Әлемдегі жылдық табысы ең жоғары футболшылар

Әлемдегі жылдық табысы ең жоғары футболшылар

Әлемде ең көп табыс табатын мамандық иелерінің қатарына футболшылар да жатады. Бүгін біз сіздердің назарларыңызға футбол әлемінде жылдық табысы ең жоғары ала допты ұршықша иірген 10 футболшының тізімін ұсынамыз.

10. Дидье Дрогба ("Галатасарай", Түркия)


Кот’д Ивуар құрамасының футболшысы жылына 7,75 миллион еуро табысқа кенеледі екен. Қазіргі таңда «Галатасарай» намысын қорғап жүрген ойыншы ондықты түйіндеп тұр.

9. Уэйн Руни ("Манчестер Юнайтед", Англия)


«Қызыл сойқандар» шабуылшысының да жылдық табысы төмен емес. Салық пен өзге шығындарды есептегеннің өзінде ағылшындық футболшының қалтасы жылына 7,94 миллион еуроға қалыңдайды екен.

7-8. Хави және Иньеста ("Барселона", Испания)


Каталондық «Барселонаны» алға сүйреп жүрген Хави мен Андреас Иньестаның жылдық табысы бірдей екен. Олар жылына 8,09 миллион еуро табыс табады.

6. Гарет Бэйл ("Реал", Испания)


Мадридтік «Реалдың» валийлік футболшысы Гарет Бэйл жылына 9,47 миллион еуро табыс табады. Соңғы ойындарында сәтті ойнап жүрген жартылай қорғаушы жанкүйерлерінің сенімін ақтауда.

5. Лионель Месси ("Барселона", Испания)


Аргентиналық футболшы әлемде ең көп табыс табатын футболшылардың көшін бастағысы келеді. Бұл ниетін каталондық клуб қанағаттандырып-ақ келеді. Десе де Испанияда салықтың жоғары екенін ескеретін болсақ, футболшы жылына 10,6 миллион еуро қаржыны ғана қалтасына басады.

4. Тиагу Силва ("ПСЖ", Франция)


Париждік команданың қорғаушысының жылдық табысы 12,1 миллион еуроны құрайды. Ол бұл қаржы көлемі бойынша әлемдегі ең көп табыс табатын футболшылардың төртінші сатысынан көрініп отыр.

3. Радамель Фалькао ("Монако", Франция)


Ергежейлі мемлекет - Монакода салық мөлшерлемесі нөл пайыз болса, қасындағы Францияда – 75 пайыз. Бұл жылына миллион еуродан асатын табысқа қатысты. Сондықтан, бұл елдің миллионерлері Монакода тұруға асығады.  Ал колумбиялық футболшы жылына 14,1 миллион еуроны толықтай еш шашаусыз иеленеді.

2. Криштиану Роналду ("Реал", Испания)


Португалдық футболшыға «корольдік клубтан» жылына 14,4 миллион еуро «таза» қаржы қалтасына түседі екен.

   1. Златан Ибрагимович ("ПСЖ", Франция)


Швециялық футболшы Франциядағы салықтың мөлшері 75% екеніне қарамастан, жылына 14,7 миллион еуро табыс табады екен. Осылайша қазіргі таңда жылдық табысы ең жоғары футболшылардың көшін бастап тұр.

Ал біздің ел де ше? Мұның барлығы құпия. Барлығын тек ұзынқұлақтан естиміз. Клуб басшылығына немесе футболшыға жалақы жайлы сұрақ қойылса, «бұл жағы құпия» дей салады. 25 сәуір күні УЕФА құрамына енгеніне 12 жыл толған Қазақстан құрамасының әлі де ауыз толтырып айтатын жетістігі аздау. Бәлкім, бұл аз уақыт шығар...

Десе де премьер-лига ойындарының дәрежесі көтеріліп келеді. Шетелден келетін легионерлер саны мен сапасы да артуда. Ал оларға төленетін қаржы да қомақты болмақ. Осы маусымның өзінде Маркос Пизелли, Ренан Брессан, Атанас Курдов, Савио Нсереко, Майкл Одибе және Данило Неко сынды қымбат футболшылар ел клубтарының қатарын толықтырды. Бұлардың да жалақысы белгісіз. Бір ақпараттарда «Ақтөбе» құрамына келмекші болған Артем Милевскийдің айына 50 мың АҚШ долларын алатын болғаны жайлы естідік. Жақында «Қайрат» бапкері Владимир Вайсттың да аталған көлемдегідей айлық берілсе, қазақcтандық талантты футболшыларды тәрбиелеп шығаратыны жайлы құлаққағыс етіпті. Бәлкім, рас та шығар. Қазіргі таңда алматылық ұжым құрамында Бауыржан Исламхан, Аслан Дарабаев, Шерхан Бауыржан және Ермек Қуантаев сынды жас талантты футболшылар өнер көрсетуде. Бұл да бір қуантарлық жайт.

Қазіргі таңда ФИФА рейтингіcінің 118-ші сатысында тұрған ұлттық құрама көрсеткіші алдағы уақытта жоғарылайды деген сенімдеміз. Ал ала доп шеберлерінің жалақысы туралы әңгіме қозғау әлі бізге ертелеу секілді. 

Дайындаған: Өмірбек Сансызбай

Сурет: football.sport-express.ru, ffk.kz

О. Сансызбай