттерінен көп дүние күтуге болады. Кеше Германиямен тең ойнады. Бұл құрамаға да алғашқы кездесудегі ұпай маңызды. Мексикадан ұпай еншілеп жатса, кейінгі ойындарда да белсенері сөзсіз. Бас бапкер 4-3-3 ойын жүйесімен жанкүйерлерге таныс. Топтық кезеңде де осы жүйені ұстанады деп күтілуде.
Камерун құрамасының әлем чемпионатындағы үздік көрсеткіші 1990 жылы орын алған. Өз тобында бірінші орын алып, ширек финалға дейін жетті. Ал одан кейінгі додаларда (1998 ж, 2002 ж, 2010 ж) топтық кезеңнен аса алмады.
Құраманың үміт артып отырған тұсы – шабуыл шебі. Бар сенім құрама капитаны – Самуэль Это’О-ға артылуда. Оған Венсан Абубакир көмектеседі. Сонымен қатар, Эрик Максим Шупо-Мотингтің де сәтті өнер көрсетіп жүргенін айта кеткен жөн.
Камерун – «А» тобының аутсайдері. Егер топтан шығып жатса, кішігірім бір сенсацияны еншілеріне жазары анық.
1/8 финалда «А» тобынан бірінші орын алған құрама «В» тобының екінші орын алған құрамасымен, керісінше «В» тобының көшін бастаған құрамамен «А» тобынан екінші орын алған құрама кездеседі. «В» тобында Нидерланды, Испания, Чили және Австралия құрамалары бар. Екі топ үздіктерінің тартысы қызықты болмақ.
Естеріңізге сала кетсек, әлем чемпионаты 12 маусым күні Бразилия – Хорватия кездесуімен өз байрағын көтеретін болады.
«А» тобының ойын кестесі:
13 маусым
02:00. Бразилия — Хорватия
22:00. Мексика — Камерун
17 маусым
01:00 Бразилия — Мексика
19 маусым
04:00 Камерун — Хорватия
24 маусым
02:00 Камерун — Бразилия
02:00 Хорватия — Мексика
Ойындар Астана уақытымен көрсетілді
Автор: Өмірбек Сансызбай
Сурет: footballtop.ru, sports.ru, goal.net.ua
ӘЧ-2014. «В» тобынан қай құрамалар шығады?